Бала күтуші ананы айырбастай алсын ба?!

«Бала — балым, баламның баласы — жаным» деп есептейтін еді біздің бабаларымыз. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз бұрындары кішкентай қара домалақтарын бір елі қастарынан тастамай тәрбиелейтін. Жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен. Даланың дана қарттарының қолында бала қай кезде де рухани дүниесі бай, ұлттық намысты жоғары қойып, көпшіл болып өседі. Көргені мен өмірден түйгені көп көнекөз қарияларымыз тәрбиенің нәрін бала бойына сіңіре білген. Ал, бүгінгі таңда ата-әженің орнын бала-бақша басты деуге болады.

Мектепке дейінгі бала тәрбиешісі мамандығы болғанымен, жеке бала күтуші мамандығы жоқ. Десек те, жұмыссыздық, бала-бақшалардың жетіспеушілігі секілді қиындықтар дипломсыз мамандық иелерін, бүгінгі тілмен айтқанда, нянялардың немесе бала күтушілердің санын арттыруға себеп болып отыр.

Әрине, қазақылықтың қаймағы бұзыла қоймаған ауылда ата-әжелердің мейірім шапағатын көріп өсетін балалар баршылық. Ал, қаланың қарты немере бағуды ойлап та қоймайды. Одан да жалдамалы бала күтушісіне жүгінгенді жөн санайды.

Теледидардан түрлі бағдарламалардан осы бала күтушілері туралы неше түрлі жағдайларды көрсетіп, айтып жатқанын көреміз. Мәселен, бала күтушісінен күдіктене бастаған ата-аналар үйлеріне бейне бақылау орнату арқылы бала жылағанда күтуші жұбатудың орнына ұрып-соғып, ұрлық жасайтындарын, кей жағдайда тіпті ішкілікті өзі ішіп қана қоймай, балаға да беретінін көрсеткенде таң қаласыз. Егер шынайы өмірде солай болып жатса, ол дегенміз бала сана сезімі мен дамып келе жатқан ағзасын улау ғой.

Бауыр етіңіздей балаңызды бейтаныс кісіге тапсырмас бұрын ол туралы жан-жақты мәлімет сұрастырып алыңыз. Мысалы: өз ұл қыздарын тәрбиелеген ана, бала күтуден еңбек өтілі бар тәжірибелі болғаны абзал. Психикасын, соттылығын анықтайтын анықтама мен алкоголь және есірткіге тәуелсіздігін растайтын, жұқпалы, т.б. қауіпті аурулармен ауырмайтындығын растайтын арнайы медициналық анықтамасы болуы шарт. Қандай дінді ұстанатынын сұрағаныңыз да артық болмас. Себебі, басқа дін немесе қазіргі кездегі түрлі секта ағымын ұстанса, балаңызға үйретпей қоймауы мүмкін емес.

Күтушілердің, ең бастысы, тәжірибесінің болуы, балаға жылы шыраймен қарауы, жауапкершілік, тіл табыса алуы, баланың қауіпсіздігі мен тазалығына, тамағы, ойыны мен серуендеріне жауап беруі талап етілу керек. Бұл дегеніміз тек басы ғана. Шын мәнісінде, күтуші баланың ақыл-ой өрісін дамытатындай дәрежеде болуы керек. Тіпті қазір отбасылар олардың шет тілін білуін талап ете бастады. Демек, ата-аналар тарапынан қойылатын мұндай талап қоғамда білікті бала күтушіге деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

Тағы бір мәселе бар

Балаға мықты тәрбиеші таптық делік. Білімі, сауаты, тазалығы, бәрі-бәрі керемет. Бірақ сол мықтыңыз балаға тәрбие бере ала ма? Шығыс ғұламасы Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім — қауіпті» деген. Әсіресе, студент жастар жаз айында ата-анасына, өзіне қаржылай көмек жасау үшін жұмыс іздейді. Сөйтіп студент бір баланың күтушісі болады. Ойлап қарасақ, 19-21 жас аралығындағы жастар балаға не тәрбие бере алады? Ешқандай. Көк жәшік пен компьютерді қосып қойып, баланың тамағын уақтылы бергенді бала күту дегенге ауыз бармас. Мұның бәрі жас баланың көз қарасының да түбегейлі өзгеруіне әсер етеді.

Бала әу бастан ана мейіріміне, әке шапағатына қанып өсуі шарт дегенді мамандар да алға тартады. Қазақ баласын есейгенше бауырына алып жатқан. Ата-ананың шынайы махаббатына бөленіп өскен сәбидің бойынан жылылық пен мейірім көруге болады. Себебі, ананың аялы алақаны, әкенің жылы қабағынан артық бала үшін ешнәрсе жоқ. Ал, өзге адамның тәлімін алып, өз анасының жан жылуына зәру баланың бірбеткей әрі жатбауыр болмасына кім кепіл?

Бабаларымыз «Үйдегі алтын қазық  — ана» деп санаған. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбисі — қызға, әке тәрбиесі — ұлға үлгі. Ана — ақылшың, әке — қамқоршың, ағаң — қорғаушың, інің — сүйенішің, қарындасың — қанатың екенін естен шығармауға үйретеді. Отбасында сүйіспеншілік пен мейірім болса, баланың тәрбиесі де оң болмақ. Сондықтан әр ана, мүмкін болғанша, бала тәрбиесімен өзі айналысу керек.

Даналарымыз қай кезде де қате айтпаған: «Не ексең, соны орасың.» Бәлкім заманның талабы, мүмкін адамның қалауы, кім білсін, әйтеуір біраз жас та, жасамыс та мансап қуалағыш болып кетті. Әсіресе, жас отбасылар. Материалдық жағдайы болып тұрса да, міндетті жұмысы болмаса да, бала тәрбиесіне мән бермей, өзгенің көмегіне жүгінетін аналар баршылық. Ал, үлкенге құрмет, кішіге ізет, жамандықтан алшақ, ар-намысты жоғары ұстау, біреудің ала жібін аттамауды күтуші мен теледидар үйрете ме? Бұл сауалдың жауабын әр түрлі. Ал өмірдегі тәжірибе үнемі оң нәтижелерді көрсете бермейді.

Қалада тұратын жас отбасылар балаларын ауылдағы ата-әжесінің тәрбиесіне берсе, бала да әкесі мен анасы да, тіпті бала бағуға шамасы жететін ата-әжесі де ұтылмайды. Отбасы қаржысы да үнемді, әрі бала сенімді қолда  болмақ.

Адам үшін басты байлық – ақшада емес, баланы саналы тәрбиелеп, ұрпақтар жалғастығын сақтауда. Балаға ең алдымен махаббат пен сүйіспеншілік, ананың мейірімі, әкенің жылы қабағы керек.
фото: babyphotos.co.in

Ұқсас мақалалар

ХХI ғасырдағы бала тәрбиесі

Ұрлық па, шалалық па?

Бала неге өтірік айтады?

Бала тәрбиесі жатырда басталады

Яндекс.Метрика