Ана махаббаты

Оқырмандар арасынан келген осы бір хат “Аналық махаббат” жайында тақырып қозғауға түрткі болды.
Оқырман хаты:
“Менің босанғаныма 1 ай болады. Менде балаға деген сезім, сүйіспеншілік жоқ. Сонда ол депрессияға жатады ма?”
Егер басқа мәселелер болмаса, жоқ. Бұл босанған ананың аналық махаббатының әлі толық оянбауы. Ол босанған аналарда кездесетін жағдай.

Кейде босанып келген анаға жақындар тарапынан “балаға мейіріммен қарамайсың” деген сөздер айтылып жатады. Ондай сөзді өзіңізге жақын алмаңыз. Балаға деген мейірім, сезім, махаббат уақыт өте келе пайда болады.

Ананың балаға махаббаты туған сәтінен пайда бола ма? Босана сала нәрестеңізге махаббатыңыз ашылмай, аналық сезім оянбағанда “Мен ана болуға лайықтымын ба?” деген ой да келген болар әрқайсысымызға. Көбінесе, бірінші баланың тууымен анада аналық

инстинкт және махаббат бірден пайда болмайды. Келесі босанғаныңызда бұл жағы жеңілдеу өтеді. Әйел «ана инстинктімен» туылады деген пікір қалыптасқан. Ал әйелде босана салысымен аналық инстинкті ояну керек деп ойлайды.  Кейбір жас аналар аналық сезімдердің «кереметін» атап өтеді және бірден баласына деген сүйіспеншілікті сезінеді. Бірақ бұл барлық анада бола бермейді.

Аналық инстинкті және махаббаты бірден оянбаған аналар өздерін қоғам алдында  кінәлі сезінуі мүмкін өйткені олар өздерінің және қоғамның үмітін ақтамадым деген ойға келеді. Ана инстинкті деген құбылыс бар ма, жоқ па нақты кесіп айту қиын. Бұл мәселеде әртүрлі көзқарас бар. Бірақ осыған байланысты кейбір әкелер ананың балаға қамқорлық жасауы оңай деп санайды.  Яғни, әйелдің дұрыс ұйықтамауы,  дұрыс тамақтана алмауы  және т. б. жағдайларда табиғат оған көмектесіп, жетпеген нәрселердің орынын толтырады деп ойлайды. Анасы баламен көп уақыт өткізгендіктен бала күтімі, қамқорлығы және мінез-құлқы жайында көбірек біледі деп санайды. Бала туған күннен бастап бала жайында ақпарат пен махаббаты бірден пайда болмайды. Кейде бұл үшін белгілі бір уақыт өтуі қажет. Егер әке баламен анасы сияқты көп уақыт өткізсе, ол да баласының қалауы мен мінез-құлқы туралы біліп алар еді.

Әр адам өзінің қабілетіне қарай  жаңа жағдайларға әртүрлі уақытта бейімделеді. Ал ана болу, жалпы ата-ана болу – бұл отбасылық өмірдің жаңа кезеңге өтуі. Жаңа кезеңге өту дегеніміз күнделікті өмірдегі, әдеттегі үлкен өзгерістер. Аналық махаббаттың пайда болуына көп факторлар әсер етеді: өз анаңызбен қарым-қатынасыңыз, кішкентайлармен болған оң немесе теріс тәжірбие, жүктілік сіз қалаған уақытта болды ма және оның өту барысы қалай болды, босану барысы жақсы өтті ме, аналық рөлге байланысты іштей дайындығыңыз қандай болды және т.б.

Шамадан тыс күту, кінә арту, өз-өзіне қатты талап қою эмоционалды стрессті арттырады және

ананың жаңа рөлге бейімделуінің табиғи процесін қиындатады. Кез-келген басқа қарым-қатынас сияқты, баламен қарым-қатынас та уақыт өте қалыптасады! Сондықтан, егер махаббатыңыз бір күнде пайда болмаса, онда бұл ештеңені білдірмейді! Бір терең тыныс алыңыз да, өзіңізге жаңа рөлге үйренуге уақыт беріңіз. Кем дегенде оны аздап игеріп, әр түрлі жағдайда сезінесіз. Кейде балаңыздың жанында болғанда агрессия мен тітіркену пайда болса, тіпті оған қол тигізгіңіз келмейтінін сезсеңіз психотерапевт немесе психологқа бару керек.

Сәбиіңізге сүйіспеншілік пен махаббатыңыз ашылып, ауыр басу үшін не істеуге болады? Балаңызды бақылаңыз, оның қалай қозғалатынына, реакциясына, тіпті аяқ саусақтарына дейін үңіліп қараңыз, кеудеңізге басыңыз. Баламен тілдесіңіз. Ол үшін ән айтыңыз.  Балаңызбен кейінгі қарым-қатынастың басталуы осы амалдарды жасаудан болады. Бірте-бірте осы процеске қатыса отырып, ана махаббатын сезінесіз.

Яндекс.Метрика