Қалай ертерек жүкті болуға болады? деген сұрақ көптеген жас келіншектерді, атап айтсақ, тұрмыс құрғанына 5-6 ай болып, бірақ көтермей жүрген жас келіншектер мен бедеулікке ұшыраған келіншектерді қаттырақ алаңдатады. Енді біз сол сұраққа жауап боларлықтай жеті амалды назарларыңызға ұсынамыз. Олар төмендегідей:
Бірінші амал — дәрігердің тексеруінен өту
Егер тұрақты төсек қатынасына түсіп жүріп, бірақ жүкті болу мүмкін болмаса, дәрігердің тексеруінен өтіп, әр түрлі сараптамалар тапсырыңыз. Тексеруге еріңіздің де барғаны жөн. Себебі әйелдің жүкті бола алмауы өзіне ғана байланысты құбылыс емес.
Дәрігерге барудың сыры мынада: жүктіліктің басталмауына әйелдің бойындағы бала тууға қабілетті және жауапты ағзалардың түрлі инфекциялармен зақымдануы, түрлі білінбейтін індеттер мен еркектің шәуетінің (сперма) ұрықтандыруға қабылетті болмауы (мысалы: аз бөлінуі, ұрықсыз болуы) себеп болады. Себебін дәрігер мамандардың тексеруінен өту арқылы анықтауға болады. Ескеретін жайт, кез келген дәрігер қан мен зәрдің сараптамасын жасап, сізге бала көтермеудің себебін айта алмайды. Білікті мамандарға қаралыңыздар.
Екінші амал — зиянды әдеттерден құтылу
Темекі, спиртті ішімдіктер, есірткілік заттар әйелге де еркекке де кері әсер ету арқылы жүктіліктің жолын кесе алады. Темекінінің түтінін зауыттарша бұрқыратып, арақты судай сіміретіндердің денсаулықтарын айтпағанда, перзент сүюлері әрқашан оңай болмайды. Мүмкін болса да зиянды заттардың зарары міндетті түрде болады.
Балалы болу үшін темекі мен ішімдіктен бас тартқаныңызда бірден бала көтеруіңіз мүмкін болмаса, бір-екі ай шыдай тұрыңыз. Уланған ағза зиянды заттардан екі айда айтарлықтай тазарады. Еркектің ұрық жасушалары жаңару үшін екі-үш ай уақыт қажет.
Үшінші амал — жүкті болуға қолайлы күндерді анықтау
Етеккір циклын бақылап, оның ұзақтығы мен етеккір келетін күндерді есептеп, жүкті болуға қолайлы күндерді тауып алуға болады. Әр әйелдің етеккір циклы әр түрлі болатындықтан жүкті болуға қолайлы күндері де әр түрді болады. Бірақ есептеу әдісі бірдей. Жүкті болуға қолайлы күндерді анықтау туралы мына мақаланы оқыңыз.
«Жүкті болуға тиімді күндер келді» деп, қалпақты аспанға атып қуанып, күн сайын жыныстық қатынасқа түсе беруге болмайды. Жыныстық қатынас күн сайын болатын болса, сперманың ұрықтандыру ықтималдылығы төмендей береді. Ең тиімді секс жиілігі — 2-3 күнде бір рет жақындасу.
Төртінші амал — салауатты өмір салтын ұстану
Бала көтеру кей әйелдер үшін бір орында отырып балық аулағандай болу емес. Жүкті болу үшін қимыл керек. Қимылдарға тек төсектегі қозғалыс (жыныстық қатынас) жатпайды. Одан бұрын салауатты өмір салтын ұстану, яғни спортпен шұғылдану, сапалы тамақ жеу, сымбатты дене қалыптастыру сынды әрекеттер мен қимылдарды жасауға тура келеді.
Дені сау және сымбатты әйелдің семіз немесе арық әйелдерге қарағанда жүкті болу ықтималдылығы аз да болса артығырақ болады. Денсаулықтың жақсы болуы мен сымбатты дене жейтін тамақ пен қимылға байланысты.
Дәрумендік терапия мен тамақтануды ұштастыра білудің бала тууға қатысатын ішкі жыныстық мүшелердің қызметін реттеуге тигізетін оң әсері бар. Сауатты мамандардан әйелдің репродуктивті мүшелеріне әсер ететін дәрумендік терапия туралы сұрап біліңіз, тиісті дәрумендерді қабылдаңыз.
Бесінші амал — жүйкелік қиындықтардан арылыңыз
Стресс, депрессия және сол секілді жүйкеге ауырлық түсіретін көңіл-күйлер мен кей адамдармен болатын қарым-қатынас әйелдің жүйке жүйесін шаршатады. Әйелдің әйел екенін ерекшелеп тұратын негізгі белгілері шашы, жыныстық мүшелері болса, әйелдің биологиялық әйелдік рөлін ми ерекшелеп тұрады. Етеккірдің келуі де сол мидағы безге байланысты. Ал ми жүйке жүйесінің негізгі бөлігі.
Стресс пен депрессияда жүрген әйелдің жүкті болуы мүмкін емес деп ешкім айта алмайды. Десе де, жүкті болуға кедергі келтіретін әсерін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан жүйкеңіздің сау, көңіл-күйіңіздің көтеріңкі болуына көңіл аударыңыз. «Мына келін неге көтермей жүр?» деген түкке тұрғысыз сөздерге мән бермеңіз. Ондай сарындағы сөздер сізге көмектеспейді.
Алтыншы амал — табиғи түрде жақындасу
Жыныстық қатынасқа түскенде әйелдің де, еркектің де жыныс мүшелеріне арнайы майлар мен кремдер, тағы сол сияқты артық заттарды пайдаланбағаны абзал. Жыныстық қатынас кезінде пайдаланылған жағатын, майлайтын заттардың құрамындағы қоспалар шәуеттің құрамындағы ұрықтануға мүмкіндігі бар сперматозоидтарды өлтіре алады, оларды жатырға қарай өткізбей қояды. Өлген аталық ұрық жасушасы аналық ұрық жасушасымен қосылып ұрық түзе алмайды.
Әйелдің қынабына жағылатын заттар (қынаптың шырыштылығын арттыруға арналған заттар) қынаптың бойындағы қышқылдылықты арттырады. Қышқылдылық көрсеткіші артса, сперматозоидтардың өлу ықтималдылығы да артады. Қышқылдылық түрлі індеттер (инфекциялар) жұққан кезде де жоғарлайды. Оны (қышқылдылықты) төмендету үшін жақындасардан алдын аздаған сода қоспасы бар суға жуынып алу артықтық етпейді.
Жетінші амал — дұрыс жыныстық қатынас
Жыныстық қатынассыз жүктіліктің болмайтыны белгілі. Бірақ «Қандай жыныстық қатынас болу керек?» деген сауалға жауап іздеу біраз жайтты түсіндіреді. Жыныстық қатынастан соң бала көтеру үшін ол қатынас дұрыс болуы шарт. Ал дұрыс жыныстық қатынастың қандай болуы шарт?
Дұрыс жыныстық қатынас дегенде «жыныстық қатынастың жазылған ережесі бар ма еді?» деудің қажеті жоқ. Жазылған ережесі жоқ, тек нұсқауы бар, мысалы, жақындасу кезіндегі күйлер туралы айтылатын кеңестер. Секс кезіндегі кейбір күйлер (позалар) еркектен бөлінген сперманың әйелдің жатырына жетуі үшін айтарлықтай маңызды рөл атқарады.
Жыныстық қатынасты тұрып та, отырып та, жатып та, қисайып та жасауға болады. Әйелдің жүкті болуы үшін қолайлы позаларды білу көп көмек тигізеді. Қатынас барысында түрлі күйде болуға болады. Ең маңызды жайт: еркектің жыныс мүшесінен сперма бөлінетін шақтағы күйдің жүкті болуға тиімді күй болуында. Нақтырақ айтқанда, еркек тояттаған сәтте жүкті болуға қолайлы позада болу керек.
Жүкті болуға тиімді күйлерге төмендегідей күйлер жатады:
- классикалық — әйел астында еркек үстінде. Мұндай позада еркектен шыққан сперма құрамындағы сперматозоидтардың жатырға, одан ары жатыр түтігіне өтулері оңай болады;
- еркек артында — әйел тізесімен тұрады, ал еркек артында болады. Басқа бір түрі: әйел бір қырымен (жанымен) жатады, еркек артынан әйел сияқты қырымен жатады. Еркектің әйелдің артында болуы кей әйелдерде болатын жатырдың артқа шегініп кеткен жағдайларында жүкті болу мүмкіндігін арттырады.
Жыныстық қатынас аяқталған соң әйелдің бірден тұрып кетпегені жақсы. Ерімен біраз аймаласып, құшақтасып, қиялдасып жатқаны абзал. Әйел жатқанда сперматозоидтардың жатырға енуі жеңілдей түседі.
фото: futurity.org/iStockphoto