Балаңыздың киімі және ойыншықтары

Киімдер

Бала киімі туралы мәселе өте маңызды болып табылады. Ол ата-ананы әрқашан ойландырып, толғандырады. Жаңа туған ұлына немесе қызына қандай киім-кешек керек? Жеңіл іш көйлектерден немесе ползункалардан қаншасын әзірлеп кою қажет?

3 айлығынан бастап бір жасқа толғанға дейін сәбиге арналған киімдердің шамамен төмендегідей тізімдерін ұсынамыз:

  • жеңіл іш көйлектер — 5 дана;
  • жылы көйлектер — 5 дана;
  • бәйкіден (жұмсақ жылы мата) тігілген түймелі көкірекшелер — 5-6 дана; ал оның жазда киетін шыттан тігілген үлгілері — 5-6 дана;
  • жылдың суық мезгілінде кигізетін жылы ползункалар — 10-15 дана;
  • жазда кигізетін жеңіл (шыттан немесе жұқа трикотаждан тігілген) ползункалар —10-15 дана;
  • жылы жүн костюм (22-размерлі) — 1 дана,
  • жүннен тоқылған жылы бас киім (екі қабат) — 1 дана;
  • жеңіл бас киім — 2 дана (маусымдық);
  • қыстық пальто (22-размерлі) — 1 дана;
  • жаздық пальто (22-размерлі) — 1 дана;
  • қолғап — 1 дана.

Сәби қаз тұра алатын 8-9 айлығынан бастап қозғалуына бөгет болмас үшін оған ең жақсысы — аспалы бауы бар шолақ шалбар кигізу. Мұндай шалбарлар 5-8 дана болғаны жөн. Бұларға қосымша шұлықтар, жазда 5 ұйық (12-размерлі), 1 жүн ұйық, 2 пар пинетка керек.

11-12 айлық балаға (18-20-размерлі) 1 пар бәтеңке қажет.

Қыста ұйықтайтын жылы қап қажет.

Ойыншықтар

Тәжірибесіз «жас» әкелер ойланбастан бір айлық нәрестеге үш дөңгелекті велосипед немесе жас ұсталарға қажет «Шебер қолдар» деп аталатын аспаптар жиынтығын сатып алып береді. Мұндай ағаттық пен аңғалдық, әрине, сирек кездеседі, бірақ сонда да бір жасқа дейінгі балаларға қандай ойыншықтар қажет екенін іс жүзінде білген жөн.

Өйткені ойыншықтар сәбидің дұрыс жетілуі үшін өте маңызды. Мәселен, 3 айға дейінгі нәрестелерге қарап жатуларына лайық ойыншықтар (10-15 см шарлар, жылтыр қағаздан жасалған балықтар, үйректің балапандары, т.б.) керек;

Балалар ойыншығы
фото: babyfirstyear.org

3-6 айлық балалар қолға қармауға және ұстауға ыңғайлы ойыншықтарды (әртүрлі шығыршықтар, сабақты сылдырмақтар, резеңкеден жасалған қуыршақтар, мал, құстың жұмсақ мүсіндері) қажет етеді.

Бала 6 айға толғанда оған пішіні, көлемі мен түсі алуан түрлі, қарауға және ұстап көруге ыңғайлы әртүрлі ағаш, целлюлоид, резеңкеден жасалған ойыншықтар сатып алу керек. Дыбыс шығаратын, ашық түсті, көлемді ойыншыктар (қораз, ит, қуыршақ) бала тілінің жетіліп, сөздерді ұғынуына көмектеседі. Сәбилер бұл ойыншықтарға қызыға қарап, олардың шығаратын дыбыстарына құлақ түріп, қайталауға тырысады.

9 айдан 1 жасқа дейінгі сәбилерге дөңгелекті пирамидалар, текшелер, ұсақ заттарын салатын кішкене шелек, тостағаншалар, домалатып ойнауы үшін доптар, шағын шарлар, тербету, су беру сияқты жеке әрекеттерді үйренуіне кажет кішкентай пластмасса немесе резеңке қуыршақты және т.б. беруге болады.

Баланың сөз ұғуын жетілдіруге әртүрлі ірі, ашық түсті ойыншықтар пайдалы.