Бұрындары сүйек туберкулезі деген сөзді ілуде біреу болмаса, ести бермейтінбіз. Алайда,соңғы кездері халық арасында құрт ауруы деген атпен белгілі дерт қанатын жайып келеді. Сондықтан, балалар сүйек туберкулезі туралы Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы балалар ауруханасының дәрігері Жанат Асқаровадан егжей-тегжейлі сұрап білуді жөн көрдік.
Балалар сүйек туберкулезі деген не? Ол қалай таралады?
Балалар сүйек буын туберкулезі өте ауыр созылмалы жұқпалы ауру. Ауру балаларға үлкен науқас кісілерден, малдан жұғады. Туберкулез микробы бала организміне тыныс жолдары және тамақ ішкенде ауыз арқылы ішке кіріп, қан тамырларына түседі де, дененің сүйек-буын тканьдеріне тарайды. Ауру сүйектен басталып, біртіндеп жақын тұрған буынға көшеді.
Оның алғашқы белгілерін қалай анықтауға болады?
Сүйек-буын туберкулезінің біліну клиникасы жалпы организмнің улану белгілерінен басталады. Ауырған бала әлсіз, құлықсыз, асқа тәбеті тартпай, кешке қарай дененің қызуы 37,2-37,5-ке дейін көтерілу мүмкін. Әсіресе, бұл жас балаларда өте айқын көрінеді. Бала сылбыр тартып, көңілсіз қалып, оқу үлгерімі төмендеп кетеді. Ойнағанда шаршағыш келеді. Егер ата-ана дер кезінде көңіл айдарып, өзгерістерге мән бермесе, ауру асқына бастайды. Сырқаттың белгілері зақымдалған сүйек түрлеріне қарай әр түрлі болады: мысалы, омыртқа туберкулезі, ортан жілік-жамбас буынының, тізе-буын, иықтың туберкулезі, балтыр, табан, шынтақ және қолдың білезік буындарының туберкулезі.
Оның алдын-алуға бола ма?
Туберкулездің алдын-алудың ең тиімді сенімді әдісі — туберкулезге шалдыққан барлық науқастарға үздіксіз ем жүргізу. Себебі, дәрігер белгілеген дәрілерді қолданса, науқастың бактерия бөлінуі тоқтап, сәйкесінше, қоршаған ортаға таралу процесі тежеледі. Сонымен қатар, туберкулезге қарсы егу, БЦЖ вакцинасы алдын алуға сеп. Ата-аналар мынаны есте сақтау керек:
- Вакцинациялау жаңа туған нәрестелерге төрт күннен кейін соң жүргізіледі. БЦЖ мен қайталап егу 6-7 жаста (мектеп табалдырығын аттар кезде) Манту сынамасынан соң ревакцинацияланады;
- Салауатты өмір салтын ұстану, яғни тиімді тамақтану (ет, сүт, балық, дәнді дақылдарды, көкөністер мен жемістерді жиі пайдалану), дене қимылын арттыру, уақытымен тынығу керек;
- Жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау. Яғни, қолды, ыдыстарды, үйді таза ұстамау да аурудың таралуының бірден- бір себебі болып келеді. Ескерте кететін жайт: үй мүшелерінің әрқайсысының жеке гигиеналық заттары (тіс щеткасы, т.б.) бөлек болады;
- Міндетті түрде етті, сүтті толық піскенше қайнату да көп жағдайда деннің саулығына кепіл.
Бұл дерт тұқым қуалай ма?
Туберкулез тұқым қуаламайды, бұл — жұқпалы ауру. Жұқпалы ауру болғандықтан, отбасында бір-біріне жұғуы мүмкін. Сондықтан, науқас адам міндетті түрде оқшауланады.
Одан емделу мүмкін бе?
Туберкулезбен сүйек-буындардың зақымдануы жалпы дене туберкулезінің бір түрі болып есептелінеді. Сондықтан, ем, біріншіден, DOTS стратегиясы бойынша жүргізіледі.
Екіншіден, ауырған сүйек пен буынға толық тыныштық беру керек. Тек асқынған жағдайда операция жасап, жақын орналасқан сүйек туберкулезінің ошағын алып тастайды. Үшіншіден, науқастың денсаулығына ерекше күтім керек.
Перзенті дерке ұшыраған ата-анаға берер кеңесіңіз.
Туберкулез ауруы көп жағдайда ауа арқылы жұғатындықтан онымен ауыратын науқастың отбасы мүшелеріне жұғу қаупі өте жоғары. Ауру негізінде үй ішінде жұғады. Сондықтан, бөлмелерді әлсін-әлсін желдетіп, ауасын тазартып тұрған дұрыс. Науқастың өзінің жеке ыдыс-аяғы, көрпе-жастығы, орамалы болуы керек. Мүмкін болса, жеке бөлмеге жатқызылғаны дұрыс. Осы аурумен ауырған адаммен қарым-қатынас жасайтын барлық жанұя мүшелері үнемі дәрігерлік бақылаудан өтіп тұрулары қажет. Сырқаты бар жанұяда өзге үйдің мүшелерінің жұқтыру қаупі артпас үшін оқшаулайды. Немесе арнайы балабақша, мектеп-интернаттарға, санаториялық типтегі мектептерге ауыстырылады. Бауыр еті баласы осы дертке ұшыраған ата-ана, туберкулез дер кезінде емделсе, толық жазылады. Ең бастысы, перзентіңіздің жанынан әрдайым табыла біліңіз! Қандай жағдайда болса да, оның отбасының сүйікті баласы екендігін сезіндіре біліңіздер!
Сұқбаттасқан: Арай