Тұйық мінезді балаларға арналған жаттығулар

Бала мен ұстазы, қызымен әкесі, сабақ үйрету
фото: ehowcdn.co.uk

Жалғасы. Басы:
Балаңыздың мінезі тұйық болса
Баланының мінезі қалай тұйық болады?

Баланың психологиялық және эмоциялық күйін Роршах (швейцарлық ғалым) тесті арқылы анықтауға болады. 5-6 жастағы балаларға жүргізуге ұсынылған. Шарты мынандай: бала қағазға орналасқан он симметриялы суреттен (дақ түрінде) кез келген фигураны байқап қалуы тиіс. Тесттің шешімі күрделі, оны маманмен жүргізген дұрыс. Бірақ ата-аналардың да жүргізуіне болады. Баланың уақытын шектемеңіз, қалағанынша қарап, суретті зерттесін. Тесттің шешуін тапқан соң төмендегі қорытындыны оқыңыз:

  • егер балаңыз бірнеше дақтан адамдардың сұлбасын аңғарса, ол айналасындағылармен қарым-қатынас жасағанда қиналмайды;
  • егер ешбір дақ оған адам сұлбасын білдірмесе, демек, ол адамдармен байланыс жасағанда қиналады;
  • егер әрбір дақтан кез келген фигура не зат көрсе, оның шығармашылық қиялы дамыған, бала жақсы жетілген, күнделікті өмірде ой өресін дұрыс қолдана алады;
  • дақтан таныс бейнені көре алмау қабілеті қиялының әлсіздігін көрсетеді. Мұндай бала құрбы-құрдастарымен араласқанда қиналады.

Егер сынақтың нәтижесі қуантарлықтай болмаса, қапаланбаңыз. Бұл психологиялық дамуының ерекшелігіне байланысты болуы мүмкін. Осы жаста балаға орта көп әсер етеді, араласатын ортасы жақсы болса, құрбыларын басып озады.

Барлық бала қиялдағанды жақсы көреді. Әсіресе сурет салғанда, мүсіндерді сомдағанда, қиял-ғажайып әңгімелерді ойдан шығарғанда қиялға ерік береді. Шығармашылық жұмыстарына қарап, оның даму деңгейін аңғаруға болады. Шығармашылық жұмыстар баланың қарым-қатынас қабілетінің дамуына оң әсерін тигізеді. Балаға сурет салуды немесе өмірде жоқ аңның бейнесін сомдауды ұсыныңыз. Жұмыс барысында қай түсті таңдағанына назар аударыңыз:

  • егер бала түрлі түсті кескіннен бас тартса, демек, оның бойында үрей бар;
  • қызыл түсті таңдаса, бала қоршаған ортамен байланысқа түсуге дайын, одан ерекше нәрсе күтеді. Мұндай баланың мінезі ашық, өзінің көңіл күйін анық көрсетеді;
  • қара түс – сіздің балаңыз кез келген ортада басшы болуға талпынады;
  • жасыл және қоңыр түс – татулықты жаны сүйеді, таныстарымен қарым-қатынас жасағанда ешбір қиналмайды;
  • суретте көк түс басым болса, өз-өзіне сенімсіз, енжар;
  • сирень (көкшіл) түсін қолданса, белгісіз нәрсенің алдында қорқады;
  • сары және қызғылт-сары – айналасындағылармен және өзімен байланысы үйлесімді, мұндай түсті өмірге құштар бала таңдайды;
  • суретті ірі етіп салса, өз-өзіне сенімді, ашық; өте майда болса – қорғансыздықтың белгісі, ешкімнің көзіне түспеуге тырысады;
  • суретте дөңгеленген бөліктер болса, мінезі ашық; үшкір бөліктер (тікенектер) – бәрін өзіне дұшпан санайды, айналасына аса сақтықпен қарайды;
  • ашық, қызыл ауыз және өткір тістер – бала айналасындағылардан қауіп күтетіндіктен, өзін жайсыз сезінеді;
  • егер жануардың қанаты болса, кез келген уақытта кез келген дұшпанға өзін ұстатпайтындай дайындықта екенін көрсетеді, қауіпсіз қашықтыққа шегіне алады;
  • ұзын аяқтар – тұрақтылықтың, кішкентай аяқтар – қорғансыздықтың белгісі.

Суретті не сомдаған фигураны талдай отырып, не себепті осы түстер мен бөліктерді таңдағанын сұраңыз. Әңгімеге тартқанда бойындағы үрейінің, мазасыздығының себебін анық білуге болады.

Таныс ертегілерді сізге әңгімелеп беруге баланың құмарлығын оятыңыз, кезек-кезек әңгімелеуге тырысып көріңіз: біреуі бастасын, екіншісі жалғастырсын, үшіншісі аяқтасын. Таныс кейіпкерлерді қатыстырып, жаңа ертегі құрастырып көріңіз.

Мінезі тұйық балаларға арналған ситуациялық-психологиялық жаттығулар

Балаға бірнеше психологиялық жағдаяттарды шешуді ұсыныңыз. Ұсынылған шешімнен тек біреуін таңдасын, сосын ұсынылған шешімдердің әрқайсысын бірігіп талдаңыздар. Өзінің ойын бала сізге дауыстап жеткізуі тиіс. Тұйық мінезінің ашылуына көмектесіп қана қоймай, мұндай жаттығулар баланы логикалық ойлауға үйретеді, тілін жетілдіреді, қарым-қатынас қабілетін дамытады.

1) Сен кубиктерден биік ғимарат құрастырдың. Теледидар көріп жатқан әкеңе ұсынасың. Бағдарламасы аяқталғанша әкең күте тұруыңды өтінеді. Сен не істейсің? Неліктен?

  • бағдарламасы аяқталғаша өз бөлмеңде күтесің, бұл уақытта тағы бірдеңені құрастырумен айналысасың;
  • жарнама басталғанда әкеңнің бөлмеңе келіп кетуін өтінесің;
  • ол қарағанша өтінішіңмен оның мазасын аласың;
  • анаңа, әжеңе не басқа біреуге барасың;
  • ренжіп, онымен сөйлеспей қоясың.

2) Сендерге қонаққа бейтаныс адамдар келді (өз балаларымен). Өзіңді қалай ұстайсың?

  • ата-анаң қонақтарды таныстырғанша күтесің;
  • ата-анаңды күтпей қонақтармен өзің танысып аласың;
  • қонақтар отырған бөлмеге ойыншықтарыңды әкеліп, әңгімелеріне кедергі келтірмей, өзіңмен-өзің ойнайсың;
  • қонақтармен әңгімелесесің, оларға өзің туралы қызық әңгімелер не тақпақтар айтып бересің;
  • қонаққа келген балаларды өз бөлмеңе шақырып, оларға ойыншықтарыңды бересің;
  • қонақтар келгенін көріп, өз бөлмеңе кетіп қаласың.

3) Егер ата-анаң қонақтар келгенде «бөлмеңе бар» десе, сен:

  • жата қалып, бақырып жылайсың;
  • үн-түнсіз, ешбір ренішсіз бөлмеңе кетіп қаласың;
  • қонақтардың ортасында шамалы отыра тұрайыншы деп өтінесің, біраздан соң бөлмеңе кетіп қаласың;
  • қонақтармен бірге қалуыңды өтініп, қиғылық саласың;
  • ренжіп, өз бөлмеңе барып жылайсың.

4) Сен ата-анаңмен қонаққа келдің. Онда өзіңмен жасты балалар бар. Олар сені ойнауға шақырады. Өзіңді қалай ұстайсың?

  • тапжылмай тұрып алып, ата-анаңнан алыстамайсың;
  • олармен ойнауға қуана келісесің;
  • үлкендердің арасында қаласың;
  • балалармен ойнауға барасың, бірақ арасында үлкендер отырған бөлмеге барып тұрасың;
  • үйге қайтайықшы деп ата-анаңа қайта-қайта өтінесің.

5) Есік алдына шығып, сен ескі құрбыларыңның арасында бейтаныс балалардың пайда болғанын көресің. Өзіңді қалай ұстайсың?

  • танысу үшін бірінші болып жақындайсың;
  • ескі құрбыларыңның біреуінен таныстыруын өтінесің;
  • олар сенімен өздері келіп танысқанша күтесің;
  • олар сенімен ойнағысы келсе де оларға қарамайсың;
  • жаңа балалармен ойнау саған қиындық келтіретіндіктен, үйге қайтасың.
  • Ұсынылған жағдаяттарды талдау кезінде балаға ең оңтайлы шешімді таңдауға көмектесіңіз.

Ойна да, ашыл!

Балалардың ойыны, балабақшадағы балалар, ойын баласы, тұйық мінезді бала
фото: Mirjam Graf/nzz.ch

Тұйық баланың ашылуына топтық ойындар да көмектеседі. «Танысу» ойынын ойнап көріңіз. Бірнеше ойыншы дөңгеленіп отырады да, кезек-кезек өздерін таныстырып, бір-екі сөйлеммен өздері туралы айтып береді. Келесі ойыншы алдындағы ойыншылардың айтқанын қайталап беруі керек. Мысалы:

Менің атым – Айжан, мен қуыршақтарыма әдемі көйлектердің суретін салғанды ұнатамын.
Айжан қуыршақтарына әдемі көйлектердің суретін салғанды ұнатады. Ал менің атым – Маржан, мен ән айтқанды жақсы көремін.
Айжан қуыршақтарына әдемі көйлектердің суретін салғанды ұнатады. Маржан ән айтқанды жақсы көреді. Ал менің атым – Ербол, мен сурет салғанды жақсы көремін, т.с.с.

Бұл ойын баланың коммуникативті қабілетін ғана дамытып қоймай, сөйлеу, есте сақтау қабілетінің дамуына да ықпал етеді.

Балалар өз ортасында ұялып-қысылудан да тұйық болады

Бала бойында физикалық кемістігі (көзі нашар көріп, көзілдірік киюге тура келсе, семіздік, арықтық, кекештену, т.б.) бар болса, мінезінің тұйық болуына себеп болады. Мұндай жағдайда дәрігердің арнайы көмегіне немесе физикалық жаттығуға жүгіну қажет. Өзіңіз де балаңыздың кемшіліктеріне мән бермей қалжыңмен қарауына, қысылмауына көмектесе аласыз. Бұл сезімді бала бойына ұялатуға түрлі ойындар пайдасын тигізеді. Балаға өзіңіз не отбасыңыздың басқа мүшелері туралы қызықты оқиғаларды айтып беріңіз. Өзі туралы күлкілі әңгіме құрастыруды ұсыныңыз. Кез келген адамның күлкілі жағдайға тап болатынына көзі жеткен кезде, бала айналасындағылардың әжуалаған көзқарастарынан қысылмайтын болады. Себебі олар да кез келген уақытта мұндайды басынан кешіруі мүмкін. «Мен кіммін?», «Менің жақсы-жаман жақтарым» атты ойынды ойнап көріңіздер. Бұл ойынға тек балалар ғана емес, үлкендер де қатысуы керек. Әркім өз бойындағы жақсы-жаман нәрселерді қысылмай айтуы қажет (анасы: «менің мұрным үлкен, бірақ шашым жібектей, қолымнан тәтті тоқаш пісіру келеді» десе, әкесі: «мен өте арықпын, есесіне кез келген электр құрылғыларын жөндей аламын» дейді.)

Егер бала көпшіл болмаса, сырт келбетінің ұсқынсыздығы үшін қысылса, оның ішкі жан дүниесінің ерекшелігіне мән беріңіз. Бұл баланың өзіне деген жоғары бағасын жоймайды («мен аздап толықпын, есесіне бәріне менімен көңілді», «мен қалқан құлақпын, есесіне менен қатты ешкім жүгіре алмайды», «мен көзілдірік киемін, есесіне жұмбақтың шешуін бәрінен бұрын табамын».)

Басқа адамдарды, тіпті туған балаңды да танып-білу оңай емес. Ал оған дұрыс тәрбие беру бұдан да қиын. Өйткені ол үшін сіздің тарапыңыздан үлкен шыдамдылық пен көп күш салу қажет. Бірақ жаңа әлем сыйлағаныңыз үшін балаңыздың ризашылығын жайнаған көздерінен байқаған кезде үлкен қуанышқа бөленетініңізге сенімдіміз!

Ұқсас мақалалар

Бала неге өтірік айтады?

Баланың өтірігінің алдын алуға бола ма?

Баланы балабақшаға жіберу қажет пе?

 

Comments 8

  • Өте керемет! Осындай материалдарды жиі жариялап тұрыңыздар…

  • Менин балам мектеп даретханасына баруга уялады ?Ондай жагдайда нестеуге болады? Кенес бериниздерши!

    • Саламатсызба! Балалар психологының көмегіне жүгініңіздер.

Яндекс.Метрика