Дене тазалығы
Жүктілік кезінде ағзадағы жалпы гормональды өзгерістер мен қан айналысының көлемі артатындықтан, жүкті әйел тершең болады және қынаптан бөлінетін іріңді сұйықтың мөлшері көбейеді. Оған қоса, жыныс жолдарында пайда болатын тер мен шырыштың иісі өткір болады. Мұндай қолайсыз жағдайлардың алдын алу үшін және микробтардың көбеюін болдырмау үшін тазалықққа ерекше назар аударған жөн. Қарапайым суға түсу шараларын жасаңыз: сүртіну, жуыну, шайыну, душ, ванна. Сонымен бірге, қауіпсіздік ережелерін де естен шығармаңыз.
Суға түсетін кездегі қауіпсіздік шаралары:
- Ванна қабылдайтын кезде судың ыстық болмауын қадағалаңыз. Оптимальды температура көрсеткіші – 30-350С болу керек, яғни дене температурасынан аздап төмен. Бұдан артық температурада талып қалуыңыз мүмкін.
- Гипотонияға (артериялық қысымның төмендеуі) бейім болсаңыз, ванна қабылдау сізге қауіпті. Одан гөрі душ қабылдаңыз.
- Душ ваннадан гөрі жылы болуы керек, алайда ол да ыстық болмасын.
Есіңізде болсын! Денені қыздыру қауіпті! Оған қоса, душтан ыстық су ағып жатқан кезде жабық кеңістік буланады да, дем алуыңыз қиындайды. Бұдан жүрегіңіз көтеріліп немесе естен танып қалуыңыз мүмкін.
- Суда 12-15 минуттан артық болмаңыз.
- Ванна бөлмесінің тайғанақ болмауын қадағалаңыз. Аяғыңыздың астына резеңкеден жасалған кілемше төсеп қойыңыз.
- Басыңыз айналып немесе әлсіздене бастасаңыз, ванна қабылдаудан бас тартыңыз, ал душты орындыққа отырып қабылдаңыз.
- Жүктіліктің соңғы кезеңінде ваннадан өздігіңізден шығу қиынға соғады, сондықтан жұбайыңыздың сізге көмектескені жөн.
- Суға түсіп жатқанда жүрегіңіз көтерілсе, дереу көмекке шақырыңыз. Үйде өзіңізден басқа ешкім болмаса, душ пен ванна қабылдамауға тырысыңыз. Жақындарыңызды суға түсерде ескертіңіз және олардан өзіңіз суға түсіп шықпағанша шуламауын, теледидар мен музыканың дауысын қатты шығармауын, бөлмелерінің есігін жаппауын өтініңіз. Ванна есігін бекітпеңіз, әйтпесе жақындарыңыз көмекке шақыратын болсаңыз, кіре алмай қалуы мүмкін.
- Суға түсіп болған соң салқындап қалмаңыз.
Жүкті әйелдерге арналған арнайы жуынатын гигиеналық заттар жоқ. Егер қарапайым иіс сабын теріңізді құрғатып жіберсе, балаларға арналған сабынды пайдаланыңыз немесе теріні жұмсартатын, ылғалдандыратын сабынмен жуыныңыз.
Тершеңдікпен күресу үшін иісі жоқ антиперспиранттарды қолданыңыз, олардың өткір иісі жатырдағы балаға ұнамай қалуы мүмкін. Сонымен бірге қолтығыңыздың астындағы жүндерді қырып тастап отырыңыз.
Егер денеңіздің басқа бөліктеріндегі артық түктерден арылғыңыз келсе, мұны химиялық крем-депилятор арқылы жасаудың қажеті жоқ, тек механикалық әдісті қолданыңыз.
Ауыз қуысының тазалығы
Жүктілік кезінде тіс пен қызыл иек қатты зардап шегеді. Жатырда дамып келе жатқан сәби анасының ағзасына түсетін кальций мөлшерінің көп бөлігін қабылдайды. Сол себепті қызыл иектің қан айналысы нашарлайды, түкіріктің химиялық құрамы өзгереді. Мұның бәрі тіс жегісінің пайда болуына және пародонтиттің (қызыл иектің қабынуы) дамуына әкеледі. Сондықтан емдеу шараларына ерекше назар аударғаныңыз дұрыс.
Стоматологиялық ауруларды емдеу шаралары:
- Стоматологқа жиі барып тұрыңыз. Тісіңізді жүкті болмай тұрып емдеп алсаңыз, тіпті жақсы. Жүктілік кезінде стоматологқа кем дегенде төрт рет қаралғаныңыз жөн: жүктіліктің 6-8, 16-18, 26-28, 36-38 аптасында. Жүктіліктің ерте кезеңінде стоматолог-дәрігерді жүктілігіңіз туралы ескертіп қойыңыз.
- Үнемі ауыз қуысының тазалығын қадағалаңыз. Тісті күніне екі рет тазалау қажет. Тіс щеткаңыз қарапайым (normal) немесе жұмсақ (soft) болуы керек. Тісіңіздің эмалын қатайтатын және қызыл иектің қабынуының алдын алатын тіс пастасын қолданыңыз. Ал тісті тазартатын тіс пасталарын жүктілік кезінде қолдануға болмайды, себебі олар эмальдың сыртқы қабатын бұзады, ал оның қалпына тез келуі үшін ағзада қажетті қорлар жетіспейді.
Әрбір тамақтанған соң аузыңызды міндетті түрде шайып отыруды ұмытпаңыз.
- Қызыл иегіңізге массаж жасаңыз.
Массаж тісті қоршап тұратын бұлшықет тарамдарының қан айналысын жақсартады. Ол келесі жолдармен іске сарылады: қызыл иекке қабынуға қарсы паста жағылады, үлкен және сұқ саусағыңызбен әр тісті кезек-кезек қамтып, жеңіл қимылдар жасайсыз. Массаждың ұзақтығы – 7-8 минут.
фото: medkarta.com