Ұл балаға әке керек. Әрдайым, ешбір сылтау-себепке қарамастан. Қазіргі заманда көп адам басқаша ойлайтынын білемін. Дәстүрлі отбасылық құндылықтар дағдарысты бастан кешіп жатыр. Жалғызілікті аналар саны күрт артты. Ұлдарын бір өздері ғана өсіріп, тәрбиелеп жатыр. Шыны керек, көбісі тамаша тәрбиелейтіні де рас. .
Қазір әкенің рөліне, азаматтың әдебіне, тәрбиесіне қатысты көп дүние өзгеріп жатыр. Кей дүние ескіріп те кеткен шығар. Мейлі. Өмір ғой, солай болуы керек те болар. Бірақ ұл балаға әке ауадай қажет. Дұрыс тәрбиеленіп, саналы түрде жетілу үшін – әкенің рөлі ерекше. Бұған жүз пайыз сенімдімін. .
Неге бұған сенімдімін? Себебі, өзім де әкесіз өстім.
Ол тоғыз жасымда үйден кетті. Негізі одан екі жыл бұрын бізбен тұрмай жүрді. Балалық шағымдағы әкемді еске түсіре алмадым. Бір-екі рет жолыққаным ғана есімде. Бітті. Ол бізбен әке болып бірде-бір рет футбол да ойнамапты. Екінші отбасы болды. Сосын білуімше, үшіншісі де болған. Анам інім екеумізді өзі тәрбиелеп, жеткізді. Жақсы адам етіп тәрбиеледі.
Алайда кейін еншімді алып, бөлініп шыққанда өзімді танумен айналыстым. Өмірде ненің маңызды, ненің аса мәнді емесін түсіне бастадым. Сол кезде барып әкемнің жоқтығынан қарапайым нәрселерден мақұрым қалғанымды түсіндім.
Бойымда тұнған комплестерім, өзіме ғана аян кемшіліктерім көп екенін мойындадым. Ашуланшақ едім, онымды ет жақындарым жақсы сезінетін. Өміріме көлеңке түсірген қателіктің бәрі менің карьерамды кейінге қалдыра берді – менің адамдармен қарым-қатынасыма қатты әсер ететін. Бұның барлығы өзімнің сенімсіздігімнен екенін түсіндім. Бұл сенімсіздік жасөспірім кезден, ұлдың анасынан ажырап, әкесіне тән бола бастайтын кезде жалғыз қалғандығынан екенін түсіндім. Мен өстім де, бірден үйдің ересегі, арқа сүйер азаматы бола салдым. Бұл жүкті қалай арқалау керегін білмедім. Әр ұлдың жанында осы кезде әкесінің болғаны маңызды. Әке қолдайды, мақұлдайды, керек жерінде – тектеп отырады. Бірақ тек бұл үшін емес. Жасөспірім ұл үшін өте маңызды тағы бір дүние бар. Айтайын дегенім де сол еді. Сен сүйенетін арқа сүйерің, сенен де мықты, қайратты, сенімді, бәрін білетін адамның болуы.