Кукси тағамы

Кукси – Корей асханасының тағамы, суық көже ретінде ұсынылады. Негізгі құрамы ет, кеспе, арнайы тұздық қосылған сорпа немесе су. Қалған ингредиенттерін қалауыңызға қарай қоса бересіз.

Мен судан гөрі, сорпа қосып жасағанды жөн көрдім. Өйткені сорпамен, дәмдірек шығады, оған қоса етті қуырмай, асып салған пайдалырақ болатыны сөзсіз.
Кукси суықтай ұсынылатын тағам болғандықтан майсыз ет алғаныңыз жөн. Немесе етіңіз бәрібір майлы болса, дайын тағамға саларда, сорпаның майын алып тастаңыз және еттің майсыз жерін ғана салыңыз.

Пайдалы ақпарат:
Соя тұздығын таңдағанда құрамын мұқият оқыңыз. Құрамы тек қана – су, соя, бидай, және тұздан тұру керек. Ешқандай Е, консервант, ароматизаторлар, глютамат натрия (усилитель вкуса) болмау керек. Және сыртында Табиғи жолмен пісірілген (натурально сваренный) деген жазу болады. Табиғи жолмен жасалған соя тұздығы тек қана шыны ыдыста сатылады.
Корей сәбізіне арналған дәмдеуіш және басқа да құрғақ дәмдеуіштерді таңдауда да ең бірінші құрамына назар салыңыз. Әдетте, құрамын өте ұсақ жазса, онда құрамында химикаттары бар болуы әбден мүмкін. Ең бастысы ондай дәмдеуіштерде тек қана әр түрлі кептірілген шөптер (укроп, петрушка, кориандр, кинза, перец) ғана және кей жағдайда йодталған тұз да болады. Құрамында Е, глютамат натрия және ароматизаторлар болса, алмағаныңыз жөн.
Ескерту: мен алма сірке суын (яблочный уксус) алдым, оның концентрасиясы 6%, асханалық сірке (столовый уксус) судың да концетрациясы шамамен 6-9% болады. Сіздер сірке қышқылын (уксусная кислота) қоссаңыз, абай болыңыз, ол әдетте 70 %-дық болады. Оның 3-4 тамшысын қоссаңыз да жеткілікті.

Құрамы:
Сиыр еті – 0,5 кг.,
Болгар бұрышы – 0,5 дана,
Қияр – 1 дана,
Жасыл пияз – 1/3 бума,
Жұмыртқа – 2 ірі немесе 3 кішірек,
Кеспе (спагетти) немесе фунчоза – 100 гр.,
Сәбіз,
Корей сәбізіне арналған дәмдеуіш,
Сұйық май,
Сарымсақ.
Тұздығына:
Соя тұздығы – 3 ас қасық,
Алма сірке суы 6% – 2 шай қасық,
Лимон шырыны – 1 ас қасық,
Қант – 1 қасық,
Ащы бұрыш.

Жасалу жолы:
Болгар бұрышын және қиярды ұзыншалап, жасыл пиязды ұсақтап тураймыз.
Жұмыртқаға тұз қосып араластырамыз. Табаға аздап май жағып, құймақ сияқты пісіреміз. Кеспені сорпаға пісіріп аламыз.
Тұздық жасаймыз: Соя тұздығын, алма сірке суы, лимон шырыны, қант, ащы бұрышты араластырамыз. Сәбізден корей салатын жасаймыз: Сәбізді ұзын үккіштен өткіземіз, бірнеше тамшы сірке суын, тұз, сарымсақ және арнайы дәмдеуіш қосамыз. Үстіне сұйық майды қыздырып құямыз. Біраз уақыт тұзы сіңіп тұрғаны жақсы. Салатын алдын ала жасап қойсаңыз да болады.
Жұмыртқадан жасалған құймақты кеспе сияқты жіңішкелеп тураймыз. Етті де ұсақтап тураймыз. Көже құятын ыдыстың ең астына, кеспе, ет саламыз. Енді үстіне қалған көкөністерді саламыз. Соңында бірақ сорпа мен тұздығын құясыз.
Ас болсын!

Яндекс.Метрика