«Іштен оқып туған» немесе ВУНДЕРКИНД бала.

  1. Психолог мамандардың деректері бойынша, бала 4 жасқа қарай танылуы тиіс интеллектуалдық қабілеттің 50 пайызын, алты жасқа дейін – 70, сегіз жасқа таман 90 пайызын көрсетеді екен. Дарынды балалар немесе вундеркиндтер (Wunderkind неміс тілінен аударғанда ғажайып бала дегенді білдіреді) – өзі құралпы балалардан интеллектуалдық даму деңгейі жағынан оқ бойы озып кеткен балалар. Негізгі белгілері – ой еңбегіне деген сүйіспеншілік және ақыл-ой қабілеттерінің қарқынды дамуы. Вундеркиндтер, әдетте, өз қабілеттерін өте ерте жаста танытады. Бұл қабілеттер ми еңбегіне қатысты барлық саланы қамтиды: математика, физика, музыка, энциклопедиялық білім және т.с.с. Өзімен жасты балалар әлі мектеп партасында отырған кезде вундеркиндтер университетке түсіп, оны үздік бітіріп, диссертация қорғап үлгереді; музыкалық қабілеті бар жас дарындар опера, симфония жазады; шахматқа жақындар чемпион атанады. Алайда, табиғаттың осы бір тартуының қандай жауапты, және қуанышы аз дүние екенін әркім біле бермейді…
    Адамзат тарихы вундеркиндтердің қоғам үшін үлкен құндылық екендігі жайында статистикалық мәліметтердің жеткілікті қорын жинады. Англияда шығарылған «Ұлттық өмірбаяндар сөздігінде» көрсетілген 1030 ұлы адамның 292-сі талассыз вундеркинд болған. Көрнекті 64 ағылшын суретшісі мен музыканттарының 44-і өзін бала кезден вундеркинд ретінде танытқан. Францияда, статистикалық жинақтарға қарағанда, 287 ұлы адамның 231-і 20 жасқа дейін айқын дарындылық көрсеткен. АҚШ-та тағдыры бақыланған 282 дарынды баланың 105-і өмірде айтарлықтай табысқа жеткен. Өкінішке орай, Қазақстанда мұндай дәл деректер жоқ. Алайда, газет беттерінен анда-санда жарқ еткен дарынды балалар туралы оқып қалып жатамыз…
    Интеллект, шығармашылық қабілет – ең негізгі ұлттық игіліктердің бірі. Мұны тез ұққан жапондар өздерінің дарынды балаларын көздің қарашығындай сақтап, оларды оқыту мен дамытудан ақша аямайды. Ал Израилде дарынды балаларды оқытудың тиімді жүйесі бар, және ол мемлекеттік құпиялар қатарына жатқызылған. АҚШ-та дарындылықты ынталандыру мен дамытудың жүйесі қалтқысыз жұмыс істейді. Құрама Штаттарға қарай «brain drain», яғни әлемнің небір озық ойлы адамдарының жөңкіліп жатуы тегін емес.
    Вундеркиндтерді екі түрге бөлуге болады. Алғашқыларына дарынды табиғат сыйға тартқан: тасты жарып шыққан мөлдір бұлақтай кез келген қиындықтың қалың жартасын бұзып жарыққа шығады. Ал, екіншілерін дарынды дегеннен гөрі «қолдан үйретілген» деуге болады. Әдетте, мұндай балалардың ата-аналары кезінде өздері аса алмаған асуларға баласын итермелеп шығаруға барын салады.
    Алмақтың да салмағы бар ғой. Өкінішке орай, вундеркиндтер өздерінің елден еректігі, жұрттан бөлектігі үшін аса үлкен құн төлеуге мәжбүр. Көпшілігі жарқ етеді де, өздеріне жүктелген зор үмітті ақтамай жатып көзден таса болып, жоқ болады. Ал, өз баласының дарындылығын пайдаланып тез арада байып кеткісі келетін шыдамсыз ата-аналар қаншама: балалық шақтың шаттығын сезінбей, өзіне артылған ауыр жүкті көтере алмаған дарынды өскіндердің көпшіліг жан азабына ұшырап, жүйкесі сыр бере бастайды.
    Дарынды баламен жұмыста орны толмас қателіктің бірі – оларды интеллектуалды тұрғыда жүктемеу. Жастық шақта әрбір сағаты маңызды уақыт келмеске кетеді. Егер оқу бағдарламасының жетіспеушілігнен сабақ оқуға деген қызығушылық жойылса, бұл -өкінішті жағдай. Егер бағдарлама қабілетіне сай келмесе, бала бойында ерік-жігер, қиындыққа төтеп беру сияқты қасиеттер қалыптаспайды, еңбек ету дағдысы бекімейді – ол бәрін жеңіл атқарады. Ал мектеп барлық бала үшін қиын болуы тиіс, сонда ғана «ерік-жігердің бұлшық еттері» ширығады.
    Қателіктің тағы бір қауіпті түрі – кейбір ата-аналар даму деңгейі қалыпты баланың дамуын жасанды түрде қамшылауы . Бұған мысал бола алатын қайғылы оқиғаларды көптеп кездестіруге болады. Айтпақшы, кәдімгі қарапайым баланың да көрнекті тұлға болып шығуына мүмкіндігі бар. Біраз еңбектену, аз ғана сәттілік және, ең бастысы – жайлы орта, жағымды жағдай туыру, қоғам тарапынан кең пейілді ықылас таныту. Сөйтсе де, оның ми еңбегінің деңгейі мен сапасы табиғаттан тарту алған жандармен салыстыруға келмейді.
Яндекс.Метрика