Жүктіліктің екінші триместрі

Бұл кезең жүктіліктің 4-6 айлары аралығын қамтиды. Екінші триместрдің соңында сіздің сәбиіңіздің бойы 30 см дейін өсіп, салмағы шамамен 700 граммды құрайды, сәбидің жынысын нақты анықтауға болады. Бұл триместрді ананысың жатырында жатып, қылық шығаратындардың өздеріне назар аудартатын уақыты деуге болады. Өйткені осы триместрде жатырдағы болашақ сәби қимылдайды, аяқтарымен тебеді.

Алғашқы триместрге қарағанда, бұл триместрде болашақ аналар өздерін айтарлықтай жақсы сезінеді, алдыңғы мазалаған жайсыздықтардың барлығы тоқтайды. Жүкті әйел 4-6 кг салмақ қосып, сәбиінің қимылын анық сезіне алады. Бірінші рет жүкті болған аналар баласының қимылын 1-2 апта кешірек сезінуі мүмкін. Себебі сәбидің қимылы жай әрі нәзік болады. Анасы баласының қимылдап жатқанын баста түсінбеуі де мүмкін. Ал алдында жүкті болған аналар қимылды ертерек сезінеді. Себебі олар ішіндегі сәбиі қимылдағанда қандай сезім болатынын біледі.

Бұл кезеңде болашақ анаға күннің астында көп жүрмеген дұрыс (егер жаз мезгілі болса). Себебі бетте дақтар пайда болады. Бұл дақтарды кейін кетіру қиынға соғады. Ал ол болашақ ананың эмоциялық жағдайына әсер етуі мүмкін. Егер теріңіз сезімтал болса, күннің әсеріне қарсы арнайы кремдерді (Күннен қорғау факторы — SPF) SPF 50 немесе SPF 50+ қолданыңыз. Сонымен қатар сіздің сәбиіңіз жылдам өсіп келеді, сол себепті ішіңіздің терісі қатты созылады, кейде қызыл сызықты дақтар пайда болады. Бұл сіздің ішіңіздің терісі ыдырай бастағанын білдіреді. Босанғаннан кейін тыртықтарға айналуы мүмкін. Сол себепті, дәріханалардан немесе жеке дәрігеріңізден сұрап, арнайы терінің созылмалылығын жақсартатын жақпа майларды пайдаланыңыз. Бұндай тері ыдыраулары сонымен қатар санда да болады.

Іштегі баланың азықтануы жақсы болуы үшін, сіздің жүрегіңіздің қызметі бұрынғысынан 40%-ға дейін күшейеді. Қан айналымының күшеюі майда қантамырларға (қылтамырлар), тіс еті мен мұрындағы қылтамырларға салмақ түсіруі мүмкін. Ондай кезде мұрныңыз қанайды.

Төрт айлық шарана, төрт айлық ұрық, тқрт айлық сәби жатырда
Төрт айлық шарана (сурет: babiesonline.com)

Төртінші айда баланың бұлшықеттері, буындары қалыптасады. Ол енді бұрынғысынан да белсенді қимылдайды. Сондықтан, анасы да оның алғашқы тебісін байқауы мүмкін. Енді баланың басына қарағанда, денесі жылдам дамып, өсе бастайды. Қолы мен аяқтарынының саусақтары толығымен дамып, тіпті олардың тек өзіне ғана тән суреті пайда болады (мысалы: бармақ таңбасы бар бейнесі). Баланың терісі әлі тым жұқа, оның әлі май талшықтары да жоқ, сол себепті терісі қызыл болады. Дегенмен, бала өзінің саусағын сора алады.

Бесінші ай. Бұл айдың басында оның бойы 15см құрайды. Қимылы бұрынғыдай емес, алғашқы тебулері байқалады. Ішіндегі шарананың белсенді қозғалысын анасы сезіне алады. Нәрестенің бүйрегі, май бездері жұмыс істей бастайды. Оның денесін майда түк пен қою майлы сұйықтық қорғап тұрады. Бұл түктер босануға жақындаған өздігінен түсіп кетеді, алайда кейде жаңа туылған сәбидің құлақтарының айналасында осы түктер қалып қоюы мүмкін.

Бесінші айда шарананың басына шаш өседі және ақшыл түсті қасы мен кірпігі пайда болады. Шарана бойының ұзындығы қазір, бесінші айдың соңында, шамамен 20 см болып қалды.

Алтыншы ай. Оның денесі тым арық, алайда қимылы белсенді. Ол үнемі қозғала бермейді, кейде, анасы ояу жүрген шақта, ол ұйықтап жатуы мүмкін. Жатырдағы болашақ нәресте ықылық атады, тіпті жөтелуі де мүмкін. Ол сыртқы дауыстарды естиді, тіпті қатты дауыстардан селк ете түсуі де мүмкін. Сол себепті сәбиіңізбен қазірден бастап сөйлесіп, өлең айтып, еркелетуіңізге болады, ұрыс-жанжалдардан сақ болыңыз.

Ол көзін сығырайтып, шекесін тыжырайту секілді қимылдарды жасай алады. Ішкі ағзаларының барлығы да қалыптасқан. Алтынша айдың соңында шарананың бойы 30 см жуық болады.

Екінші триместрде болашақ анаға не қажет?
Сәбидің дамуына байланысты ананың ағзасында бірқатар өзгерістер болады. Осыған орай, бүйрегі ауыратын немесе жүрек-қантамыр жүйесінде сырқаттары байқалған әйелдердің өз денсаулығына баса назар аударуына тура келеді. Өйткені жүктілік кезінде дәл осы аурулар өршиді.

Бұл кезеңде

  • С дәруменіне қажеттілік 2-3 есе артады. Қырыққабатты және аллергияңыз болмаса, цитрустік жемістерді көбірек жегеніңіз жөн;
  • Сәбидің қан жасушалары мен жүйке жүйесінің дұрыс қалыптасуы үшін фолий қышқылын пайдалану керек. Ол болашақ ана денсаулығы үшін де өте пайдалы;
  • Сәбидің сүйектері мен тістеріне кальций, фосфор және D дәрумені керек. Ол үшін балық, ірімшік және сүт тағамдарын тұтыну керексіз;
  • Темір элементі қаназдықтан сақтайды. Ол қарақұмық, бұршақ тағамдарында көп болады. Осы тағамдарды көбірек пайдалануға тырысыңыз.
  • Термиялық өңдеуден өтпеген, жаңа піскен жеміс-жидектерді жиі жеу керек. Жер алдын оларды дұрыстап жууды ұмытпаңыз;
  • Бойыңызда ісік болмауы үшін тұздалған және кептірілген тағамдардан бас тартқаныңыз жөн. Ісіну – сіздің қимылыңызға ғана зиянын тигізбейді, сонымен қатар, баланың тамақтануына (қоректенуі) да кері әсерін тигізеді.

Іш қатуын (запор) болдырмау үшін
Жүктіліктің бұл кезеңінде көптеген әйелдердің іштері қатады. Жүкті әйел тәулігіне 1-2 рет үлкен дәретке барып тұруы керек. Іштің қатуы ана мен бала денсаулығына өте зиян. Алайда, прогрестерон гормонының ықпалынан көптеген жүкті әйелдердің іштері қатады. Бұл – ағзаны уландырады, қанға ішектерден улы заттар енеді, улы заттар баланың жолдасы (плацента, қағанақ) арқылы іштегі балаға да барады. Іш қатуының көптеген себептері бар: гормондардың өзгеруі, ішектерге салмақ түсіп, олардың басылуы және гиподинамия. Бұларды болдырмау үшін, алдымен тамақтануыңызға көңіл аударыңыз. Таңертең аш қарынға бір қасық бал қосылған бір шынаяқ салқын су ішкен дұрыс. Көкөністер мен жеміс-жидектер жеңіз: қызылша, апельсин, қарбыз, шие, қауын, қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, алхоры, қара өрік және алма.

Ұқсас мақалалар

Жүктілік және оның кезеңдері

Жүктіліктің бірінші триместрі

Жүктіліктің үшінші триместрі

Жүктілік физиологиясы

Жүктілік күнтізбесі (қысқаша)

Бойға баланың бітуі қалай жүреді?

Жүктілік кезіндегі шаш пен тері

Comments 3

Яндекс.Метрика