Махаббат пен медицинаның құдіреті: Мерзімінен бұрын туған егіздің анасының жолы

Бүгін біз сөз еткелі отырған тақырып әр ананың жүрек түкпіріндегі сезімдерін қозғайды. Әр ана үшін баланың дүниеге келуі – үлкен үміт пен қуаныштың уақыты. Жүктілігімізді растаған кезден бастап ерекше толқып, балалы болуға дайындықты бастаймыз. Әрине, бұл жүктіліктің тоғыз айға созылатынына да сенеміз. Әйтсе де кейде нәресте біз күткен мерзімнен бұрын дүниеге келеді. Бұған түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Бірақ ешкім тап басып нақты себебін айта алмайды. Мерзімінен бұрын туған балалар – бұл ғажап балалар деуге болады. Оларға ерекше күтім қажет. Кейде органдары дұрыс жетілмей, сыртқы ортаның түрлі қатерлеріне сезімтал келеді, салмағы аз болады. Осындай жағдайдағы сәбиді күтіп, бағып, күндіз-түні жанынан кетпей, ақ сүтін аузына тосатын Аналар – нағыз қаһармандар, бейбіт күннің батырлары екені даусыз. Бүгінгі сұхбатымыздың басты кейіпкері де дәл сондай ерекше жағдаймен ерте дүниеге келген егіздердің анасы Елена Олеговна Полякова. Ол өз тәжірибесіне сүйене отырып шала туған нәрестелер мен оның отбасы қандай қиындықтардан өтетіні жайлы әңгімелеп берді. 

Елена Олеговна бүгінде Қарағанды Мемлекеттік Университетінде қызмет етеді, декан, төрт баланың анасы. Біздің ғажап әңгімеміздің негізгі кейіпкерлері – осы үйдің тұңғыш егіз балалары, бүгінде жастары 17-де. Анасы ұзақ жылдар медицина саласында қызмет істеп, тер төккен. Талай дертіне дәру іздеген жанға көмегі тиген. Бірақ қазіргі таңда науқас қабылдамайды, толықтай басқарушылық ісінде. Және MBA бағдарламасы бойынша біліктілігін жетілдіруде. 

  1. Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ. Егіздерге аяғыңыз ауыр екенін білгенде қандай сезімде болдыңыз? Толқыдыңыз ба, қуандыңыз ба дегендей…

Өзі бір қызық жағдай болды. Алғаш рет тест жасап көргенде «Екі сызық шықты, демек егіз» деп әзілдедім күйеуіме. «Шын ба?» деп таңырқай қарайды ол. Ал мен әлі УДЗ-ға түсіп көрмегендіктен, жай ғана тағдырдың жазуына қалдырып әзілдей салған едім. Арада көп өтпей ұрықтың төменгі жағынан гематома (қанның ұйып қалуы) пайда болған. Оның соңы шамамен үшінші аптада қатты қан кетуге әкеліп соқты. 

Жүктіліктің үшінші аптасы. Әлі есімде, біз дәрігерге жазылып кезек күтіп отырмыз, ал дәрігердің отасы ұзаққа созылды. Қан кету жағдайы күшейе түсті. Клиникадағылар бізді «уақыт жоғалтпаңдар» деп, басқа клиникаға жіберді. Мен жүруден қалдым. Жолдасым әупірімдеп бір клиникаға жеткізді. Қанға малынған түрімді көру қорқынышты еді. Бір сөзбен айтқанда, оңай болмады.

Бірінші кездескен клиникаға кірдік. Бір қызығы, кейін мен дәл сол клиникада көп жыл қызмет еттім. Дәрігер үйіне қайтуға жиналып шығып барады екен. Табалдырықта тоқтаттық. Жағдайымызды көрген соң УДЗ жасауға кірісті. Сөйтті де жай дауыспен «алаңдамаңыздар, екі нәресте де жатырда. Оларды сақтап қалуға мүмкіндік бар. Бірақ тез арада ауруханаға жатуыңыз керек» дегені. Дәрігердің жолдамасын күтіп аң-таң болып мен жатырмын. Жолдасым да «Екеу дедіңіз бе?» деп қайталай сұрады. «Иә, мен екі ұрық көріп тұрмын. Төртінші апта» деп нығыздады. Сол жерден бірден мені ауруханаға алып кетті. Сонда екі апта жаттым. Және үйге шыққан соң тағы екі апта орнымнан тұрмай күтіндім. Жолдасым менің бар қажетімді жеткізіп отырды. 

Бірақ эмоциялық күйім өзіме де қызық болды. Қуаныш пен қорқыныш қатар жүрді десем болады. Жастық болды ма, ол кезде әлі де жауапкершілікті толық түсіне де, сезіне де алмадық. Бәрінен де мақтаныш сезімі басым болды.  Бірақ, бір сәтке болса да «осы егіздерімді түсіріп алуым мүмкін-ау» деген ой кіріп-шыққан емес. Соншалықты үлкен құштарлықпен олармен кездесетін сәтті күттім. Ішкі сенімім мен түйсігім өте мықты болды. Осылай бір ай күтімнен соң барлығы жақсы болып, қайта УДЗ-ға түсуге бардым. «Гематома толықтай кеткен. Енді ешқандай қауіп жоқ» деген сөзді естіп қуана жұмысыма шықтым. 

  1. Ал мерзімінен бұрын босанып қалған кездегі көңіліңіз қалай болды? Қорқыныш болды ма?

Ол уақытта мен университетте сабақ беремін. Жүктілік өз қалпымен өтіп жатыр. Қорқатын ештеңе жоқ. Мені қарап жүрген дәрігерлер де алаңдайтын ешбір себепті байқамады. Тек ішім өте үлкен болды. Босанатын уақытым маусымның басы. Әлі декреттік демалысқа шықпағанмын. 

2007 жылдың сәуір айы. Дәл сол күн киноның кадрларындай әлі күнге есімде. Сайт деген енді қолға алынып жатқан. Сайтқа жариялау үшін суреттер қажет болды. Дәл сол күні университетте фотосессия өтеді деп жоспарланған. Таңғы 7-де үйге бет әрлеуші келді. Мені бояндырып, реттеп болған соң шығарып салдым. Бұл таңғы 8-дердің шамасы. Бөлмеме кіре бергенім сол еді, сау етіп қағанақ суым кетті. Артынша толғақ басталды. Мен сол әдемі болып боянып алған күйімде жедел жәрдем шақырдым. Перзентханаға арналған сөмкем дайын тұрған. Бірінші жүктілігім болған соң «Бала және оның күтімі» жайлы кітап сатып алғанмын, бар қажеттерімді сол бойынша түгендеп қойғаным мұндай оңды болар ма? Анам да, жолдасым да ұйықтап жатқан. Менің суым кетіп тыпырлап жүргенімде ұйқысын ашқан жолдасым: «Не істеп жүрсің?» деп сұрады. Мен «Босанатын сияқтымын» деп жауап бердім. Түнгі ауысымнан шаршап келіп жатқандықтан қайта ұйықтап кетті. Жедел жәрдем келді де, мен перзентханаға кете бардым. Мұның барлығы ойлануға үлгермейтіндей тез болды. 

Ол кезде нақты қандай тәуекел үстінде екенімізге менің миым жетпеді. Эмоцианалдық соққы алғаным сонша, дем шығарып, жағдайды сараптауға шамам келмей қалды. Сол кездегі көзсіз батырлығыма таң қаламын кейін. Әйелдің босану сәті – өмір мен өлімнің арпалысындай ең бір қиын кезең екен ғой. Сол сәтте жаныма ешкімді ертпей перзентханаға бара салғаныма әлі таңмын. 

Және мені қабылдаған акушеркалар да таң қалды. Жаңа ғана жасалған шаш үлгісі және макияжбен кіріп барғанда, «Сіз қайда келгеніңізді білесіз бе?» деген таңданысын жасыра алмады. Перзентханаға кіре сала естіген сөзім тіпті есімнен тандырардай болды. Маған «Анасы, дайындалыңыз, жағдай күрделі, олардың аман қалуы екіталай» деді. Сондағы меңзеп тұрғаны балалардың тым кішкентайлығы болды. Оның орнына «Біз босану залына барамыз, қолдан келгенін жасаймыз, уайымдама» деп менің көңілімді тыныштандыру керек еді. Өкінішке орай ондай жылы сөз ести алмадым. Тек бәріне дайын болуымды ескертіп жатты. 

3.Балалар өмірге келді. Осы тұстағы ақ халатты абзал жандардан өзіңізге, балаларыңызға деген қамқорлық сезе алдыңыз ба? Олардың сіздер үшін рөлі қандай болды?

Шынын айтсам, маған неонатолог Анна Черкасованың кезігуі – тағдырдың тамаша сыйы дер едім. Кесір тілігімен босандым. Балалар туған кезде жыламады және екеуінің арасы екі минуттай болды. Акушерканың «тездету керек» деген сөзіне қарамастан, неонатолог дәрігер «Бәрі жақсы болады, алаңдамаңыз» деп, мен көру үшін 1-2 секундқа балаларды жаныма әкеліп үлгерді. Сосын оларды алып кетті. 

Осыдан кейін балаларға деген ғажап қамқорлықты көріп жаттым. Перзентханада болған бір ай уақытта балаларды медбике қыздар мен неонатолог дәрігердің өзі бір сәтке болса да қараусыз қалдырып кетпеді. Балалар жеке жеке бокс-кувездерде жатты. Бүкіл денесінде түтікшелер, басындағы және қолындағы тамырына катетер тығулы күйі оттегінің астында жатты. Сонымен бірге оттегі жеткізіп тұратын маска болды. Бір мейірбике шығып бара жатса, екіншісін шақырып орнына қалдыратын. 

Мен олардың қасына кіре алмасам да ылғи есігінің алдында не баспалдақтың жанында тұратынмын. Оларды медициналық қызметкерлердің күндіз-түні қарап, бақылап отырғанын көретінмін. Мейірім мен қамқорлықтың озық үлгісі десем болады. Және бұл кезде олар менің Медициналық университетте сабақ беретінімнен хабарсыз екенін атап өтейін. Бұл ешқандай қызметке, мансапқа қарамай, тек адамның өмірі бәрінен қымбат болғандығы үшін жасалған іс-шаралар еді. 

Түрлі анализдерді тапсырып, тағы да басқа тексерістерден өткеннен кейін маған балаларымның жанына кіруге рұқсат берді Шприцтің көмегімен сүтімді өз қолыммен беріп жүрдім. Екінші аптадан бастап сүтті өздері жұта алатын болды. Үш апта уақытымыз салмақ қосумен кетті. Себебі туғанда салмағымыз 1 кг 800 г және 1 кг 890 г еді. Бірақ алғашқы күндердің өзінде-ақ 300 – 400 грамм салмақ тастадық. Сонымен балалар 1,4 кг және 1,5 кг болды да қалды. Ал перзентханадан шығар кезде 2 келіден сәл асатын болдық. Балалардың тыныс алу жолдарында аздаған мәселелер болды. Мұрын бітеліп, дұрыс тыныс ала алмады. Міне, негізінен бұл уақыттар осылай күту, үміттену, қуану сияқты сезімдермен өтті. Кислородтың астында өмір үшін күресіп жатқан кіп-кішкентай жүректер үшін Ананың махаббаты, сенімі ерекше күш беретінін айтқым келеді.

4.Мерзімінен бұрын туған балалар сыртқы факторлардың әсерін тез қабылдағыш дегенге келісесіз бе? Өз жағдайыңызға қарай не айтар едіңіз? Балаларыңызды түрлі вирустардан қорғау үшін қандай шаралар қолданғаныңызбен бөлісе кетсеңіз.

Өз-өзіме келіп, балаларды қолыма алған соң олардың қаншалықты сыртқы ортаның әсеріне сезімтал екенін айтты. Тіпті бір вирустық инфекцияның себебімен баланың жағдайы нашарлап кетуі мүмкін екенін ескертті. Әрине, оңай болмады. Осы қорқыныш жанымызды жегідей жеді. Бізге ешқандай екпе өз уақытында салынбады. Тек салмағымыз толып перзентханадан шығар тұста БЦЖ салды. Одан бөлек иммунитетке әл беретін препараттар салу жайлы сөз қозғамады. Ылғи да қауіп үстінде болдық. Соның себебінен балалардың бірінде бүгінгі таңда бронхиальді астма диагнозы бар.

Қазір заманауи терапия мен емнің себебімен өте жақсы нәтижеге жеттік. Бірнеше жыл бедерінде ешқандай приступтар қайталамады. Жігіттер жеңіл атлетика және дзюдомен айналысып, жүлделі орындарға ие болды. Екінші баламда айтарлықтай өзгеріс білінбеді, бірақ жеті жасынан бастап көктемнің кезінде барлық нәрсеге аллергиясы күшейеді. Бірінші балам салмағы аз болған еді, сол жігіттің бронхиальды астмасымен біраз күресуге тура келді. Әлі де белгілі бір препараттарды қабылдап отырады.

Аллаға шүкір, қазір жағдайлары жақсы. Алматы қаласында тұрады. Сол жер денсаулығына қолайлы болды. Аллергиясы кетті ең бастысы. Бірақ балалық кезеңдерінде ингаляторлар, аллергиялық реакциялар, уақытылы салынбаған екпелердің зардаптарымен күресіп жүрдік. «Сол кездерде балалардағы вирустық инфекцияның алдын алатын препараттар болғанда еді» дегенді жиі ойлаймын. Қазір тек маман ретінде емес, осының барлығын бастан өткерген ана ретінде айтарым – егер қандай да бір вирустық инфекцияның алдын алатын профилактика болса, ойланбай алыңыз деймін.

Құрбымның басынан да осыған ұқсас жағдай өтті. Оның үшемдері ауруханада бізге қарағанда ұзақтау жатты. Жағдайы да күрделірек болды. Және бір қызы шетінеп кетті. Қалған екі баласына өмір тілеп қала берді. Бірақ әлі күнге дейін «Егер бір мүмкіндіктерің бар десе, ойланбай алып қолданар едім» дейді. 

Қазір медицина дамыған және профилактикалық ем-шаралардың да түр-түрі бар. Енді балалардың амандығы үшін неге осы қолданыстағы бар профилактикалық әдістерді қолданбасқа деймін. Шын мәнінде бала денсаулығынан, өмірінен қымбат ештеңе жоқ.

  1. Егіздеріңіз неонтальді интенсивті терапияда жатқанда сіз және отбасыңыз қандай қиындықтарды бастан өткіздіңіздер, жалпы ол күндерді қалай артқа тастадыңыздар? Өздеріңізбен тағдырлас ата-аналармен қарым-қатынастарыңыз қалай өрбіді?

Жаңа босанып перзентханада болғанымда алғашқы екі аптаны балалар жатқан бөлмеге жақын баспалдақтың жанында отырып өткіздім. Сөйлесетін ешкім болмады. Палатада жалғызбын. Қазір есіме түсіп отыр, палатамда менің жатын орныма қарама-қарсы балаларға арналған екі бос кереует тұрды. Бос кереуеттер мұңыма мұң қосып, балаларымның жанымда емесі еңсемді езе түсетін. 

Кейде дәлізде басқа қабаттағы аналардың балаларымен бірге жүргенін көргенде өзімді өте жаман сезінетінмін. Сосын көрші палатаға жас ананы қызымен ауыстырды. Бірақ сәби тым ерте дүниеге келген, өте әлжуаз еді, кішкентай болғаны сонша, салмағы 500 грамм ғана. Кейін оларды реанимация көлігімен облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жөнелтті. Ол кезде ұялы телефон деген жоқ, олардың кейінгі тағдыры не болғанынан бейхабармын. 

Сондай жабырқаулы, жалғыз күндерде бір жылы қарым-қатынас, байланыс жетіспеді. Көңіліме медеу болған мейірбике қыздар мен неонатолог дәрігер болды. Күн сайын перзентханаға қатынаған жолдасым еңсемді көтеріп, жанымды жадыратып кететін. 

6. Сіз бөлімде өткізген уақытыңызды айта отырып екі бос кереуеттің болғанын атап өттіңіз. Бұл моральді тұрғыда өте ауыр жағдай ғой. Сондай қиын кезеңде өзіңіздің ойыңыз бен эмоциялық саулығыңызды сақтап қалу үшін қандай әдістер қолдандыңыз, жалпы не істедіңіз?

Мен барлық уақытта палатадан шығып кетіп дәліздегі баспалдақта, терезенің алдында отыратынмын. Бала белсенді түрде ембегендіктен сүт тартылып кету қаупі болды, сондықтан омырауымды жиі-жиі сауатынмын. Балаларымның жасанды сүтпен тамақтанғанын қаламадым. Сәби үшін ана сүтіне жетер тамақ жоқ қой. Кейін балалар жақсы еміп, емшекке үйреніп алды. Шамамен сол төрт айлық болғанда емшек сүті жетпей жасанды қосымша тамақ бере бастадық. Бірақ мұның бәрі әу баста балаларда белсенді ему болмағанмен тікелей байланысты жағдай еді. 

Өкінішке орай, ол кезде ешқандай тәжірибем болмады, не істеу керегін, қандай шара қолдану керегін білмедім. Менің жасаған бір дұрыс ісім – ешқандай жаман ойға ерік бермеуім. Қағанақ суы кеткен сәттен бастап балаларды қолыма алғанға дейін миыма жаман ойды мүлде кіргізбедім. Олардан айырылып қаламын-ау деп тіпті ойламадым. Кейде біреу келіп қандай да бір жағымсыз бірдеңе айта бастаса немесе ішімнен қорқынышты ойлар туындай бастаса сабыр сақтап, өзіме жай ғана  «Жоқ!  Тоқтат! Олай болмайды. Біз бәрін жеңіп бірге боламыз» деп айтатынмын. Балалар шетінеп кетуі мүмкін дегенді мүлде миыма да кіргізген жоқпын. Маған көмектескен бірегей жағдай осы деп білем.

 

  1. Әдетте жас аналар перзентханадан шыққаннан кейін баланың иммунитеті әлі қалыптаспағанына алаңдап баланы оқшаулап жатады. Шала туған егіздермен үйге шыққаннан кейінгі алғашқы апталар қалай өтті? Қандай ерекше күтім қолдандыңыздар? 

Біз үйге шыққанда күйеуімнің анам және күйеуімнің бауырымен бірге тұрдық. Және менің туыстарым да әрқашан келіп тұрды. Құрбыларым да келіп көмектесіп тұрды. Біз айтарлықтай оқшауланған жоқпыз. Балаларға қарауға көмектесіп жүрген құрбым немесе әпкем ауырып қалса ескертетін және келмейтін. Сондықтан ол жағынан қатты уайымдаған жоқпын.

 

Мен керісінше жақсы мағынасында «біз бәрін жұқтырып көруіміз керек» деп ойладым. Микроортадағы микробтар, бактериялар, вирустар мен тағы да басқаларды танып білуіміз керек болды. Қазір өткен сәттерді еске түсіріп отырып, бір жағынан менің тарапымнан жасалған ақымақтық шығар деп ойлаймын. Қандай да бір шектеу шараларын қолданбадық. 

Өз кезегінде физикалық оңалтуға өте үлкен мән бердік. Уақытылы мойнымыз қатпай, өз уақытында отырмадық. Тіпті алдымызда «балалар ДЦП емес пе?» деген үлкен сауал тұрды. Невропотолог бізді тексеріп, қарап болған соң «Бәрі жақсы емес, жүре алмаулары мүмкін» деп айтты. Бірақ мен тағы да өзімнің қайсарлығыма салып, невропотологтың жүзіне қарап тұрып міз бақпастан: «Біз жүріп кетеміз және бәрі ойдағыдай болады!» дедім.

Солайша белсенді іс-әрекетке көштік. Үйде күніне екі рет ваннаға су толтырып аква-аэробика сабақтарын өткіздік. Кез келген ауа райына қарамастан күніне екі рет таза ауада серуендедік. Үлкен доп сатып алдым. Массаж жасадым. Бірақ бізде мұрынның ағуы өте жиі қайталанатын еді. Бұл, шынында да, біздің үйге бөтен адамдардың жиі келуіне байланысты болған шығар деймін. Бірақ алғашқы айларда иммунитеттің қалыптасуы өте маңызды екеніне сенімді болдым. Дәрілік емес заттарды қолдандық. Сосын ақырындап барлық екпелерді ала бастадық. Нақты вирус штаммына анық профилактика жасауға мүмкіндігіміз болған жоқ. Кәдімгі екпелерді алумен шектелдік. 

  1. Егіздердің даму және өсу процесінде сіз және балаларыңыз үшін ерекше маңызды болған оқиға немесе жағдайды айтып бере аласыз ба? 

Өткен күндер қазір көрген түстей өтіп кетті. Кейбір сәттерді ұмытып та қалыппын. Қалай болғанда да бірінші жағдай физикалық даму жағынан артта қалу. Екіншісі, әсіресе, иммунитеті әлі толық жетілмеген, қалыптаспаған алғашқы айларда кез келген қарапайым вирустан ауырып, сонымен бәрі аяқталуы мүмкін деген сақтық пен қорқыныш болды. Сол кезде іштей бір мазасыздық болғанын жасырмаймын. Қандай да бір массажист немесе мықты невропотолог келіп «Осыдан сақтану керек және былай жасау керек. Барлық балалар бір айында басын ұстайды, сіздерде ол үш-төрт айында болады» деп нақтылап, анықтап айтып бергенін қалайтынмын.

Маған ол кезде ақпараттық қолдаудың жоқтығы өте қатты әсер етті. Қазіргідей интернет болған жоқ. Біз көп нәрсені білмедік. Мен сатып алған «Бала және оның күтімі» атты кітапта шала туған балалар туралы ешқандай ақпарат жазылмаған еді. Ал ондағы жазылғандарды менің балаларыма жасауыма болатынын немесе болмайтынын білген жоқпын. 

  1. Баласы мерзіміне жетпей туған ата-аналарға қандай кеңестер берер едіңіз? 

Маңызды кеңестің бірі ешқашан сеніміңізді жоғалтпаңыз. Сенім – үлкен күш. Іштей, рухани мықты, табанды болу өте маңызды. Екінші кеңесім – физикалық және дәрілік оңалту мен иммунитетті нығайту әдіс-тәсілдерін қолдану, заманауи медицинаның қандай мүмкіндігі бар, бәрін қолдануға ерінбеу, жалықпау керек. Жігерлілік таныту. Егер қандай да бір асқынулар тудыруы мүмкін вирусты тоқтату керек деп жазса, онда соны істеу керек. Егер күніне үш рет массаж жасау, серуендеу, баланы шомылдыру керек десе,  міндетті түрде соны орындау қажет. Бұл жерде қандай да бір арнайы курстардан өту міндетті емес. Қазір барлық ақпарат қолжетімді. Ізденіп тауып, оқы да, кәдеңе асыра бер. 

Тағы да қайталап айтқым келеді, ең бастысы – үмітсіздікке түспеу, қолды бір сілтеп қоя салмай өз балаңды аяққа тұрғызу үшін бүгінгі күнге дейін анықталған барлық профилактикалық шараларды қолданыңыз.

  1. Шала туған егіздердің анасы ретінде өз тәжірибеңізден қандай сабақ алдыңыз? Не түйдіңіз? Оқырмандарға не айтарыңыз бар?

Басымнан өткізген тәжірибеден көп сабақ алдым, өзім түйген ең маңызды түйін  – сенің балаң мен оның денсаулығынан, амандығынан қымбат, одан бағалы ештеңе жоқ дер едім. Бұл үлкен құндылық. Мұндай сәттерде өзіңді ұмытып та кетесің.

Қазір бала анасын жақсы көруі үшін ана демалуы керек, ана оқшаулануы керек, өзін-өзі дамытуы керек деген бір үрдіс пайда болды. Қазір өз «Меніңді» алдыңғы орынға қою сәнге айналды. Бірақ сенің балаң қатер үстінде жатқанда бұл сезімнің ешқандай салмағы болмайды. Тек қана сенің балаңның өміріне басымдық беріледі, ортада сол тұрады. Ең үлкен сыйлық – балаларымыздың аман-саулығы. Егер қауіпті инфекцияның дамуынан қорғайтын қандай да бір шара болса ол 100% орындалуы керек. Мұның маңыздылығын тек басынан өткізген адам ғана шынайы түсінеді. 

Егер менде баладағы бронхиальды астманы тоқтатуға болатын және демалысқа барып, барлық жерде ұстаманы тоқтауға арналған балончикті киіп жүрмейтін мүмкіндік болса немесе «Ол жерде гүлзар бар, жақындама! Әйтпесе қазір тағы ұстамаң басталады» деп алаңдамай, еркін жүретін мүмкіндік болса, бәрін жасар едім. Егер дәл осы жағдайлардың бәрінен құтылудың жолы болса ойланбастан барар едім.

Біз Елена Олеговнаның таза да шынайы әңгімесіне алғыс айта оытрып, өзіне және отбасына алдағы уақытта тек жетістіктер мен бақыт тілейміз. Олардың оқиғасы баршамызды шабыттандыратын, ана болудың шексіз бақыт екенін түсініп, бағалайтын негіз болып қалады деген сенімдеміз.


Материал «АстраЗенека» компаниясының қолдауымен әзірленді. Материал шағын аудиторияға арналған. Аталған материалда айтылған ақпараттар дәрігер кеңесін алмастырмайды. Міндетті түрде дәрігермен кеңесіңіз.

Мақұлдау нөмірі: KZ -2569
Мақұлдау күні: 11.10.2023
Мерзімнің өту күні: 11.10.2024

Яндекс.Метрика