Темекінің зияны көп-ақ: материалдық, моральдық, денсалулыққа байланысты зияндар. Әйелдің немесе еркектің денсаулық жағдайына кері әсер ету арқылы олардың ұрпақ сүю бақытынан айырылуларына себеп болады не болмаса жүкті болу құбылысын қиындатады. Сондай қиындықтардың бірі — жатырдан тыс жүктілік.
Темекі шегудің зардаптарының бірі әйелдердегі жатырдан тыс жүктілік туралы бір-екі жыл бұрын британиялық Эдинбург университетінің ғалымдары ғылыми зерттеу қортындысын жариялады. Ғалымдар темекі түтіні арқылы адам ағзасына өтетін никотиннің араласуымен түзілетін котинин затының жатыр түтіктеріндегі PROKR1 ақуызының мөлшерін арттыратындығын айтты. Аталған ақуыз ұрық жасушасының жатыр қабырғасына бекітілуіне (имплантация) ықпал етеді.
Ұрықты орналастыруға қабілетті PROKR1 ақуызы жатыр түтігінде көп мөлшерде болғандықтан ұрық жатырға жетпей, сол орында қалып, дами береді. Ал ұрықтың жатыр түтігінде дамуы дегеніміз жатырдан тыс жүктілік.
Темекінің кесірінен пайда болатын котинин заты көбейтіп жіберетін PROKR1 ақуызы жатырдан тыс жүктіліктің пайда болу ықтималдылығын төрт есеге дейін көбейтеді екен. Бұл дегеніміз қауіп болмағанда не болды?!
Зерттеушілер тағы не деді?
Зерттеу қортындысын жариялаған ғалымдар темекі шегетін әйелдердің жатыр түтіктеріндегі PROKR1 ақуызының мөлшері темекі шекпейтін әйелдердің жатыр түтіктеріндегі PROKR1 ақуызының мөлшерімен салыстырғанда екі есеге көп болатындығын айтқан. Демек, темекіқұмар әйелдерде қауіп те басымырақ болады.
Біздің айтарымыз
Темекі шегуді доғару біреуге оңай болса, басқаға қиын тиеді. Темекісіз өмір сүрудің артықшылықтары көп. Кейде артықшылық бала сүю бақытына тең болса, кері жағдайда баласыз қалу қасіретіне ұрындырады. Әрине, темекі шегетін әйелдердің барлығының бедеу болатындығын, жүктіліктері жатырдан тыс болатындығын айтудан аулақпыз. Дегенмен, ойланған адам үшін темекі шегетін әйелден туылатын баланың денсаулығының керемет болмайтындығы да жеткілікті емес пе?!
фото: wn.com