Балаға ата-әже керек пе?

Ғылыми тұжырым: Балаға ата-әже ауадай қажет!

Ата-әженің қадірі жайлы талай мақала оқыған шығарсыз. Енді бұл жолы ғалымдардың бала үшін ата-әжесінің тигізер пайдасы жайлы не дейтінін айтайық. Ия, ата-әже балаға тегін бала күтуші. Бірақ әңгіме ол жөнінде емес.

Орыс ұлтында «Бір баланы өсіру үшін бүтін ауыл керек» деген халық даналығы бар. Демек, баланың қасында қамқорлық танытатын ересек адамдар көп болған сайын олар өздерін қауіпсіз сезініп, еш алаңсыз өседі. Біз көбіне баланың қалыпты дамып, өзін толыққанды бақытты сезінуі үшін әкесі мен шешесі екеуі де жанында болуы керек дейміз. Осы маңызды екі адамның қатарына ата мен әжені қоссақ, бала өзін одан да екі есе бақытты сезінер еді… Бұдан бөлек ата мен әженің пайдасы жайлы төмендегідей 4 ғылыми тұжырым бар:

✓Ата-әже балаға үнемі қолдау көрсететін қосымша қамқоршы адамдар. Атасы мен әжесіне арқа сүйеп өскен бала болашақта өмірде кездесетін қиындықтармен бетпе-бет кездескенде оңайлықпен жеңілмейді. Тіпті мектеп кезіндегі майда-шүйде мәселелер кезінде ата-әженің қамқорлығы көмек болады. Ата мен әже немересіне баланың әкесі не шешесінің кішкентай кезде қандай болғаны жайлы сан түрлі естеліктер айтып берген сайын бала да өзінің қазіргі сұрақтарына жауап алады.

✓Өз ата мен әжесімен қарым-қатынасы жақсы бала өзге егде тартқан адамдарға да мейіріммен қарай алады. Ата мен әженің маххаббатын сезініп өскен бала үлкенге құрмет көрсету, үлкеннің алдын кесіп өтпеу, үлкеннің өтінішін екі етпеу, үлкенге сәлем беру, үлкеннің батасын алу секілді игі істерді жасаудан қашпайды.

✓Қарт адамдармен сұхбат құру күйзелістен қорғайды. Немерелері атасы мен әжесіне жаңа технологияны түсіндіріп, қолдарындағы гаджеттерімен таныстырады. Ал олар немересіне ескі әңгімелерді, көне ертегілерді оқып, бұрынғы салт-дәстүрдің мәнін түсіндіреді. Немере мен ата-
әженің арасында ешқашан әңгіме таусылмайды. Осындай қарым-қатынас балаға күйзеліске түсуге мүмкіндік бермейді.

✓Балалар атасы мен әжесінің ұзақ жасауына көмектеседі. Ғалымдар бала күтімімен айналысатын үлкен жастағы адамдардың өмірі 5 жылға ұзаратынын айтады. Бала атасы мен әжесіне жағымды эмоция сыйлайды. Әжім өрнек салған жүзіне күлкі ұялатады

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Мега бала

Яндекс.Метрика