Бала мұңая ала ма?

Біз балалардың әрдайым көңілді, шат-шадыман, ойыннан басқа алаңы жоқ деп есептейміз. Олардың ұрты салбырап, бұртия қалса, тек еркелікке балап, мән бере бермейміз. Бірақ, Тараз қалалық №23 балабақшаның бірінші санатты психологы Әлия Қазыбаеваның бұған айтар уәжі бар.

Мұңайған, көңілсіз сәби

Бала неге мұңаяды?— Кейде біз бір әріптесіміздің, көршіміздің, құрбымыздың тез құбылатын мінезіне қарап, «бала сияқты» деп сипаттап жатамыз. Бұл неден шыққан? Үлкендер көп нәрсеге мән бере бермейміз. Әсіресе, ойын баласының көңіл-күйі құбылмалы келеді. Тез өкпелегіш, тез қуанғыш, тез мұңайғыш.

Өйткені, олар біз секілді емес, өз эмоцияларын жасыра алмайды. Тіпті, «әке, менімен ойнашы» десе, біз «Мазамды алмашы. Сенсіз де жұмыстан шаршап келдім» деп жекіп тастайсыз. Жекімей, жай ғана «Кейін ойнайықшы» десеңіз де, табан астында өтінішінің жерде қалғанына іштей өкпелейді. Бір емес, бірнеше рет қайталана берген соң ол «менің ата-анама қажетім жоқ» деп өкпелеп те қалуы мүмкін.
Бойын көңілсіздік билей бастайды. Өзімен-өзі іштей қалып, жігеріне құм құйылады. Мен бір 5 жасар баланы бақылауға алған болатынмын. Ол, өте сабырлы болатын. Көбіне үндемей, ешкімге қосылып ойнай бермейтін. Осының сырын ұқпақ болдым. Сөйтсем, отбасында жайсыз жағдай орын алған екен. Туыла сала баланы өз әжесі қойнына алады. Еншілеп, «кемпірдің баласы» болып өседі. Алайда, бір жыл бұрын әжесі кенеттен көз жұмады. Балабақша баласы «өлім» ұғымын түсіне бермеуі де мүмкін. Бірақ, сағыныш пен айырылысу оны мұңайтқан. Жақын адамынан көз жазып қалу оған соққы болып тиген. Бұл – өте күрделі жағдай. Кішкентай жанды мұңайтатын жайттар жетерлік. Мен ең күрделісін айтып отырмын. Баланың көңіл-күйі түссе, ол жанын мазалаған қандай да бір нәрсе барын білдіреді. Жоғарыда айтқандай оқиға болмауы да мүмкін. Көшеде жаурап тұрған күшікті көрсе, үрейлі әңгіме естісе, қалаған ойыншығын ала алмас, мектепте екілік алса, біреуден ұрыс емес ескерту естісе де, көңілі бұзыла салады.

Оның көңілін қалай көтеруге болады?

— Бас салып көңіл-күйін көтеруге тырыспаңыз. Оның сізбен сөйлескісі келіп тұрған болар. «Не болды? Маған айтқың келмей ме? Кел, екеуміз әңгімелесейік» деп жанын жеген не екендігін білуге тырысыңыз. Ашылып сөйлесуге мүмкіндік жасаңыз. «Айтшы, айтшы» деп шыдамсыздық танытпаңыз. Одан сайын ішіне бүгіп қалуға себепкер боласыз. Есейгенше баланың досы – ата-анасы. Мұңаюдың себебін білген соң, тіпті, өте ұсақ-түйек, сіз үшін күлкілі жайт болса да, маңызды істі шешкелі жатқандай қалыпты түр жасаңыз. Өйткені, бізге майда-шүйде нәрсе, оған өте үлкен проблема болып саналады. Мысалы, ойыншығының бір қолы сынып қалды. «Бір қолсыз қуыршағым ұсқынсыз көрінеді» деп жыламсырайды. Онда тұрған ештеңе жоқ екендігін білгендіктен сіз күлкіге айналдырмаңыз. Сіз де онымен қосылып, маңызды іс шешетіндей кейіп танытсаңыз болады. Пікірінің маңыздылығын сезген соң, іштей марқайып қалады. Өзіңіз де байқайсыз: қолдау көрген бала көп кешікпей-ақ неге ренжігенін ұмытып та қалады.

Ал, балаларда ересектер секілді күйзеліс салдарынан мұңаюы мүмкін бе?

— Мүмкін, әрине. Оған түрлі жағдайлар әсер етеді: қоршаған орта, ата-ана, денсаулық, мінез, т.б.

Күйзеліске түскенін қалай анықтауға болады?

— Күйзелістің белгілерін былай анықтауға болады. Бала тым сезімтал, тез ашуланшақ, тұйық болып кетеді, тәбеті төмендеп, бойын ұйқысыздық, бас ауруы, әлсіздік билейді, өзгелермен қарым-қатынас жасаудан бас тартады.

Онымен күресудің амалы бар ма?

—  Бастапқы сатысында ата-ана өзі-ақ ушықтырмай алдын-ала алады. Тек мұңаюдың себебін дәл анықтап, іштегі жарасын жазуға кіріссе. Олай болмаса, өкінішті. Өйткені, мұны да дерт дейді. Рухани дерт. Бастапқы кезеңін емдемесе, асқынған кезеңін психотерапевт дәрігерлер ғана емдей алады. Бірақ, өз баласын құстың қанатының көлеңкесінен да қорғайтын мейірімді ата-ана перзентін уайым-қайғыға салып қоймасы анық.

фото: vipan bangar/desicomments.com

Яндекс.Метрика