Балаңыз жаман сөз айтады ма?

Былапыт сөз адам тілімен қатар пайда болған жоқ. Жүре туындаған. Қазіргі кезде екі сөзінің басына жағымсыз сөзді қосып сөйлемейтіндердің қатары кем де кем. Ішкі эмоциясын сыртқа шығарудың бір формасы ретінде қабылдайды. Психологтар оны сыртқы қауіптен өзін қорғаудың әлсіз амалы ретінде қарастырады. Ал, балалар тіліндегі «артық» сөздер басқа мәселе. Соған тоқталайық.
Тсс! Жаман сөз айтпа...Тыныш, Тихо с пальцем, дети

2-5 жас аралығындағы бала былапыт сөз қолданса, оған қоршаған ортасы кінәлі. Ата-анасының, балабақшадағы, ауладағы достарының аузынан естігенін жадына түйіп алады. Өз аузынан шығып жатқан сөздің мағынасын түсінбеуі де мүмкін. Бірақ, үлкендерге қарап еліктеу – бала біткеннің табиғатына тән болғандықтан, әрбір қимылды, сөзді қалт жібермей отырады.

5-7 жас арасында жаман мен жақсыны біршама айыра алатындықтан, боғауыз сөзді өзгелерге қырсыға, қасақана айтуы мүмкін. Осылайша, ішкі эмоциясын сыртқа шығарады. Бұл жаста балалардың арасында көпшіліктің ортасында (қонақта, саябақта) ұялтатын кезі жиі кездеседі. Үйде сіздің ашуланып, жазалайтындығыңызды, ал көпшіліктің ортасында еш әрекет жасай алмайтындығыңызды білгендіктен ішіндегі жақындарына деген өкпе-ренішін өзгелердің ортасында шығарады.

7-9 жастағы балалар өз сөзіне өзі жауап бере алады. Қай ортада, қай адамдарға қалай сөйлеу керектігін түсіне бастайды. Былапыт сөзді осы жас аралығында айтса, оған тікелей ата-ана кінәлі. Бұл отбасының лексиконында әрдайым қолданылады дегенді білдіреді. Я болмаса, дер кезінде тоқтам салынбаған.

9-12 жас. Өз ортасынан ерекшеленуді, даралануды, көшбастаушы болуды көздейді. Жоғары сынып оқушыларына еліктеп, олардың жаргон сөздерін қабылдайды. Былапыт сөз айту – ер жігітке (кейде қыз балаларының аузынан да осындай сөздерді естіп жатамыз) тән деп есептейді. Ересектік өмірге қадам басу ретінде қабылдайтындары да жоқ емес. Бейпіл сөзді көп айту арқылы құрбыларының беделіне ие болуды көздейді.

12 жастан жоғарылардың бойында «мен-мендік» болады. Өзін ересек адам ретінде қабылдайтындықтан, барлық іс-әрекеттерді дұрыс деп қабылдайды. Дер кезінде ересектер тарапынан тоқтам болмағандықтан, қисық жолмен кетеді. Ауызекі сөйлеу тіліне еніп, дағдыланып кеткені соншалық, тіл қорынан былапыт сөздерді алып тастау оңайға түсе бермейді.

Не істеу қажет?

– Адам өз бойындағы эмоциясын шығара білу қажет. Әркім оны әрқалай жүзеге асырады. Баланың да жаман сөздерге әуестене бастауы да, қалыпты жағдай. Ол да ішкі сезімін сыртқа осылай шығарады. Тек, одан басқа да ішкі сезімді білдірудің амалдарының бар екендігін түсіндіріп айту қажет.

– Отбасында, өзге де ортада балаңыздың көзінше былапыт сөздің айтылуына жол бермеңіз. Бала санасы енді ғана қалыптасып келе жатқандықтан, барлық ақпаратты тез қабылдап, жадында сақтап қалады.

– Бала аузынан осы сөздерді естіген жағдайда асықпай сөйлесіңіз. Мүмкін ол мән-мағынасын мүлде білмесе де, айта салған болар. Мүмкін, өзге де адамдар әдейі үйреткен шығар. Анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, «тәрбиеге» сала жөнелмеңің. Жай ғана түсіндірсеңіз де жеткілікті.

– Өзі түсіндіріп беруді өтінсе, адамдардың өзгені ренжіту үшін, жаман сөздермен қорлауға тырысатындығын егжей-тегжейлі айту қажет. Ал, «анасының сүйкімді балапаны ешкімді де ешқашан ренжітпейді емес пе?» деп еркелетсеңіз, өзге жаман ойлардың сол сәтте-ақ жадынан шығып кететінін ұмытпаңыз.

– Балаңыздың достарын сөкпеңіз. Тек қана сырттай бақылағанда олардың бұл қылығы тым сүйкімсіз, жағымсыз екендігін дәлелдеп беріңіз. Өйткені, сырттағы ортаның ықпалы ата-ана тәрбиесінен күштірек болады. Осы кезге дейін «мінсіз» болған жолдастары туралы жағымсыз әңгіме оны, керісінше, сізден алыстатады.

– Әдеби кітапқа деген махаббатын ояту. Оның дәл қазіргі уақытта орындату қиын екендігі түсінікті. Дегенмен, бала кезінен ертегі кітаптарын оқып-үйренген бала, тағлымы мол шығармаларды оқудан бас тарта қоймас.
Фото: skazkadou.ucoz.ru

Ұқсас мақалалар

Бала тәрбиесі жатырда басталады

«Папа» мен «мама» сөздері жайлы

Балаңыз өтірік айта бастаса…

Балаңыздың алдында айтылмайтын әңгімелер

Comments 1

  • салеметсиз бе!? мен жуктилик кезинде жериктик жайлы сауал кояын деп едим бирак коментарияны оширип койыпсыз сол себепти осында жаздым (ренжимессиз) мен казир жуктиликтин 7 айындамын мен коп болмады 3 аптадай болды катты кесек жегим келип кесек жедим естуимше ол анемияга акелип согады ол балага зиян ба оны жемесем баска ештемеге карай алмай кесекти катты издеп турам иа ишим катып калатын кездерде болды. алдынала жауабынызга рахмет!!!

Яндекс.Метрика