ҚАРАҢЫЗ

Тұрақты даму мақсаттары аясындағы Қазақстанның таза су мен санитария мәселелері

2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы адамзаттың әл-ауқатын арттыру мен ғаламдық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) қабылдады. Бұл мақсаттардың 6-шы тармағы — баршаға таза ауыз су мен санитариялық қызметтерге қолжетімділікті және олардың тиімді әрі тұрақты басқарылуын қамтамасыз ету. Су мен санитария саласындағы жүйелі мәселелер адам денсаулығы мен қоршаған орта қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Қазақстан Республикасында да осы саладағы бірқатар әлеуметтік, экологиялық және экономикалық қиындықтар өзекті болып отыр.

Қазақстанда ауыз су ресурстарының шамамен 45%-ы шекаралас елдерден (Сырдария, Ертіс, Іле өзендері) келіп түседі. Бұл трансшекаралық сипат су қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын арттырады. Ел тұрғындарының 92%-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылғанымен, ауылдық аймақтарда бұл көрсеткіш 65–70% аралығында ғана. Ауыз судың сапасына қатысты шағымдардың көпшілігі шалғай ауылдық жерлерден түсуде.

Санитариялық инфрақұрылым да, әсіресе ауылдық өңірлерде, тиісті деңгейде дамымаған. Бұл жағдай су арқылы таралатын инфекциялық аурулардың өршу қаупін арттырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, санитарияның жеткіліксіздігі дизентерия, іш сүзегі және гепатит А тәрізді аурулардың таралуына ықпал етеді.

Жүйелі мәселелердің қатарына су инфрақұрылымының тозуы, саладағы қаржыландырудың жеткіліксіздігі, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқарудағы келісімдердің әлсіздігі жатады.

Осы мәселелерді шешу үшін мынадай ұсыныстар қарастырылуда:

  • Инфрақұрылымды жаңғырту мен инвестиция тарту;

  • Ауылдық мектептерде санитариялық-гигиеналық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған оқу бағдарламаларын енгізу;

  • Су сапасын бақылауға арналған цифрлық мониторинг жүйелерін кеңінен енгізу;

  • Су ресурстарын басқару мәселесінде халықаралық ынтымақтастықты нығайту.

Тәжірибелік білім беру мақсатында 2025ж. сәуір айында ҚазҰМУ “Молекулалық биология және медициналық генетика” кафедрасының меңгерушісі А.Ж. Молдакарызова, профессор-ассистенті А.Ж. Мустафаева және Медицина 24-003/004 топ студенттері Алматы қаласындағы «Самал» ЖШС-на тәжірибелік сапары барысында, суды өндіру, сүзу және бөтелкелеу технологияларымен танысты. Бұл іс-шара студенттердің судың қауіпсіздігі мен санитариялық бақылауы бойынша білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді.

Қазақстан үшін су және санитария саласындағы Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу – тек инфрақұрылымдық емес, сонымен қатар экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да маңызды міндет. Ауыз суға қолжетімділік пен санитария сапасын арттыру – халық денсаулығы мен елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі. Бұл бағытта мемлекеттік саясатты жүйелі қайта қарастыру, ғылыми негізделген шешімдер қабылдау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту қажет.