Балаңыз мектепке дайын ба?

Баланы мектепке жан-жақты дайындау — өте жауапты әрі маңызды іс

Мектептегі бала
Мектеп партасында отырған бала. Фото: baby-news.net

Мектепке алғаш бару бала өміріне үлкен жаңалық, өзгеріс енгізеді, қоғамдағы жаңа орынға бейімделуі мен өсіп-жетілуінің бір бастамасы болады. Демек, «Баланы мектепке даярлау қалай болуы керек?» деген сұрақтың ата-ана үшін маңыз артып, тиісті жауап іздейді. Бұл сұраққа көптеген ата-аналарда екі пікір қалыптасқан: бір ата-аналар алғаш мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап данышпан етуді мақсат тұтса, кейбіреулері, керісінше, бала білмей барса, барлығын мектепте үйренуі тиіс деген пікірде. Осы пікірлердің алтын ортасын қалай таңдаймыз? Баланы мектепке физикалық жағынан да, психологиялық жағынан да қалай дайындаймыз?

Бірінші сыныпқа баратын бала жазу-сызуды біліп баруы міндетті емес, оған барлығын мектепте үйретуге міндетті. Алайда, қазіргі заман оқу бағдаралмасының тапсырмаларын ауыртпалықсыз орындау үшін, іс-жүзінде мектеп табалдырығын аттамас бұрын жазу мен оқуды біліп барғаны дұрыс. Балаңыз мектепке бармас бұрын оқу-жазуды білсе — жақсы! Балаға жазу-сызу барысында қарындашты немесе қаламсапты дұрыс ұстап үйретуді ұмытпаңыз. Баланың сөйлеу тілінде кемістіктің болмауы шарт, сөйлеген сөзінің мағынасы өзіне түсінікті болу керек, өзінің ойын жеткізе алуы қажет. Жазып санауымен ғана шектеліп қана қоймай, салыстыра білуді және талдауды, ойлай білуді меңгере алу тиіс. Сонымен қатар, өздігінен қорытынды жасай білсе, көп нәрсені жақсы түсінеді.

Көрнекі әрекеттік ойлау қабілеттілігі жоғары бала көрнекі үлгімен жұмыс істегенде, заттардың кейпімен мөлшерін ұйқастырғанда қойылған міндеттерді шешуде тиімді әрекеттердің барлық түрін ұйымдастырып шығарады.

Кез-келген ата-ана баланың өсіп жетілуіне, рухани күшті етіп тәрбиелеу жолында алуан түрлі қуаныш пен қиыншылықтарды бастарынан өткізе отырып, оның рухани және ақыл ойы мен дене құрылысы жағынан жан-жақты дамуына баулуы керек.

Баланың мектепке дайын болу жағдайы бірнеше түрге бөлінеді:
1. Дене бітімінің дайындығы — баланың салмағы мен бойының өз жасына сай болуымен қатар он екі мүшесі сау болуы керек;
2. Зиятының дайындығы — баланың ой-өрісінің, есте сақтау қабілетінің, тілінің, зейінінің, өз еркімен тапсырма орындай алуының, мақсат қоя білуінің, қателігін түсіне білу қабілеттілігінің өз жасына сай болуы;
3. Әлеуметтік-психологиялық дайындық — баланың жаңа ортаға деген көз-қарасының, оқушы жауапкершілігінің, өзін-өзі ұстай білуінің, үлкен кіші адамдармен қарым-қатынасының өз жасына, мектептердің талабына сай болуы;
4. Ерік аясының дайындығы — баланың өз іс-әрекетін мақсатты түрде қалыптастырып, өз кемшіліктері мен жетістіктерін дұрыс қабылдап, әрекет ете білуі;

Әлеуметтік-психологиялық дайындық
Баланы мектепке дайындау дегенде көптеген ата-аналар әріптерді танумен, сандарды санаумен ғана шектеліп жатады. Одан басқа, баланыңмектепке қажетті құрал-саймандары мен киім-кешектеріне баса назар аударады. Әрине, бұл дайындықтарсыз баланың мектепке дайын болуы екіталай. Бірақ баланың оқуға дайындығын ақыл-ойының даярлығымен, материалдық дайындығымен шектеліп қоймай, оны оқуға психологиялық жағынан даярлауды қарастыру қажет. Баланың психикалық үрдістерінің дамуы оқуда және басқа адамдармен қарым-қатынас орнатуда қиындыққа кезікпеуіне мүмкіндік береді.

Мектеп табылдырығын жаңа аттаған бала, оқушы, мектепке дайындық
Мектеп табылдырығын жаңа аттаған бала. Фото: uti-puti.com.ua

Мектепке келген бала «оқимын» деген ниетпен мектеп табалдырығын аттайды. Бірақ, кейде бала оқуға барғысы келмейді, дегенмен оның себебі әр түрлі болады: бір балалар мектепте көп бала бар және онда көңілді десе, біреуі партаға отырғысы келгендіктен баруы мүмкін. Алайда, мұндай ықыласпен келген балалар біраз уақыттан кейін мектептің олар үшін қатал тәртібіне және күнделікті оқу сабақтарына шыдай алмайды. Жалпы, бала оқу үрдісіне қызығуы қажет. Сонда ғана баланың таным қызығушылықтарының дамуына, жаңа білім алуына мүмкіндік туады. Сонымен бірге баланың мұғалімдермен, балалармен қарым-қатынас жасауы аса маңызды. Яғни, оқу әрекеті ұжымдық сипат болғандықтан, әрбір бала құрдастарымен қарым-қатынас жасай алуға, бірге жұмыс істеуге дағдылануы керек.

Баланың шешім қабылдай алып, мақсат қоя білуі ерік-жігерінің даярлығы болып саналады. Баланың әркеттерді жоспарлап, олардың орындалуын жүзеге асыруда күш пен бойындағы қабілеттерін жұмсай білуі, қиындықтарды жеңе білуі балалардың психикалық үрдістерінің қалыптасуына ықпалын тигізеді. Егер балалардың оқуға дайындығы осы бағыттармен ұштасып жатса, бала оқуға тез бейімделіп, жақсы оқып кетуіне мүмкіндік туғызады.

Мектепке дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті ойын болғандықтан, оларға бірден оқу әрекетіне ауысу біршама қиындықтар туғызады. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бала педагогтармен және балалармен кезіккенде мазаланады, оқу үрдісінен өзінде жағымсыз эмоциялық сезіну пайда болып, қорқыныш пайда болады. Сондықтан балалардың көңіл күйі болмай, себепсізден жиі ауыруы «мектеп неврозы» сипатында көрінеді. Яғни мектепті еске алса болғаны, жылап, уайымдайды. Сөйтіп, мектеп бала үшін стресс тудыратын факторға (стрессогендік фактор) айналып, денсаулығының нашарлануына әкеп соғады. Осы кезде әрбір ата-ана өзінің баласына мектеп туралы қажетті мағлұматтар айтып, баланың мектепке деген жағымды қатынас және сенімділік сезімін қалыптастыра отырып тәрбиелеу керек. Ең бастысы — баланы жолдастарымен қарым-қатынас жасай алуға, басқа балалардың ойымен санасуға үйрету.

Балаларды мектепке психикалық даярлау бағыттарын тәжірибеде жүзеген асыратындар — ата-аналар, мұғалімдер, бала-бақша психологтары. Психологтың міндеті: психодиагностиканың әдістемелерін қолдану арқылы және зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, алты жастағы баланың оқуға дайындығын анықтау.

Міне, құрметті ата-аналар, бала бес жастан асты екен деп, маманның кеңесінсіз баланы бірден мектепке берген жағдайда оның мектеп өміріне дайын еместігі ары қарайғы оқу үлгеріміне нұқсан келтіретінін білген жөн. Сонымен қатар, балаңызға жылы сөздер айтуды, мақтан тұтуды, қателіктерін түзетуіне көмектесуді ұмытпағайсыз.

7 thoughts on “Балаңыз мектепке дайын ба?

  1. Мен баламды алты жасынан бердім. Алты жастан бергенім дұрыс та болыпты. Өйткені, төрт жастан бастап хат таныған бала қазірдің өзінде сыныптастарынан озық, сабақта іші пысады. Жеті жасын күтіп, мезгілінде берсем, бірден екінші сыныпқа ауыстырып жіберер еді. Ал ол алты жастан бірінші сынып оқығаннан да қиынырақ.
    Әр баланың даму ерекшеліктері бар. Зейіні өзгеше. Соған назар аудару керек.

  2. Менің балам 5 жаста, ол наурыз айында 6 жасқа толады. Оқуға зерек. Күзде баламды мектепке берсек деген ойымыз бар, сол дұрыс па?

    1. Баланың зеректігінен бөлек, физикалық тұрғыдағы дайындығы да маңызды.

  3. Менің баламның тілі кеш шықты,қазір 6 жаста бала-бақшаға қазақ тобына барып жүр,әріптерді санауды біледі.Сөйлемді қазақ тілінде дұрыс құрастыра алмайды.Биыл мектепке берсем деп едім,сіздерден сұрайтыным мектепке дейінгі дайындайтын оқу орны бар ма? қазақ тілінде.Алдын-ала көп рахмет!

    1. Саламатсызба! Ол жағын балаңыздың болашақта баратын мектебінен сұрастырыңыз. Мектепке дайындық сыныптары мектептерде немесе бөлек мекемелерде болады.

  4. Баламның баратын мектебі қазақша дұрыс сөйлем құрастыра алмағандықтан шығар,дайындыққа қарсы.4 жасында Сатр Центрге 2 жылдай апардым.Ол жерде де, қазақ тілінде сөйлейтін мұғалімдер саны жоқ деуге де болады.Сіздерден сұрайтыным білсеңіздер көмектесіңіздерші қандай мекемелерден сұрастырайын?

  5. Саламатсызба! Менің күзде 6 жасқа толатын (14.09.2012) қызымды мектепке қабылдай ма екен? Жүзге дейін санап, оқи алады.

Comments are closed.