«Папа» мен «мама» сөздері жайлы

Бұл екі сөз де қазақ тіліне жат болған. Бірақ бірнеше ондаған жылдан бері қазақ тілінің ең көп қолданылатын сөздерінің қатарында келеді. Көп адам екеуін де орыстың сөзі деп, қазақылыққа жат сөздерге жатқызады. Тіпті, әкесін «папа» деп атайтындарды жетесіздер, арсыздар қатарына жатқызатындар да бар. Қоғам болған соң әртүрлі пікірдегі адамдардың болатыны табиғи заңдылық қой. 

jessica pahnke design
jessica pahnke design

«Папа» мен «мама» сөздері ешқандай да орыстың немесе басқа да славян халықтарының төл сөздері емес. «Папа» сөзі көнедегі гректің «papas» сөзі мен латынның «papa» сөздерінен шыққан. Католиктік шіркеуде дін қызметкерлерінің ең лауазымды, ең жоғары қызметкеріне «Папа» деген атау берген. Мысалы, Рим Папасы Бенедикт VIII деген сияқты. Християн дініндегі католиктік шіркеудің «папа» сөзі осы дін таралған аймақтардың бәріне тарады. Орыстар християн дінінің басқа тармағын ұстанса да «папа» сөзін қабылдады. Сөйтіп орыстар арқылы қазақ еліне де жетті.

«Папа» сөзі — орыстардың сөзі» деуге болмайды. Өйткені ол сөздің орыстар арқылы жеткені болмаса, түп тамыры латын тілінде жатыр. Орыстардан басқа әлемнің қаншама ұлты әкені «папа» деп атайды. Мама сөзі де солай: әлемнің көптеген ұлттары ананы «мама» деп атайды. Бірақ «мама» сөзінің мағынасы ертедегі шіркеулерге қатысты емес.

Мама — латынша «mamma (мағынасы: әйелдің емшегі)» сөзінен шыққан. Баласын емізетін әйелді, яғни ананы «мама» деп атау ертедегі латын тілінен шыққан деуге толық негіз бар.

Барлық тілде дерлік баламасы бар

Байқасақ, аты белігіл, бір-екі ауыз сөзі таныс тілдердің барлығында дерлік «папа» мен «мама» сөздеріне балама боларлық арнайы сөздер бар. Ондай сөздер қазақ тілінде де бар: әке, ата, ана, шеше. Егер әкесін «папа», анасын «мама» дейтін қазақтарды шектен шыққан адамдарша жетесіздер мен арсыздар қатарына жатқызсақ, онда елдегі үш адам екеуі немесе төрт адамның үшеуі жетесіз болып шығады. Әрине, олай деу тым артық кеткендік болады. Керсінше, ілік іздеп, әрбір сөздің мыңдаған жылдар бұрынғы астарына үңілу жетесіздікке ұқсайды емес пе?! Оның үстіне, көне мағынасы қазақтың тіліне де діліне де жат қаншама сөз бар. Ол аз десеңіз, «папа» дейтін баланы кінәлап, солай айтуына жауапты ата-анасын кінәләмайтындар бар. Бесіктен белі шықпаған баланың тілі мен тәрбиесіне жауаптылар — ата-анасы.

Иә, қазақ баласының тілі қазақша шығып, әкесін «әке» деп, анасын «ана» деп атағанына не жетсін, шіркін. Қазір «папа» мен «мама» сөзіне құлағымыз үйреніп, ол сөздерді санамыздың сіңіріп алғаны соншалықты, «әке» мен «ана (анашым)» дейтін балалардың сөзін естігенде жалт қараймыз. Неге? Өйткені қазақтың кейбір төл сөздері қазақтарға жат болып қалған, күнделікті тіршілікте қазақтың төл сөздерін қолданатындар өте аз. Ондай сөздер әдеби шығармалар мен БАҚ-та ғана қолданылатын күйге жеткен.

Ұқсас мақалалар

Бала тәрбиесі жатырда басталады

Тсс! Жаман сөз айтпа…

Балаңыз өтірік айта бастаса…

Балаңыздың алдында айтылмайтын әңгімелер

Баланы неге ұруға болмайды?

ХХI ғасырдағы бала тәрбиесі

Яндекс.Метрика