Баланың қиялдау қабілетін арттыру

Мен 5 жасар баламның қиялдау қабілетінің мүлде аз екендігін байқап жүрмін. Қалай дамытуға болады?
Баланың қиялдау қабілетін арттыру
Сұраққа Тараз қалалық №23 балабақшасының психолог-тәрбиешісі Әлия Қазыбаева жауап береді.
— Фантазия, яғни қиял кез-келген балада жақсы қалыптасқан. Бірақ, оны дамытуды қолға алмағандықтан уақыт өте келе жойылып кетуі мүмкін. Ата-ана баласының алдына түрлі-түсті ойыншықтарды үйіп тастайды. Бірақ, сіз жақсылық жасаймын деп оған керісінше зиян тигізгелі отырсыз. Біріншіден, қарапайым таяқты қолына ұстатып көріңізші. Бір сағаттай бақылаңыз. Біресе, таяқ машинаға, біресе, итке, енді бірде сиқырлы таяқшаға «айналып» шыға келгеніне өзіңіз де таң қаласыз. Бұл бала қиялының шексіздігін білдіреді. Ал, там шектен тыс көп ойыншық оның ойлау, қиялдау қабілетін шектейді. Бәрі дайын тұрғандықтан, артық ойлап басын ауыртып жатпайды. Осылайша, қиялдау қабілеті де бірте-бірте жоғала бастайды.

Екіншіден, кез-келген заттың қадірін білмейді. Кішкентай қуыршақтың әке-шешенің маңдай терімен тапқан табысы екендігін ұғына бермейді. Сондықтан, дайын асқа тік қасық болып өседі.

Біздің алдымызға әртүрлі ата-ана мен балалар келеді. Өкініштісі – кейбіріне бала қиялының тым аз екендігін айтсақ, тәрбиені тек балабақша қызметкерлері беру қажет екендігін айтып салғыласа кетеді. Жоқ. Олай емес. Бала бойына ең жақсы қасиеттерді сіңіруде әке-шешенің де рөлі айрықша. Мысалы, үй ішінде баланы барлық іске араластыруға тырысыңыз. Үйді жинау, киім реттеу, су төгілген жерді сүрту, т.б. осы секілді ұсақ-түйектерді көрсету арқылы оны тазалыққа, ұқыптылыққа тәрбиелейсіз. Бұл шаруаны жасау барысында қиялын да іске қосыңыз. «Мына көйлекті былай бүктесек қайтеді немесе былай ше? Біркелкі жинау үшін қалай қойсақ екен? Сен ше, қалай ойлайсың? Мына шағын қамырды сен жая ғой. Дөңгелектеп емес, өзге де фигураларға ұқсатып жайсақ қалай болады?». Бір жағынан сіз де үй шаруасындағы тірлігіңізді бітіресіз әрі балаңызды да бос қалдырмайсыз.

Бала қиялын дамытуда ермексаздардың (пластилин) көмегі зор. Олар пайдалануға қолайлы: жұмсақ, арзан, шашылып-төгіліп мазаңызды алмайды. Оған қоса, адам саусағының ұшында түрлі жүйке нүктелері орналасқан. Ермексазды қолдану барысында саусақтар тынымсыз қозғалатындықтан, баланың сөйлеу, ойлау, әсіресе, қиялдауына тигізер әсері мол. /Бірақ, 2 жастан кіші балаларға қолдануға болмайды. Байқаусызда аузына салып, жұтып қоюы ғажап емес/

Ермексазды үлкендермен бірге ойнағаны дұрыс. Жан-жануарлардың немесе үй ішіндегі қарапайым заттардың: кесе, қасық формасын жасап көріңіз. Әуелгіде дұрыс шыға қоймайтыны анық. Дегенмен, мадақ айтып, келесі жолы бұдан да әдемі қалыпқа келтіре алатындығын айтып марапаттап қойыңыз. Сіз алманың бейнесін келтірсеңіз, ол алмұрттың немесе керісінше ол алманың сіз алмұрттың бейнесін бірге отырып қолдан жасаңыз. Өзі жасаған фигураларды сақтап қойып, жақындарыңызға көрсетіңіз. Тым мақтаншақтыққа үйренеді демеңіз. Өзінің еңбегімен жасаған затына өзгенің пікірін білу кішкентай бала үшін өте маңызды.
Кейіпкер болып ойнаңыз. Сіз – арыстансыз, ал ол – қоян. Сіз сараң байсыз, ол болса, Алдар көсе, т.б. ертегі кейіпкерлерінің рөліне кіріп ойнап көріңіз. Бірақ, кімнің қалай ойнайтындығын бала еркіне қалдырыңыз. Өзі қиялдап көрсін, сіз тек көмекші қызметін атқарыңыз.
Ең қарапайым ойындардың бірі – «Таксиді» ойнатып көріңіз. Сіз – жолаушы, ол такси жүргізушісі. Сіз оны жол-жөнекей тоқтатып, досы Арманның үйіне жеткізіп салуын өтінесіз. Жүргізуші жол ережесін сақтап, бағдаршам белгілерінде тоқтап, жүру керектігін үйретсеңіз де болады. Сізбен бірге қызықты болғандықтан, бұл ережені еш қиындықсыз жаттап та алады.

Ал, қызыңызға науқастанып қалған анасын «емдетіңіз». Тезірек жазылу үшін дәмді тамақ пісіріп беруі өтініңіз. Осылайша, кішкентайынан анасы қол ұшын беруді ұғынып өседі.

Көп ертегіні айтып беріңіз. Оның кейіпкерлерін өзіне таныс есімдермен атасаңыз да болады. Соңынан не ұққанын сұраңыз.

Сұрақтар қойыңыз. Мына алма неге ұқсайды? Жауабы: қызанақ, күн, доп, т.с.с. Өйткені, барлығы шар секілді дөңгелек формалы. Сен мысыққа айналып кетсең не істер едің? Сен мына мультфильмнің бас кейіпкері – жолбарыс болсаң, түйені ренжітер ме едің сықылды сұрақтарды қойып отырыңыз. Бала қиялының шексіздігі соншалық – өзіңіз де ұшқыр жауабына таң-тамаша қаласыз.

Қағаз-қалам алып сурет салыңыз. Қиялдау қабілеті төмен болса, түрлі түсті балаларға арналған кітаптарды сатып алып, ішіндегі бейнелерге ұстатып салуды үйретіңіз. Бірте-бірте өз бетінше кез-келген затты қағаз бетіне түсіруді қалыптастыра бастайды. Тіпті, сурет салуға деген құлшынысы төмен болса, бояуға арналған арнайы кітапшалармен (мұндай кітапшалар дүкен сөрелерінде қаптап тұр) қызықтыруға болады.
Өзіңіз де аңғарған боларсыз, баламен жұмыс істеуде қолдан келмес әрекет жоқ. Ең бастысы, ананы-мынаны сұрап қыр соңыңыздан қалмай жатқан баланың бетін қайтармаңыз. Айналадағының барлығы оған тосын болғандықтан, көңілі қанағаттанарлықтай жауап алғысы келеді. Егер әрдайым үлкендер тарапынан қолдау таппаса, көп кешікпей-ақ қоршаан ортаға деген қызығушылығы басылып кетуі мүмкін. Ондай жағдайда бала қиялы туралы сөз қозғаудың өзі артық болады.

фото: virastay.com
Яндекс.Метрика