1 жас пен 4 жас аралығындағы балалар өмір мен мультфильмнің ара жігін ажырата алмайды. Яғни, олар мультфильмдегі болмаса, фильмдердегі көрністерді бұл шынайы өмірде деп қабылдайды.
Қазіргі балалар ақпаратты анағұрлым көбірек қабылдай алады.
Бірақ, бұл ақпаратты мөлшерден артық қабылдаудан баланың психикасы зардап шекпейді деген сөз емес.
Қазіргі 1 жастағы баланың өзінде телефонға, гаджеттерге тәуелділік бар.
Көп аналар маған мынадай хаттар жазады «Балам 2 жаста жатса да, тұрсада қолынан телефон түспейді, алып қойсақ истерика, сағаттап жылайды», «Бала тіпті тамақтанып отырған кезде де алдына телефоннан мультфильм қосып қойып тамақтандырамыз. Әйпесе, тамақ жемейді.» осыған ұқсас мазмұндағы хаттар өте көп.
Біріншіден, бұл баланың тамақтану тәртібін бұзады. Екіншіден, мұндай жағдайда асқазан дұрыс жұмыс жасамайды. Үшіншіден, 1-4 жас аралығында балаға 15 минуттан артық экранға қарауға болмайды. Төртіншіден, бала қандай дүниені қарап жатыр, оны сараптап отырған ата-ана жоқ. «Жыламаса болды» деп телефон беріп құтылады.
Ал баланың көріп жатқаны өз жасына сай дүние ма? Көру арқылы қандай ақпарат қабылдап жатыр? Осы сұрақтарға тоқталайықшы.
Бала түгілі ересек біздерге негативті ақпараттарды қабылдау ауыр. Ал, қазір біз тұнып тұрған негетивті ақпараттың ортасында өмір сүріп жатырмыз. Бізді қоршаған әлем өте мазасыз, жалпы алып қарағанда қырғын-жойғын. Жаңалық болсын, кино болсын, балалардың көріп жатқан мультиктері болсын, тіпті балалардың ойнайтын телефондағы ойындарына дейін зорлық-зомбылықты байқауға болады.
6 жастағы бала түгілі 12 жастағы баланың өзінің зорлық-зомбылық көріністерін қабылдауға психологиялық қорғаныс механизмдері жеткіліксіз.
Мысалы, қырғын-соғыс, қан, зорлық-зомбылықтан бөлек, бала тіпті мултьфильмдердің өзінен байлап қою, көміп тастау, қамап қою, күш қолдану, сатқындық, қатігездік, жағдайды өздігінен шешу қабілетінен айыру сияқты көрністерді көреді. Бұл жерде басты кейіпкер кішкентай бала болса, ол кейіпкер бала шарасыз жағдайда болса, онда мұндай мультфильмдердің өзі бала психикасына кері әсерін тигізетінін ата-ана тіпті болжай да алмайды.