2010 жылдың қаңтар айының қасиетті жұма күнінде алғаш рет ана болдым. Отбасыдағы көптен күткен немере болғасын, атасы мен әжесі 1 айдай атын қоюға дайындалып жүрген. Атамыз ол кезде Алматының бір балабақшасында қызмет атқарып жүрген. Бір күні балабақшадағы барлық балдардың аттарын екі параққа жазып алып келді. Даниель, Ерасыл, Алихан сынды әдемі есімдерден кейін ШЫҢҒЫС есімі тізімді аяқтады. Белгілі Б.Я.Владимирцов, П.Пелио сияқты шығыстанушы ғалымдар «Чингис» есімі көне түрік тіліндегі «теңіз», «мұхит» сөздерінің мағынасымен төркіндес екендігін, ал «Шыңғыс» жер бетіне әмір етуші ұлы хан мағынасын беретіндігін айтқан. Осыған орай, «Баламыз ұлы адам, көшбасшы болсын» деген ниетпен атын «Шыңғыс» деп қойдық.