Сырқат баланы қалай алдандырған дұрыс?

Сырқаттанған бала, Ауру бала, Науқас нәресте
фото: healthyclipping.com

Аурудың бастапқы кезеңінде бала енжар тартады, ұйықтай береді немесе қатты мазасызданады. Бұл кезеңде сырқат баланың мүмкіндігінше күндізгі ұйқысының да, түнгі ұйқысының да әдеттегіден ұзағырақ болғаны, ояу кезінде барынша тыныстағаны аса тиімді. Осы тұста балаға үлкен, ашық түсті қуыршақ, машиналар және т.б. да ірі ойыншықтар беруге болмайды. Бала өзін жақсы сезінуіне қарай алғашында төсегінде аздаған уақыт, ал одан кейін ұзағырақ отыруға мүмкіндік алады. Бұл уақытта балаларға қарындаш, қағаз, мозаика, онша ірі емес әрі төзімді құрылыс материалы, полистиролдан жасалған кішкене жеңіл қуыршақтар, ыдыстар, ұсақ жиһаздар жиынтығы және әртүрлі құрақ шүберектер таптырмайтын ойыншық бола алады (ұл бала мен қыз балаға арналған ойыншықтар).

Төсекте жатқан балаға ойыншықтарды бергенде мына ережелерді сақтау қажет:
1) бірден көп ойыншық беруге болмайды, өйткені бұл баланы шаршатады әрі төсек үстін ыбырсытып жібереді;
2) бала төсегінің үстіне жұқа тақтайдан жасалған шағын үстел қойған жөн, оның міндетті түрде төрт аяғы және қарындаштар мен ойыншықтар еденге домалап түсіп кетпейтіндей аласа кемерлері болуы қажет. Өйткені жерге түскен нәрсесін аламын деп науқас бала жалаң аяқ еденге түседі, болмаса, алып бер деп анасын сәт сайын шақырып, мазасын кетіреді, ал егер ол тезірек келе қоймаса, ашуланып, жылай бастайды. Төсек үстіне қойылатын кішкене үстелге төрт аяқ мына себептерден керек: мұндай үстел баланың аяғына салмақ түсірмейді және оның үстел үстіне құрылған үйді құлатпастан, отырғызған қуыршақты түсіріп алмастан және т.б. әрі-бері қозғалып, жайғасып отыруына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, мұндай үстел баланы тамақтандыруға да өте қойлайлы. Оған сорпа құйылған тәрелкені де, кисель құйылған ыдысты да және басқаларды да қорықпай қоя беруге болады.

Көптеген балалар қуыршаққа арналған кішкене жиһаздарды сіріңке қораптарынан желімдеп жасағанды жақсы көреді. Мұндай жиһаздар әдемі әрі жеңіл болып шығады, оның үстіне өз қолымен жасаған затты жұмыстан келген әкесі сәбидің ісмерлігіне таң қалып, мақтайды, сөйтіп бұл іске зор ынтасын арттырып, қызықтырады. Әрине, бала неғұрлым жас болса, оның істеріне ересектердің бірі солғұрлым молырақ араласуы тиіс.
Бала ойынын доғарып қойып, жиі-жиі ешнәрсе істемей, бос қарап жататын болса, оған таңданбаңыз. Оны ойын ойнауға күштеуге болмайды, себебі кейде өте тіл алғыш балалар шешесінің айтқанын екі еткісі келмей, ықылассыз болса да ойыншықтарын әрі-бері араластыра бастайды, бірақ шындап ойнауға дәрмендері жетпейді. Тағы да ескеретін жайт: сырқат баланы ойыншықтары жалықтырмай тұрып-ақ ол ойыннан тез шаршап қалады. Сондықтан ол ойыншыққа, одан әбден жалыққандықтан, басқа ермекті қалағандықтан емес, шаршағандықтан қарамайды. Сәби біраз демалғаннан кейін өзі ықыласы ауған ойынын одан әрі жалғастырады. Егер осы кезде қолынан ойыншығын алып қойса, бала жылайды. «Сәби не істегісі келетінін өзі де білмейді», – деп ешқашан да ойламаңыз. Іс жүзінде баланың ойын біз түсіне бермейміз.
Төсекте жатқан балаға бояумен сурет салуға рұқсат етуге болмайды, себебі ыдысқа құйылып, жанына қойылған суды үстіне оп-оңай төгіп алуы мүмкін. Дәрігер мысалы, скарлатинамен (көбінесе балаларда болатын өте жұқпалы тамақ ауруы) ауырған жағдайда бала жүрегіне күш түсіргісі келмейді де, оған жүгіріп ойнауға рұқсат етпейді, тек бөлмеде жай тұрып, жүруге рұқсат еткен кезде ғана баланың бояумен сурет салуына болады.
Еденде отырып ойнағанда да баланың өзін желіктірмейтін тыныш ойындармен айналысуына ұмтылыңыз. Сәби ірі текшелі ойыншықтардан үй немесе қуыршаққа пәтер жасап отырып ойнауына қолайлы болуы үшін еденге кішкене кілемше төсеп қойған жақсы.
Бала мінезіндегі аздаған өзгерістер белгілерінің (сауыға бастаған кезінде асқынулардың немесе жаңа бір аурудың бастапқы хабаршысы болуы мүмкін) өзін назардан тыс қалдыруға болмайды.

Дене қызуы көтерілген сәби, температурасы жоғары сәби
фото: youngparents.com.sg

Температурасы көтеріліп, енжар тартқызып, маужыратып ауыртатын сырқаттарға ұшыраған кезде бала ешнәрсеге зауқы соқпай және өз бетімен ештеңемен айналыса алмай, сөйтіп барлық уақытта көзін жұмып жатуды ғана қалаған кездерінде оның қасында жай ғана отыру да, еркелетіп жылы сөйлеу де жетіп жатыр. Біршама дауыстап кітап оқып берген де дұрыс, бірақ науқас баланың өзінің оқуына рұқсат етуге болмайды (әйтпесе, ойлау жүйесіне салмақ түседі, сырқаттанған кезінде миы тыныққан дұрыс).

Науқас бала ауруының беті қайтып, температурасы төмендеп, ол өзін жақсы сезіне бастағанда оған алаңсыз ойындар ойнауға рұқсат етіледі.
Сырқатынан айыққаннан кейін де балаға 2-4 апта бойына қолайлы күн тәртібі қажет. Осы кезеңде күндіз оны міндетті түрде ұйықтатып, ал түнгі ұйқысын 1-1,5 сағатқа ұзарту керек. Ал осы кездегі ойындары мазасыз әрі шаршататындай болмағаны жөн.
Кейде алаңсыз ойнап отырған баланың кенеттен қыңырлана бастайтынын жиі байқауға болады. Бұл – баланың шаршағандығының белгісі, сондықтан оны төсекке жатқызып, қасында жай ғана отыру, оған кітап оқып беру керек, аквариумдегі балықтарға қарау қажет. Қыңырлық көбінде шаршағандықтың салдары, сондықтан оның дем алып, күш жинауына мүмкіндік берген жөн.

Егер бала сырқаттан кейін де 2-3 апта бойы қыңырлығын қоймай, жылай беретін болса, тіпті ойнағысы келмесе, онда дәрігерге көрсету керек.
Кейде ата-аналардың бала ауырған кезде әншейін «еркелікке салынды», сондықтан мінезі өзгерді, нашар оқитын болды деп дәрігердің ұсыныстарына назар аудармайтын кездері болады. Сөйтіп, баланы «тәрбиелеу» үшін жазалау басталады, ал бұдан сәби түзелмейді, қайта жағдайы нашарлай түседі. Ақыры, ата-ана дәрігерге көрсетуге мәжбүр болады. Сөйтіп, баланы дәрімен емдеулеріне тура келеді.
Мұның бәрі бала тәртібіндегі өзгерістердің бәрін назардан тыс қалдырғаннан туындайды, сондықтан дер кезінде олардың себебін білу, бәрін қыңырлыққа, еркелікке жатқызбау қажет деген сөз.

Кейбір ауруларға шалдыққан кезде таза ауаны барынша мол пайдаланумен бірге, тыныш әрекет ететін жағдай да керек. Бала үнемі бір нәрсемен шұғылдануға тиіс. Мұндай күн тәртібі көкжөтелге (коклюш) ұшыраған балаларға қажет.
Қинала, қиқылдай жөтелу және жөтелмен бірге жиі құсу, бүкіл ағзаның, сондай-ақ, жүйке жүйесінің әлсіреуі – көкжөтелге тән сипаттар. Баланың көкжөтелмен ауыруын жеңілдетіп, тез сауығып кетуіне көмектесу мақсатымен жөтел ұстамасын неғұрлым азайтуға тырысқан жөн. Ол үшін баланы көзден таса қылмай, оны өзі қорқатын жөтелді есіне түсірмеуге және жөтелді қоздыратын сәттердің бәрін жоюға ұмтылу керек. Жөтел алуан түрлі жағдайлардан қозады: анасы ұрысса ол жөтеле бастайды; жерге түсіп кеткен бір нәрседен шошып қалса, жөтелі ұстап қалады, өзінен үлкен ағасы не әпкесі ойыншығын тартып алса, бала тағы да жөтеле бастайды. Сыртқы ортадағы тітіркендірудің бәрі көкжөтелді тудырып, қоздырады, содан барып сырқаттанған бала жүдейді, әбден діңкелеп шаршайды.

Егер бала жылы мезгілде ауырса (көкжөтелмен ауырған балалар жылдың қай мезгілінде болса да таза ауада көп қыдыруы тиіс), онда сәбидің сумен ойнауын ұйымдастыру өте пайдалы. Балалар суға кеме жүздірсе, қуыршақтарын шомылдырса, «кір жуса», және т.б. қызықты әрекеттерді жасаса, тіпті жақсы. Астаудағы, шылапшындағы, шелектегі су міндетті түрде жылы болуға тиіс. Бұл жағдайда сумен ойнау өте пайдалы, өйткені құрғақ ауа тыныс жолдарын тітіркендіріп, жөтелтуі мүмкін, ал ылғалды ауа керісінше, баланың тыныс жолдарына жақсы әсер етеді. Сонымен бірге, сумен ойнау — балалардың, әсіресе, мектеп жасына дейінгі сәбилердің ең сүйікті ойындарының бірі.

Баланы құммен ойнатпау керек, олай дейтініміз, тіпті дымқыл құмның өзі тез кебеді де, тыныс жолдарын қатты тітіркендіреді. Қыс кезінде қармен алуан түрлі: оны қазып, аққала жасап, шыбыққа жапсырып, әртүрлі жануарлардың және адамдардың бейнесін жасап ойнауға болады. Бұлар ойынды дамытуға, серуендеп жүрген баланы еліктіруге көмектеседі.

Үйде бала барлық уақытта да бос қарап отырмауға тиіс. Көкжөтелмен ауырған баланың кішкене арамен ағаш кесуіне, от басып, күйдіріп ойнауына болмайды, өйткені ағашты кескенде ауаға көтерілетін ұнтағы, күйген ағаштың ащы түтіні тыныс жолдарын тітіркендіріп, жөтелі ұстайды. Керісінше, қағаздан, картоннан, сіріңке қорабынан ойыншықтар жасау пайдалы.

Жасы мен икемділігіне сәйкес, құмартып ойнайтын әрі пайдаланатын құрылыс материалы да универсал ойыншық болып табылады. Ең кішкентай сәбилердің (1,5-2 жас) өздері бұл материалдарды бір қораптан екінші қорапқа ауыстырып салып немесе машинаға тиеп алып, бөлме ішінде әрі-бері сүйретіп ойнап жүреді. Ал бұдан ересек балалар олардан үй салуға әрекеттенсе, мектеп жасына дейінгі ересек балалар құрылыс материалынан қуыршаққа пәтер, кемелер, үйлер жасайды. Бұл ауруға шалдыққан балалардың құрылыс материалын еденге емес, үстелге қойып ойнағаны жөн, өйткені тізерлеп отырған кезде кеудесі қысылады, дем ала алмайды, қан айналысы да бұзылады.
Көкжөтелмен ауырған балаға тамақты өте жай және аса мұқият ішкізу қажет. Кейде тамақтандыру процесінің өзі баланың жөтелін қоздырады. Қандай жағдайда болмасын, балаға құрғақ, өте ыстық немесе суық тамақ ішкізбеген жөн. Ас жылы, оның үстіне міндетті түрде жұмсақ (шайнайтыны жоқ сорпа, әртүрлі пюрелер, ет суфлесі және т.б.) болуы керек. Баланың берген тамақты түгел тауысып ішкені абзал. Өйткені жөтел ұстаған кезде кұп құсып жүдеген баланың бойына әл-қуат кіреді.

Желшешекпен (ветрянка) ауырған баланың қолдары ойыншықтан қайткен күнде де босамауы керек. Әсіресе, оларға дүкеннен сатып алатын немесе өзедері ойлап, құрастырып ойнайтын ойыншықтар өте пайдалы. Ұзындығы әртүрлі, алуан түске боялған сіріңкелерден қағаз үстіне «сурет салып» ойнау да балаларды ұзақ алдандырады. Бұл «суреттер» қағазға желімдеуге де келеді. «Жас сәулетші» деп аталатын ағаш конструктор да жақсы. Онымен 4-5 жастағы балалардың ойнауына болады, ал 6-7 жастағы балаларға металл конструктор қажет. Мұндай сырқаты бар сәбилерді сумен және құммен ойнатуға рұқсат етілмейді.

4-5 жастағы балаға құрылыс материалын ұсынғанда оған қоса целлулойдтан немесе полистиролдан жасалған «Дәрігер Айболит және оның хайуанаттары», «Буратино» сияқты шағын ойыншықтар жиынтығын қоса берген жөн, сонда ғана сәби құрылысты бір мақсатты көздеп жүргізетін болады, сөйтіп ол осы аталған ауруға тән көптеген жағымсыз жайларды ұмытып кетеді.
Өте жас, 1,5-3 жастағы балаларға «Аш-жап», «Шеш-кигіз» үлгісіндегі ойыншықтар (матрешкалар, пирамидалар, қалайтын текшелер, жіңішкелеу қағаз жіпке тізетін ірі ағаш моншақтар) әрине, текшелер мен құрылыс материалын да ұсынған жөн.

!!! Сонымен, науқас балаға жете көңіл бөлу және оның кұтімін дұрыс ұйымдастыру ауруға қарсы күрестің қуатты құралы екенін ата-аналар әрқашан естерінде ұстауы абзал.

Яндекс.Метрика