Балалардың аяқкиіміне де ересектердікі секілді күтім қажет. Әдетте, балалар көп жүгіріп, көп секіреді. Одан бірінші кезекте «зардап шегетін» аяқкиімдері болғандықтан, оны таңдауды ғана емес, ары қарай сенімді түрде «қызмет етуіне» көмек беруіміз қажет. Өйткені, 10 жасқа толмаған балалар өздігінен аяқкиімдеріне күтіммен қарай алмайды. Сондықтан, ауыр жүктің бәрі сіздің мойныңызға артылады. Ондай жағдайда біздің кеңесіміз бір қажетіңізге жарайды:
- Теріден тігілген етік, бәтеңкелер су өткішгіш келеді. Өйткені, жан-жағындағы ұсақ тесіктер ылғалдан сақтай алмайды. Жаңбырлы күндері мұндай материалдан жасалған аяқкиімдерді кимеген дұрыс.
- Қыстың күндері балалардың аяқкиімін жиі-жиі арнайы кремдермен майлап отыру керек. Сыртқы әсерлерден қорғау үшін.
- Аяқкиімнің бауын, сырғытпасын ақырын ғана шешіп, кигізіңіз. Өйтпеген жағдайда, тігісі сөгіліп, табаны ажырап кетуі кәдік.
- Аяқкиімді бөлме температурасында кептіру қажет. Ыстық пештің, өзге де құрылғыларға қойып кептіруге болмайды.
- Кептіру үшін ішіне газет қиындыларын умаждап аяқкиімдің ішіне толтырасыз. Қатты су өтіп кетсе, газет құрғап болып шыққанша қайталайсыз.
- Крем жақпас бұрын аяқкиімді кірден арылту керек. Жағылып қалған балшық, шаң, су қалдықтарын таза шүберекпен, щеткамен сүртіп, тазалау керек.
- Кремді аяқкиімнің сол түсіне сәйкес келетінін ғана жағыңыз.
- Балалардың аяқкиімін ересектердікінен бөлек шкафта сақтаған жөн. Гигиеналық тазалық үшін.
- Ешқашан баланың аяқкиімін кір қалпында қалдырмаңыз. Өйткені, кір-қожалақ болып жүретін аяқкиім тез тозады.
- Аяқкиімдерді киерде «күрекшелердің» көмегіне сүйенген жөн.
Теріден тігілген аяқкиімдер
Тері аяқкиімдеріне тек соған арналған кремдерді жағып, бірнеше минуттан соң жылтыратқыш құралдарын жағыңыз немесе салфетканың көмегімен ысқылаңыз.
Матадан тігілген аяқкиімдер (велюр, замши, нубук)
Бұл киімдер өте мұқият күтімді қажет етеді. Егер балаңыз тым тынымсыз болса, бұл материалдардан тігілген аяқ киімдерді алып берудің қажеті жоқ. Өйткені, ұзақ кигізе алмайсыз. Аса мұқият күтіммен киілмеген соң, тез әрі кетіп, тоза бастайды. Десе де, оны күтіп ұстау үшін резеңке, каучуктан жасалған щеткамен тазалаңыз. Тазарған аяқкиімге осы материалдарға арналған крем жағыңыз.
Текстильді аяқкиімдер
Матаның түріне байланысты лайықты щетка мен күтімге арналған құралдарды таңдай біліңіз. Дақ тиген жағдайда, тек даққа арналған құралдармен сүрткен жөн.
Лакталған аяқкиімдер
Таза, жұмсақ шүберекпен сүрту керек. Сырты лакталған туфли, етіктердің ең басты жауы – химиялық заттар. Тамшыдай болса да тиіп кеткен химиялық заттардың орнын қайта қалпына келтіру мүмкін болмайтындықтан, аяқкиімді бүлдіріп аласыз. Оған қоса, күннің суығы мен ыстығында да лакталған аяқкиімдер тез тозады.
Резеңке аяқкиімдер. Бұларды ең шыдамдысы деуге болады. Күтім жасау да оңай. Сабын қосылған суда жуып, соңынан таза, құрғақ шүберекпен құрғатсаңыз болғаны.