Жалғасы. Басы: Кішкентайыңыз неге қорқақ?
Балаңыздың бойында өлім алдындағы қорқыныш сезімі бар-жоқтығын қалай анықтауға болады?
Кей жағдайларда бұл қорқыныш сезімі басқа сипатта байқалады: шабуылдан, аурудан, табиғат апаттарынан (су, от, өрт) қорқу.
Бұл үрей үлкендерге де тән, бірақ аздап қана. Бұл көп жағдайда ертегі кейіпкерлерімен байланысты. Мысалы: оттан қорқатын себебі — аузынан от шашатын үшбасты айдаһар туралы ертегіні тыңдағаннан.
Бір күні анасы дәрігердің қабылдауына үшбасты айдаһардан қатты қорқатын баласын алып келеді. Дәрігер баладан нақты неден қорқатын түсіндіріп беруін сұрағанда, ол: «айдаһар сондай қорқынышты, үрлесе – маңайдың бәрі өртке оранып кетеді» деген. Яғни баланың ертегі кейіпкерінен қорқуы – өлім алдындағы қорқыныш сезімімен байланысты.
«Иттен қорқам, ол мені жұлмалап жеп қояды», «құрттан қорқам, ол жыланға ұқсайды, ал жылан қатты шағады» дегенді де естуге болады.
5-6 жасар бала емдеу шараларынан да қорқады. Емханада егу жасайтын (укол салатын) кабинет алдында бақырып жылап тұрған баланы жиі байқайсың. Анасы: «үп-үлкен азаматсың, бұрын уколдан қорықпаушы едің ғой, ауырмайды, ауыртпай жасайды, мен саған шоколад алып беремін» деп баласын көндіреді. Бірақ шприц алдындағы қорқыныш сезімі баланың түсінігінде «ауыртады, өліп қаламын» деген ұғыммен (ауырсыну өлімге душар етеді) байланысты екенін анасы аңғармайды.
Осы жаста бала ауырып қалса, жақын адамы не сүйікті жануары өліп қалса, оған өте ауыр тиеді. «Бұндай жағдай менімен де болады» деп ойлайды ол.
Өлім алдындағы қорқыныш сезімін ұғынған бала есейіп келе жатыр деген сөз. Бала мектепке бара бастағанда, бұл қорқыныш сезімі бойынан бірте-бірте тарқай бастайды. Оның бар ойы сабаққа ауады. Жаңа өмір оған қызықты.
1-сыныпқа барып жүргенде бұл сезім мүлдем үрей тудырмайды. Бірақ барлығында емес. Сезімге берілгіш балалардың бойында бұл сезім сақталып қалады. Олар өліктерден, қаңқалардан, мүрделерден, шайтандардан қорқады.
Егер 5 жасында бала өз өлімінен қорықса, есейе келе, ата-анасынан айрылып калам деп қорқады. Ата-анасының өлімі ол үшін жалғыз қалғанмен бірдей.
Жалғыздық алдындағы қорқыныш «ата-анамның сүйікті баласы болмай қаламын» деген үреймен тығыз байланысты. Бала «мама, сен мені жақсы көресің бе?» деп жиі сұрайды. Себебі, бала жалғыз қалмайтынына сенімді болғысы келеді.
Қорқыныш қалай пайда болады?
Пайда болу себептері өте көп. Зерттеу нәтижесінде ер балалардың қорқыныш сезімі қыз балаларға қарағанда аз байқалатындығы дәлелденді. Оған қоса, әкесі не шешесі жоқ отбасында өсіп келе жатқан ер балалардың қорқыныш сезімі отбасы мүшелері толық ортада өскен ер балаға қарағанда, басымырақ.
Ата-аналарының ажырасуы қыз балаға айтарлықтай әсер ете қоймайды. Балалар анасымен қалатындықтан, қыз бала мен анасы бір жынысты болғандықтан, тығыз қарым-қатынас орнатады. Мұндайда қыз бала өзін тіпті еркін сезінеді, өзіне сенімі артады. Ал әкесіз қалған ер балалар әке қамқорлығын сезінбегендіктен, құрбыларымен де қарым-қатынасын орната алмай, қорқыныш сезімі ұлғайып отырады. Ажырасқан соң әкесінде қалған балалар да осылай.
Ата-ананың арасындағы кикілжің де балаға кері әсерін тигізеді. 4-5 жасар, айналасын танып, түсіне бастаған бала бұндайда өзінің дәрменсіздігін (әкесі мен анасына ықпал ете алмайтынын, араласа алмайтынын) сезінеді. Әсіресе, бұл қыз балаға тән.
Баласына шектен тыс қамқорлық көрсету арқылы ата-анасы оған зиянын тигізіп жатқандығын көбісі аңғармайды. Бұдан баланың қиындықпен күресуге қарсы күш-жігері қалыптаспайды. . Мысалы: Анасы Асанды өте кеш, 35 жасында босанды. Бұл арманына ол он жыл дегенде зорға жетті. Әлбетте, анасы бұдан кейін баланың денсаулығы мен өміріне қатты алаңдайды. Анасы оған қатты қамқорлық жасады, дәрігерлерді жиі шақыртып отырды, ойнап жүріп кішкентай жарақат алса да қатты уайымдайды. Баласынан өзін қалай сезінетіндігін қайта-қайта сұрай береді. Асан да есейген сайын айналасындағылардан қорқа бастады. Ол құрбыларымен ойнаудан бас тартты («олар мені кенеттен ұрып-соқса ше?»), дәрі ішуден қорықты («мен білемін, бұдан соң қатты ауырады»), түнде «мені анамнан жаман аға алып кетеді» деп шошып оянады. Бұл қорқыныш сезімдерінің басты себебі, «балама тек жақсылық тілеймін» деген ойдағы анасының «қамқорлық» сипаттағы қарым-қатынасы.
Бірақ осылай екен деп, шектен тыс суық, қатал да болмау керек. Сонымен бірге, үлкендер еш уақытта балаға «жегенің желкеңнен шықсын», «қақалып қал», «сені иттер талап, жеп қойсын» деген үрейлі сөздерді айтып, жанын жараламауға тырысуы керек. Бала өзіне қаратып айтылған сөздерді тікелей қабылдайды. Ал сіздің айтқандарыңыздың жаман сөз екенін (даусыңыздың ырғағына, мимикаңызға қарап) түсініп, балаңыздың санасында «мені ешкім жақсы көрмейді» деген ой пайда болады. Бұған таң қалмаңыз, өкінішке орай, осындай «жылы лебіздерін» оқтай жаудыртатын ата-аналар да бар арамызда. Өзіңіздің махаббатыңызды білдірмесеңіз, бала өзін қорғансыз қалғандай әсерде болады, көңіл-күйінің жайсыздығын сезінген бала ешкімге жақындай алмай, бәрінен алыстап, қоршаған ортаны өзінің дұшпаны деп қабылдайтын болады.
Ата-аналар өздері де неше түрлі байбаламдар айтып, баланың бойына қорқыныш ұрығын себетіндерін байқамай жатады: «тәртіпсіз болсаң, сені қасқырға берем», «тіл алмайтын болсаң, сені далаға тастап кетемін», «тамағыңды ішпесең, дәрігерді шақыртып, укол салдыртамын», т.б. Осылай деп алып, артынан тентектері түнде шошып оянса немесе далаға қыдыруға шыққанда, қолынан айрылмай тас қып ұстап алса, «неге бұлай жасайды?» деп таң қалады.
Жасында алған неше түрлі соққылар баланың есінде көпке дейін сақталып қалады. Байқаңыз, балаңыздың жауыздығын тудырып жүрмеңіз.
Енді қорқынышты түстер мен түндегі үрейлердің айырмашылығына тоқталып өтейік.
Түндегі қорқынышты түстер
Балалардың барлығы да түнде қорқынышты түстен шошып оянады. Оның себебі, өңінде болған оқиғаларға байланысты: қорқынышты фильмдер, ертегілер, ұрыс-керіс, қатты соққы. 2 жастағы баланың қорқынышты түс көруіне баланың анасынан айрылуы, ата-анасының тым қаталдығы, махаббаттың жетіспеушілігі себеп болады. Оны жақсы түсіну үшін өзіңіздің балалық шағыңызды есіңізге түсіріңіз: қараңғыда төсектің астынан бір құбыжық шыға келеді.
Қорқынышты түстер әдетте түннің аяғында басталып, шамамен 20 минутқа созылады. Оянған соң бала бәрін де өңіндегідей сипаттап бере алады.
Қорқынышты түс көріп жатқанда бала қатты мазасызданады, жүрек соғысы жиілейді, бірақ ешқандай қимыл байқалмайды. Бұл – бұлшықеттерінің босаңсуынан болады.
Егер бала қорқынышты түс көріп, шошып оянса, ол ата-анасына түсін айтып жылай бастайды. Мұндай жағдайда сіз қандай көмек көрсете аласыз?
Ең алдымен, өзіңіз мазасызданбаңыз. Балаңызға көңіл аударып, шыдамдылық танытыңыз.
Оянған сәтте ол әлі өңі мен түсін ажырата алмай, бұлыңғыр күйде, көрген түсі әлі де жалғасып жатқандай болады. Балаңызды «бұл тек түс қана» деп сендірудің қажеті жоқ. Себебі, ол әлі кішкентай болғандықтан, шынайылық пен түстің арасындағы айырмашылықты түсінуге қауқары жетпейді.
Бәрінен де бұрын баланы «көргеніңнің бәрі қауіпті емес» деген сенімді дауыспен айтылған тұжырым көңілін жұбатады. Түсін толық айтып беруге мәжбүрлемеңіз, себебі түсіндегі сезімін қайтадан басынан өткеруге тура келеді. Қолыңызға алып, жай ғана тербетіп, ән айтып, жылы сөзбен жұбатыңыз.
Ал келесі күні сіз балаңызбен түсіндегі оқиғалар туралы (егер ол ұмытып кетпесе) сөйлесуге міндеттісіз. Оның қорқынышты түсін өз сөзіңізбен баяндап шығыңыз. Бірақ соңын көңілді аяқтауға тырысыңыз.
Ұйықтар алдындағы әрекетін мұқият байқаңыз. Түнге қарай белсенділікті қажет ететін ойындардан бас тартыңыз, қорқынышты суреттерді көрсетпеңіз, қорқынышты ертегілерді тыңдатпаңыз. Керісінше, жатарда бесік жырын айтып, шын көңілден шыққан жылы лебіздеріңізді білдіріңіз (сені барлығымыз жақсы көреміз, т.б.).
Егер сіз ұстамды болсаңыз, балаңыздың назарын қорқынышты түстеріне аудармауға тырыссаңыз, жұбатып, көңілін басқаға аудара алсаңыз, онда жақын арада кішкентайыңызды қорқынышты түстер мазаламайтын болады. Кері жағдайда, ол тұйықталған кеңістікке тап болады: күндіз оны сансыз тыйымдар мен байбаламдар (олай жасама, бұлай жүрме, т.б.) аңдып жүрсе, түнде қорқынышты түстер мазалайды.
Түндегі үрейлер
Қорқынышты түстер мен үрейлерді бір-бірінен айыра білу керек. Түндегі үрей бала ұйықтап қалған соң, түннің басында болатын ұйқысының бұзылуы болып табылады (жоғарыда жазылды, қорқынышты түстер түннің соңында болады).
Олар тек баланың өзін ғана емес, сонымен бірге, үлкендерді де үрейлендіруі мүмкін. Бала міңгірлеп, қорыққаннан айқайлап жібереді, төсегінде дөңбекшіп шығады, тұла бойы терге малшынып, қан қысымы көтеріліп, жүрек соғысы жиілейді, көзінің қарашығы үлкейеді. Ата-анасы жанына келсе, ол оларды танымай қалады.
Бұл кезде «не болды?» деп сұрақ жаудыртып, баланың мазасын алмаңыз. Жұбатудың да қажеті жоқ. Тек төсегіне жатқызып, басынан сипап, тербетіңіз, тыныш ұйықтап қалады. Терең ұйқыға батып, таңертең мұнысы есіне түспеуі де мүмкін.
Түндегі үрей ұстамасы шошынған айқайдан басталады. Осы сәтте бала ұйықтап жатыр ма, әлде ояу ма, әлі күнге дейін анықталмаған. Алайда, ол үлкендердің жанында тұрғанын аңғармайды, ұйықтап жатыр деп те айта алмайсың. Бұл ұйқыдан оянуға алмасатын өтпелі уақыт болуы мүмкін.
Түндегі үрей психологиялық проблемаларға байланысты емес (бұл абыржу, айрылысу, ауыр дерттен, отбасындағы келеңсіз жағдайдан болуы мүмкін) және эпилепсияның алғашқы белгілері деп қарамау керек.
Түндегі үрейдің алдын алуға және емдеуге бола ма?
Түндегі үрейдің алдын-алу шаралары – баланың ұйқыға арналған уақытын толықтай қамтамасыз ету. Егер бала белгіленген мөлшерде ұйықтаса, оның ұйқысы қалыпты, тыныш болады және қорқыныш сезімдері болмайды.
Түндегі үрей жиі болса, дәрігер дәрілік терапия белгілейді. Бұл тек белгілі бір аурудың салдарынан (қояншық (эпилепсия), ақыл-ойының бұзылуы, ми ісігі, т.б.) болса ғана жасалады.
Баланың түнде ұйқысы тыныш болсын, шошымасын десеңіз, төмендегі кеңестерге назар салыңыз:
- Ең алдымен, үйде тыныштық сақтаңыз. Теледидардың даусын басыңыз, ақырын сөйлесіңіздер.
- Ұйықтар алдында бала психикасы тынығу қажет. Ойыншықтармен ойнатыңыз, суреттер қызықтаңыз, ертегі айтып беріңіз, сурет салғызыңыз.
- Егер баланың інісі (ағасы) не қарындасы (әпкесі) болса, онда олар бір-біріне ұйықтағанда кедергі жасамауды үйренуі керек. Болмай бара жатса, бөлек бөлмелерге жатқызыңыз.
- Баланың төсегі ыңғайлы, үлкен болсын, өте жұмсақ болмасын, бұл омыртқасының қисаюына алып келеді. Бөлме іші қапырық және өте жылы болмасын. Шамды бала түнде оянса, төсектен тұрмай-ақ өзі жаға алатындай етіп орнатыңыз.
- Әдетте, бала сүйікті ойыншықтарын құшағына алып жатса, тез ұйықтайды. Сіздің төсегіңізде ұйықтауға рұқсат бермеңіз.
- Тамағын жатардан екі сағат бұрын беріңіз.
- Бесік жырын айтыңыз, соңы жақсылықпен аяқталатын ертегі оқыңыз, оны жақсы көретініңізді білдіріңіз.
Баланың қорқыныш сезімін бейтараптандыруға (залалсыздандыру) арналған бағдарламалар.
Бағдарлама бірнеше кезеңдерден тұрады. Соның бірі – қорқынышының суретін салу.
Барлық бала сурет салуды жақсы көреді. Бұл 3 жастан бастап кішкентайыңыздың сүйікті ісіне айналады. Психологтардың айтуынша, сурет арқылы ол өзінің сезімдері мен көңіл-күйін, қызығушылығын, тілегін, арманын, мінез-құлық ерекшелігін, ішкі жан дүниесінің күйзелісін бейнелейді.
Егер баланың салған суретінде сұр және қара түс қалың болса, өмірге қызығушылығы жоқ, үнемі көңіл-күйі төмен, қорқынышы көп деген сөз. Ал егер ашық, қанық бояулар басым болса, онда бұл – өміршеңдігінің, көтеріңкі көңілдің белгісі.
Бойындағы қорқыныш сезімін суреттер алдында алдымен еркін тақырыпты таңдаңыз: «Далада», «Менің отбасым», «Сүйікті жануарым». Оның ішінде «Менің отбасым» тақырыбы ерекше. Бала отбасы мүшелерін түгел салуы керек. Бұл сізге баланың отбасындағы қарым-қатынасты қалай қабылдайтынын көрсетеді. Ол өзін қай жерге орналастырғанын байқаңыз, анасы мен әкесі қаншалықты жақын орналасқан. Егер ол өзін суреттің ортасына, ал ата-анасын жанына орналастырса, демек, отбасындағы қарым-қатынас бірқалыпты, оның қорқыныш сезімі отбасындағы кикілжіңге байланысты емес. Керісінше, егер бала өзін ата-анасынан алшақ не тек біреуінің жанында орналастырса, алаңдауды қажет етеді. Демек, отбасындағы мүшелер бір-бірімен тату емес. Қолданған бояуына да назар салыңыз. Анасы мен өзін бір түспен, әкесін басқа түспен бояса, бала анасымен оңай тіл табыса алады.
«Менің түсіме енетін қорқынышты түстер. Мен неден қорқамын?»
Алдымен балаңызбен жақсылап сөйлесіп алыңыз, неден қорқатынын анықтаңыз, үрейлерінің тізімін жазыңыз (аю, жалмауыз кемпір, от, өлім, өрмекші, дәрігер), содан соң тізімдегілердің бейнесін салуға тапсырма беріңіз. Барлық үрейін бейнелеп болған соң, міндетті түрде оны әңгімеге тартыңыз.
Балаға салған суретін көрсетіңіз. Қалжыңмен сипаттап беріңіз. Соңынан «енді қорқасың ба?» деп сұраңыз. «Жоқ» десе, мақтап қойыңыз.
Егер үрейі әлі де қалса, тағы да суретін салуды ұсыныңыз. Бірақ бұл жолы өзінің сол үрейге қарсы тұру сәтін бейнелесін.
Қорытынды ретінде «Мен кім болғым келеді?» тақырыбын таңдаңыз. Бұл баланың өзіне деген сенімін арттырады, қиындықтарды жеңе білуіне көмектеседі. Ол өз болашағын салады, ал онда қорқынышқа орын жоқ.
Сабақ соңын ойынмен бекітіңіз. Мысалы, «Кім жақсы ертегі айтып береді?». Алдымен сіз бастаңыз, негізгі кейіпкердің бідеңеден қорқатынын, бірақ кейін қорқынышын жеңіп, қиындықтардан сүрінбей өткендігі туралы әңгіме ойлап табыңыз. Баланың да қиялына ерік беріңіз. Ол да ертегі құрастырып көрсін. Арасында ойыншықтарды да пайдаланыңыз. Оларға рөлді бала өзі бөліп берсін. Бұл кішігірім көріністі маска, костюм, өлең, тақпақтармен толықтыруға болады. Ойынды түрлі үлгіде бірнеше рет қайталаса, бала бойындағы қорқынышынан біртіндеп арыла бастайды.
Нұрбану Омарова
4 жасар ер балам тунде шошып оянып жылап жур. Бул баламның тортинши рет кайталауы 15 кун уакыт ишинде, улкен әжейге апарып басына коргасын құйдырып емдеттік , бірақ тағыда қайталанды енді не істеуіме болады ақылшы ағалар , апалар
Мешіттердегі дем салатын имамдарға оқытып көріңіз. Әдетте дем салған соң баланың шошып оянуы болмайды.
Мен өз сұрағыма жауап тапқан сияқтымын.
Салеметсіздерме! Менің балам кеше кеште катты жылап жіберді, баламның жасы 2 жас 6 ай арен түсіндірді, əжетханадан бирдене ұшып келді деп жылай береді коридордың тобесин корсете береді, коридорға шығуға корқады түнде светті оширсем жылады оширмеши ұшып келеди деп озім де қорқып отырмын. Жалтақтап тобеге қарай береди не істесем болды екен Алладан үмітім бар, Қүран сүрелерін қайта қайта оқып жатырмын, Иншалла көмегі тиер, қыздар балаларды əжетхана маңына жолатпаңыздар екен өтініш!
Менин балам кундиз де тунде де коркады уйдин ишинен.Болмеден болмеге баруга .Паластардын гулдеринен.нестеуге болады.
Ассалаумағалеикум менің балам жасы тоғызда
Бұдан 3,4 жыл бұрын үиде ілулі тұрған ескі бет көретін аинаға қарап қатты шошынып қалдыма біздің атын атап шақырғанға ешқандаи естімеді .содан білген сүремізді оқып əрең өзіне келтіріп алдық осыдан кеиін басталды кеи кездері күнде бір кездері қоиып ұмытып кетеміз бірдеңе көрінгендеи бір жерге қарап тұрып қалады қорқып тұрғандаи бетіне су бүркіп бері қаратып аламыз.Осындаи жағдаи қандаи кеңестеріңіз бар бөліссеңіздер. Алдын ала рахмет.