Қазақстанда дәрігерлер алғаш рет баланың бауыры мен жүрегіне бір мезгілде ота жасады

University Medical Center (UMC) мамандары Қазақстанда тұңғыш рет бір жарым жасар қыз баланың бауыры мен жүрегіне бір уақытта күрделі ота жасады. Бұл туралы UMC баспасөз қызметі хабарлады.

Кішкентай пациент UMC Ана мен бала орталығына жыл басында бауырдың қатерлі ісігі – гепатобластомамен түскен. Тексеру барысында ісіктің оң жақ жүрекше қуысына таралғаны анықталды.

Полихимиотерапиядан кейінгі күрделі шешім

Дәрігерлер алдымен химиотерапия курстары арқылы ісіктің көлемін кішірейтуге тырысты. Төрт курс химиотерапиядан кейін ісік екі есе кішірейгенімен, оны алып тастауға төменгі қуыс венаның сағасындағы тромб кедергі келтірді.

Осыған байланысты UMC Жүрек орталығының кардиохирургтарының қатысуымен жасанды қан айналым аппаратын қолдану туралы шешім қабылданды. Бұл құрылғы көбінесе ашық жүрекке ота жасау кезінде қан айналымын қамтамасыз ету үшін қолданылады.

8 сағатқа созылған бірегей ота


Сегіз сағатқа созылған ота барысында дәрігерлер бауырдың қатерлі ісігін алып тастап, жасанды қан айналым және ашық жүрек жағдайында тромбты алып тастады. Сондай-ақ, венаның төменгі қуыс сағасындағы ақауды өз перикардымен жамады.

Жасанды қан айналымы құрылғысы UMC Ана мен бала орталығында тұңғыш рет қолданылды. Бұған дейін мұндай оталар тек UMC Жүрек орталығында жасалатын.

Бірлескен күштің жемісі

Отаны UMC-нің бірнеше клиникасының мамандары бірлесіп жасады. Бұл UMC клиникаларының интеграциясының табысты үлгісі болды. Ота сәтті өтті, баланың жағдайы тұрақты, қазір үйінде емделуде.

UMC басшылығының айтуынша, болашақта пациенттер UMC мультидисциплинарлық тобының жоғары сапалы медициналық көмегін ала алады.

Яндекс.Метрика