Балаңыздың мінезі тұйық болса не істеуге болады?

Замкнутый ребенок, Мінезі тұйық бала, Мінезі тұйық бала суреті, Мінезі тұйық бала фотосыБала мінезінің тұйық болуының себептері өте көп. Біріншіден, баланың психологиялық ерекшелігіне, жан дүниесінің нәзіктігіне, ішкі әлемінің тереңдігіне, физикалық кемістігіне байланысты болуы мүмкін. Мұндай бала жалғыздықты қалайды, ол жалғыз өзі ғана істейтін жұмыстарды орындайды. Мұндай жағдайда ата-аналары баласына аса сақ және сергек болуы керек. Сондықтан «оған бірдеңе болды, бір жері ауырып жүр» деп қауіптенбеңіз. «Тәрбиелеймін» деп, оның нәзік әлеміне қол сұғып, дамуына зиян келтіруіңіз мүмкін.

Баланың тұйық мінезі бір жұмыстан қалжырағанына, әлсіздігіне, сырқатына, жақын досымен ренжісіп қалуына, арадағы түсініспеушілікке байланысты болса, бұл – басқа жағдай. Мұндайда ата-аналар бала көңіл күйінің кенеттен не себепті өзгергенін баламен сөйлесіп анықтап алуы қажет, егер қолыңыздан келсе, бұл кезеңнің ешбір ауыртпалықсыз, қайғырусыз өтіп кетуіне көмектесіңіз.

Отбасында жалғыз тәрбиеленген бала көбінесе тұйық мінезді болады. Үнемі жалғыз өзі ойнайды, ешкіммен араласпайды. Ата-анасының да туысқандарымен тек телефон арқылы ғана хал-жағдай сұрасқанын, арада тығыз, жақын байланыстың жоғын көрген бала болашақта өздігінен айналасындағылармен қарым-қатынас орнатуға талпынбайтын болады.
Мүмкін, баланың мұндай мінезінің қалыптасуына ата-ана, сіз себеп болған шығарсыз. Балаңызға жеткілікті көңіл бөлесіз бе? Жұмысыңыз көп, балаңызбен бірге ойнауға, жай ғана әңгімелесуге, тіпті оның сізге айтқысы келген әңгімесін тыңдауға уақытыңыз жоқ шығар. Әлде серуендеп жүргенде балаңыз жерден бір әдемі тас тауып алып немесе құрастырмалардан бір машина жасап, пластилиннен аңның бейнесін сомдап, соны сізге көрсетуге асығып, қуанып, көзі жайнап жүгіріп келгенде, сіз оны жақтырмай, қабағыңызды шытып, бұзып, лақтырып, тіпті теледидар көріп отырған сіздің көңіліңізді бұзғаны үшін айқайлап жіберген кезіңіз болған шығар.

Тұйық мінез, Тұйық мінезді балаӘдетте, отбасы мүшелерінің біреуі үнемі оның бір әрекетін немесе қиялынан шығарған (балаларға тән қылық қой) әңгімелерін жақтырмай, күлкі етіп, балаға үнемі бәрін дұрыс емес істейтіндігін айтып (өте қатты (жай) сөйлейсің, өте жылдам (асықпай) қимылдайсың, олай жүрмейсің, былай отырмайсың…), бетіне басады. Балаға бұл қатты әсер етіп, бойында тұйық мінез қалыптасады.

Балаңыздың тұйық мінезінің себебін нақты анықтау үшін кішігірім психологиялық тест жүргізіп көріңіз. Оған өз отбасының суретін салуды ұсыныңыз. Одан соң суретті мұқият қараңыз. Бір қарағанда, ешбір мағынасы жоқ бейнелерді көруіңіз мүмкін. Бірақ зер салып қарасаңыз, төмендегідей нәтиже аласыз, ең алдымен, бала өзін қалай бейнелегенін байқаңыз:

  • егер ол өзін басқалардан ірі етіп салса, ол өте ерке, айналасындағылардың өзіне ерекше көңіл бөлгенін қалайды;
  • егер керісінше, өзінің бейнесі кішкентай етіп салынса, демек, бала өзін отбасында қажетсізбін, артықпын деп есептейді;
  • егер бала өзін отбасы мүшелерінің ортасында бейнелесе, ол өзін маңыздымын деп сезінеді, мұндай бала айналасындағылардың өзіне жоғары тұлға деп қарайтынына үйренген. Ал егер анасынан, әкесінен, басқа да жақындарынан алшақ тұрса, оған өте аз көңіл бөлінеді, ол өзін жалғызбын деп ойлайды;
  • отбасы мүшелерінің бейнесін үлкен не кіші етіп салуының себебі – арадағы үйлесімді байланыстың бұзылғандығы туралы хабар береді. Кішкентай бейнелер олардың болар-болмас рөлін бейнелесе, үлкені – маңызды екендігін көрсетеді;
  • егер бейнелердің бәрі бірдей ірі болса, онда отбасы мүшелері бір-бірін құрметтейді, әркімнің өзіндік орны, ойы, көзқарасы, пікірі бар;
  • өте майда бейнелер баланың жан дүниесінің жайсыздығын көрсетеді, сондықтан оған назар салыңыз: ол өзін жақсы сезіне ме, қалжырап жүрген жоқ па, депрессияға бейімі бар-жоғы, біреуге ренжіп жүр ме, бірдеңеге көңілі толмай жүр ме?
  • егер бала өзін отбасы мүшелерінің арасында бейнелесе, ол жақындарымен араласуға талпынады. Бәрін бір-бірінің қолынан ұстап тұрғандай етіп бейнелесе, керемет, — бұл отбасында бәрі бір-бірімен достық қарым-қатынаста, бір-бірін жақсы көреді, сыйлайды;
  • егер бала жақындарын әр жерге орналастырса, бұл – ойланатын жағдай. Әркім өзімен-өзі өмір сүріп жатқан жоқ па, бір-біріңізге уақыт бөлесіздер ме, араласасыздар ма?
  • егер бала отбасы мүшелерінің орнына ешкім көрінбейтін үйді салса, жақындарымен араласу оған қуаныш сыйламайды, қажет еткен нәрсесін бермейді, өзіне дұшпан деп ойлайды;
  • егер суретте отбасы мүшелерінің жанында баланың сүйікті ойыншығы, иті, мысығы бейнеленсе, бала жылылыққа зәру, ол жылылықты сүйікті ойыншықтарынан алады;
  • егер бала өзін ойыншықтардың арасында, теледидар, компьютердің жанында бейнелесе, ол отбасы мүшелерімен емес, тек осы заттармен ғана «араласқанды» қалайды;
  • сурет салған кезде қарындашқа қатты күш түсірсе, бұл – баланың мазасыздығын көрсетеді. Ал әлсіз сызықтар бойындағы айналасына деген сенімсіздікті аңғартады;
  • бала сурет саларда көңіл күйі қандай болғанын байқаңыз. Қызығушылықпен салса, өз отбасын жақсы көреді, өзін жайлы сезінеді; тек біраз жалынған соң ғана кіріссе, отбасы мүшелерінің тарапынан балаға қажетті көңіл бөлінбейді, ешқандай жылылықты, махаббатты, сүйіспеншілікті сезінбейді;

Мынандай да тест жүргізуге болады: өзіңіз ақ параққа бөлменің суретін салыңыз. Онда барлық отбасы мүшелерін орналастырыңыз, тек балаңыздың бейнесін салмаңыз. Содан соң оған өзін осы бөлмеде орналастыруын ұсыныңыз. Егер ол отбасы мүшелерінің орнын ауыстырғысы келсе, қарсы болмаңыз, оған ерік беріңіз, қалағанын істесін. Бұдан шығатын қорытынды төмендегідей болады:

  • егер бала сөзсіз анасының жанындағы орынды таңдаса, онда әкесінің баласымен арадағы қарым-қатынасы туралы ойлану қажет;
  • егер бала әкесі мен анасының ортасына отырғысы келсе, екеуіңізді бірдей жақсы көреді;
  • егер бала бөлек, бұрыштағы орындыққа отырса, отбасында өзін жалғыз, көңілсіз, жайсыз сезінеді. Өз тарапыңыздан балаға махаббатыңыз бен мейіріміңізді аямаңыз.

Сіздің жүргізген сынағыңыздың нәтижесі қуантарлықтай болмаса, баланың тұйық мінезі отбасындағы үйлесімсіздіктің салдарынан болса, сіздің жеткілікті көңіл бөлмегендігіңізден болса, онда бұл күрделі жағдайды тез арада түзету үшін, себебін анықтау үшін бірігіп жұмыс істеп көрейік.

Жалғасы:
Баланының мінезі қалай тұйық болады?
Тұйық мінезді балаларға арналған жаттығулар
Фотолар mama.ua сайтынан алынды

Ұқсас мақалалар

Бала неге өтірік айтады?

Баланың өтірігінің алдын алуға бола ма?

Баланы балабақшаға жіберу қажет пе?

Баланы неге ұруға болмайды?

3 thoughts on “Балаңыздың мінезі тұйық болса не істеуге болады?

  1. Өте керемет қалай жүктеп алсам болады

  2. Өзіме осы материалдарды қалай жүктеп алсам болады?

  3. Саламатсыз ба? материалды алуға бола ма? Және қалай алуға болады?

Comments are closed.