Босанғаннан кейін салмақты реттеудің амалдары

Жүктілік кезінде барлық әйел салмақ қосады. Бірі шамалы ғана қосса, екіншісі 20 келіге дейін семіреді. Кейбір әйелдердің бойындағы ісіну құбылысы уақыт өте келе қалпына келеді. Ал босанғаннан кейін артық майдан арылу кез-келген мүсінін ойлайтын әйел үшін бас ауыртар мәселеге айналады.

Жүктілік барысында кей әйелдер дұрыс тамақтанбайды. Тым көп немесе керісінше тым аз тамақтану да денсаулыққа әсерін тигізеді. Сондықтан, аяғын бауырына жинаған әйелге артық салмақтан құтылу қиынға түседі. Оның үстіне, емшек сүтінің құнарлы болуы үшін де анасының тамақтану жүйесі маңызды рөл атқарады. Аса шектен шыға, ауызға түскенді жей беру де жақсылыққа апармайды, сол сияқты «семіріп кетемін» деп тым аз тамақтану да зиян. Өзіңіздің денсаулығыңызды айтпағанның өзінде ана сүтіне зәру бала да белгілі бір деңгейде зардап шегеді. Сондықтан, төмендегі кеңестер кәдеңізге жарап қалар

– Босанғаннан кейін алты аптаға дейін диета туралы сөз қозғаудың өзі артық. 9 айлық міндеттен кейін ағза белгілі бір деңгейде қалжырап қалады. Оған әл жинап, күшін қалпына келтіретін уақыт керек. Сондықтан, нәрестеңіздің қасында болып, екеуіңізге де ес жинауға мүмкіндік жасаңыз.
– Сүт өнімдерін көбірек тұтыныңыз. Ұн өнімдерін, керісінше, азайтуға тырысыңыз. Өйткені, олар артық салмақтың тым көп қосылуына әсер етеді. Алғашқы апталарда сәбиіңіз қоршаған ортаға үйренісе алмай қиналады. Асқазан, ішек жолдарының жұмысы нашар болғандықтан, ана сүтімен келетін бөгде заттардың барлығы ауырсыну сезімін тудырады. Сондықта, бірер айға жеміс-жидек, газды сусын секілді заттарды шектеу қажет. Майонез, кетчуп секілді құрамында қоспалары бар тағамдарға мүлде жоламасаңыз жөн болар.
– Емшек сүтінің 80-90 пайызы судан тұрады. Сүт мол болу үшін сусындарды көбірек ішіңіз. Әсіресе, сүт, қаймақ қосылған шайдың пайдасы мол. Оған қоса, жаңа босанғаннан кейін ішек құрылысы қалыпты жұмыс істеуі үшін жиі-жиі сұйық ішіп тұрыңыз. Бірақ, сүт көп бөлінетін аналар судың мөлшерін реттеп отырмаса, көкірек шамадан тыс ісініп кетуі мүмкін.
– Майлы тамақтарды шектеңіз. Ол артық салмақтан арылмақ түгіл қайта семіруге алып баратын төте жол деп біліңіз.
– Тәттілерді (конфет, шоколад, пирог, торт, т.с.с.) де көп тұтынудың қажеттілігі шамалы. Оның орнына кепкен жеміс, балды аздап қолдансаңыз болады.
– Жарма өнімдерінен сүтпен қосып ботқа жасап жеп отырсаңыз құба-құп. Жармалардың құрамында ақуыз да, көмірсутегі де, дәрумендердің де мол болатындығын ескерсек, сәбиіңіздің де, сіздің де көңіліңіз тоқ болатының анық.
– Кез-келген тағамды жегеннен соң сәбиіңіздің денсаулығына мән беріңіз. Өйткені, кей тағамдар кері әсерін тигізуі мүмкін. Мысалы, балық, консерві, цитрусты жемістер, жұмыртқа т.б.
– Тағы бір айта кетерлігі, аз-маз ішкен сыра, шарап балаға «еш әсерін тигізбейді, керісінше өте пайдалы» дейтін «ақылшы» жандардың сөзін құлаққа ілмеген жөн. Өйткені, қандай көлемде болсын, алкогольдің аты – алкоголь. Оның пайдасынан гөрі зияны басым.
– Дүниеге бала келгеннен кейін «ерлік» жасағандай еркелеп, демалудың жөні осы екен деп күні-түні төсектен тұрмай жататындар бар. Ескеретін нәрсе, қозғалыстың аз болуы семіздікпен күресте қандай диета ұстасаңыз да, нәтижесіз болады. Сондықтан, қимыл-қозғалыстың пайдасы аса үлкен. Сондай-ақ, шектен тыс қимыл қозғалысы да емшек сүтінің азаюына себепкер. Күнделікті өмірде, әсіресе, алғашқы босанған айда мезгілімен демалып, дене қозғалысын реттеп отыру да – өнер.
– Дәріханаларда сатылатын аналарға арналған дәрумендерді тек дәрігердің нұсқауымен ішкен дұрыс. Өйткені, өзімбілдікке салынып, көзге түскен дәріні ішу қауіпті.

Еуропалық ғалымдар жаңа босанған аналар арасында зерттеу жүргізген. Сөйтсе, әйелдердің 90 пайызы өзінің денесіндегі өзгерістерге риза еместігін білдірген. Бірі, қарынға жиналған майға, енді бірі, көкіректің салбырауына, кейбірі терінің жыртылғандығына шағым жасаған. Ал, баланың әкесінен жұбайының мүсіні туралы пікір сұралғанда, сүйкімді де, сүйікті қалпында екендігін айтқан. Сондықтан, сүйген көңілге сыртқы кейіп маңызды емес.

Яндекс.Метрика