Мен осы уақытқа дейін жазған постарымда баланың ата-анасының бір-біріне деген қарым-қатынасы бала психологиясына әсер ететінін үнемі жазып жүрмін. Бұл туралы онлайн кеңесте де ауқымды түрде айтып та жүрмін.
— Баламның сабағы нашарлап кетті; .
— Балам мені тыңдамайды;
— Мінезі өзгеріп кетті;
— Тұйықталып алды; .
— Сөзіме қарсы шығады;
— Сыйламайды;
— Өз білгенін жасайды;
— Түнде шошиды; .
— Қорқақ; .
— Өзіне сенімсіз; .
— Адамдармен араласа алмайды;
— Өзін қалай ұстауды білмейді; .
— Ашушаң;
Жаза берсем тізім ұзарып кете береді. Енді осындай жағдайға бетпе-бет келген әрбір ата-ана «Мұның себебі не? «, «Баламда неге мұндай мінез пайда болды? » деген сұрақты өздеріне қоя бермейді.
Мұның бірнеше себебі болуы мүмкін.
Соның бірі — ата-ананың бір-біріне деген қарым қатынасы.
Отбасындағы ұрыс-керіс, жанжал, айқай-шу, түсініспеушілік, дөрекілік бала психологиясына өте қатты әсер етеді. Мұндайды жиі көріп өскен балада жоғарыдағы тізімдегідей мінез-құлық қалыптасады. Сонымен қатар бала күйзеліске түседі(стресс алады).
Сана-сезімі толық қалыптаспаған бала үлкен зардап шегеді. Күйзелістің салдарынан баланың жүйке жүйесіне(нервке) салмақ түседі. Ол өз кезегінде жүйке жүйесі ауруларына алып келуі ғажап емес.
Сонымен қатар, бала күнінен-ақ, салмақ қосу немесе салмақ тастау, шаштың түсуі, ағаруы,т.с.с. пайда болуы мүмкін.
Ең сорақысы бұл баланың жүрегінің түпкірінде қалып қояды да. Бала есейіп үлкен өмірге араласып кеткенде де бейсаналы түрде өз кедергісін келтіріп жатады.
Мысалы, анасының өз күйеуін сыйламауы, баланың көзінше балағаттауы, ұл баланың әкеге деген құрметін жоғалтады. Өз отбасын құрып үйлі баранды болса да, өз әкелерін іздемейтін, перзенттік борышын атқармайтын азаматтардың бір сарасы осындай тәрбие көргендер. Және мұндай әкелер өз балаларына да суықтау болады.
Ал, қыз балаға әкесін жамандау арқылы әр ана қызының болашақ өміріне балта шабады.
Мұндай жағдайлардан кейін еркек атаулыға мүлдем сенбейтін қыздар өсіп шығады. Отбасын құрғанда да мұндай қыздар көбіне әйел бақытын сезіне алмайды.