1 жасқа дейінгі балаларда кездесетін кейбір аурулар

Өкпенің қабынуы (воспаление легких). Бұл ауру, әсіресе, жас нәресте үшін өте қауіпті. Өкпе қабынуы күз, қыс айларында көп болады. Оның себебі әртүрлі. Сәбиге болмашы ғана тұмау тигеннің өзінде тыныс алу жолдары тарыла түседі де, бала мұндай жағдайда аузымен дем алады. Балаға емшек ему де қиынға соғады. Сәби тыныс жолымен емес, аузымен дем алғандықтан, ауа өкпе мен тамаққа салқын күйінде жетеді де, бұл өкпе қабынуын жеделдете түседі.

Сәбидің кеуде жасушалары ересектерге қарағанда, өте баяу қозғалады. Сондықтан өкпенің төменгі қуыстары тыныс алуға қатынаспайды да, ол өкпенің тез қабынуы мен науқас баланың жағдайының күрт төмендеуіне себепші болады. Өкпенің қабынуы тұмау, сүзек, қарамықтан кейін болуы немесе бірден өкпенің қабынуынан басталуы да мүмкін. Мұндайда бала құсып, қиналып, кейде ентігіп қалады. Науқастың көңіл хошы болмайды. Қызуы көтеріледі.

Өте қатты және жылдам басталған аурудың менингитке қатты ұқсас белгілері бар. Мұндайда оны менингиттен айыру қиынға соғады. Бір ескертетін жағдай, өкпе қабынуы болмашы ғана қызудан және кішкене жөтелден басталады. Көріп отырғанымыздай, өкпенің қабыну жолдары өте көп. Оның қандай түрі болса да дер кезінде қаратса, дәрігер тиісті емін жасап, қауіпті жағдайдан құтқара алады. Кейбір ата-аналар өкпе қабынуына мән бермей, жай ғана тұмау деп қарап, көп назар аудармай жүре береді немесе үйдегі дәрі-дәрмектерді пайдаланып, қызуы басылған соң дәрігерге қаратпайды, дәрі беруді тоқтатады. Ал мұндай балалар өкпе қабынуының созылмалы түріне шалдығады да, бала ағзасы әлсіреп, басқа аурулармен де ауырып, емханадан шықпайтын болып алады. Өкпесі қабынған балалар таза ауаны, жақсы күтімді керек етеді. Өкпесі қабынған балаларды міндетті түрде ауруханаға жатқызып емдету керек.

Жасыратыны жоқ, кейбір ата-аналар балаларын ауруханаға жатқызғысы келмей, үйде емдеткенді қалайды. Ата-аналардың мұндай жағдайдан аулақ болғаны жөн! Оның себебі, пенициллин қанда 4-6 сағаттай сақталады. Сондықтан 4-6 сағат сайын бір рет укол жасалынып тұруы қажет. Өкпе қабынуына шалдықпас үшін алдын ала тұмаудан әбден емделу қажет. Өйткені тұмаудан кейін өкпенің қабынуы қашан да әзір тұратынын естен шығармауымыз керек.

Баланы әр мерзімге байланысты бейімдеп киіндірген дұрыс. Салқын тиеді деп қымтай беру дұрыс емес. Тағы бір ескеретін жағдай, баланы уақытымен тамақтандырып, мезгілімен ұйықтатып, таза ауада жиі қыдыртқан тиімді.

Міне, осы айтылғандарды әрбір ата-ана есіне ұстап, қатал сақтаса, балалар да өкпе қабынуына шалдықпайтын болар еді.

Балаларда кездесетін ауруларБалаларда кездесетін аурулар
 фото: medikal-health.ru, stern.de

Диспепсия (асқазанның бұзылуы). Ішек-қарын ауруларының жұғатын және жұқпайтын түрлері кездеседі. Оның жұқпайтын түріне улы диспепсия жатады. Диспепсия – астың қорытылмауы деген сөз. Ол көбіне 1 жасқа толмаған балаларда болады. Бұл ауру жаз айларында жиі кездеседі. Өйткені жаз айларында асқазанның тұз қышқылы азаяды. Баланың жиі тамақтануы оның ас қорытуын бұзады да, іші өте бастайды. Сәби емшек ембей, аяғын тепкілеп, басын шалқайтып жиі жылайды. Ал анасы болса, оны жұбату мақсатымен жиі емізеді. Мұндай жағдайда бұрынғы ас қорыта алмаудың үстіне тұз қышқылы тіпті жеткіліксіз болады да, баланың іш өтуі және құсуы ұлғая береді. Баланың денесі түгелдей уланып, дәрігерлік көмек беруге келмейтін дәрежеге жетеді. Жағдайды осылайша асқындырып алмау үшін сәбиді дұрыс тамақтандыру керек.

Рахит ауруы (мешел). Бұл ауру қазақ арасында «қой ауру», «құныс», «мешел» деп түрліше аталады. Мешел деп аталатын себебі, онымен ауырған бала кеш жүріп, кеш отырады. Бұл бала ағзасының басқа ауруларға қарсы тұрар күшін әлсіретеді. Сондықтан ондай бала әлсіз, ауруға берілгіш келеді.

Мешел негізгі және қосымша факторлардан, бала денесінде Д дәруменінің жетіспеуінен болады. Егер бала денесінде Д дәрумені жеткілікті болса, кальций сүйекке сіңіп, сүйек қатая бастайды. Егер Д дәрумені жетіспесе, кальций сүйекке сіңбейді. Тіпті сүйектегі кальций сыртқа шығады да, сүйек босайды. Міне, сондықтан баланың аяғы қисық, шекесі жалпақ, кеудесі өзгерген болады. Баланың еңбегі 1,5 жасында қатаятын болса, оның көлемі енді ұлғайып, сүйек шеті айнала босаңсиды. Бұлшықеттердің тығыздығы кеміп, босайтын болғандықтан, баланың қарны үлкейіп, белі бүкірейеді.

Күн сәулесінің жетіспеуінен де мешел ауруы пайда болады. Жазғытұрым, жаз айларында туған балаларда мешел болмайды, ал оның кейбір жеңіл түрі тіпті жаз айларында жазылып кетеді.

Күз бен қыста туған балалардың арасында мүлдем таза ауа көрмейтіндері де кездеседі. Сондықтан осы айларда босанған ананың балалары мешелмен жиі ауырады.

Баланы алғашқы уақыттан бастап дұрыс тамақтандырып отырудың зор мәні бар. Сол себепті алғашқы қосымша тамақ баланың 5 айлығынан бастап беріледі. Ол көкөніс езбесі (пюре) болуы керек.

Мешел ауруы негізінен, бала екі айға толған соң болады. Екі айға дейінгі мерзімде балаңыз жақсы ұйықтап, бұдан былай ешбір себепсіз жылай берсе, емшек емгенде терлейтін болса, ұйықтағанда маңдайы терлеп қалса, ұйқысы өте сергек болса, балаңыздың рахитпен ауырғаны.

Кейбір ата-аналар баласы емшек емгенде терлесе, шөлдегеннен терлейді дейді. Ал жастығы су болып қалса, тұмауратып жүр еді, сондықтан қалыңдау жапқанмын, ал терлеу дегенің тұмауға жақсы ғой дейді. Міне, осылайша бастапқы кезде көңіл бөлмеген ата-ана баланы дәрігерге ауруын асқындырып, ауру екінші сатыға жеткенде әкеледі. Бұл сатыда сүйек құрылысының өзгерістері байқалады. Дәрігерлердің бастапқы кезде ауруды дұрыс табуына, емделуіне көмектесетін тек қана ата-аналар. Сондықтан олардың аңғарымпаз болып, әрбір өзгерістерге мән беріп қарағаны жөн. Нәресте мешелдің тіпті жеңіл түрімен де ауырмауы үшін алдын ала күрес жүргізу керек.

Мынандай шарттарды бұлжытпай орындау керек: екіқабат ана босануына 1 ай қалғанда Д дәруменін қабылдауы тиіс. Оны дәрігер береді. Босанғаннан кейін бала шала не егіз туса, 15 күнге жеткенде, ал мезгілінде туса, 1 айға толған соң Д дәрумені беріледі. Оның мөлшерін дәрігермен ақылдасып беру керек.

Қазіргі кезде балалардың рахит ауруын мүлдем болдырмауға болады. Ол ата-анаға, олардың дәрігер кеңесін мүлтіксіз жүзеге асыруына байланысты.

Яндекс.Метрика