Нәрестенің тәулік бойы дұрыс қалыптасқан демалу режимі, анасының омырауын ему уақыттары, сергек (ояу) сәттері мен ұйқысының ұзақтығы ерекше қадағалауды талап етеді. Әсіресе, нәресте кезеңінде, яғни 1,5-2 жасқа дейін, тәулік тынысы мен ұйқысының мөлшері, қалт жібермей реттеп отыруды қажет етеді. Себебі, нәрестенің жан дүниесі мен тән құрылысының дұрыс жетілуі оның тәуліктік тынысының қатаң сақталатын реттілігіне тікелей байланысты болады. Ұсынылып отырған көрсеткіштер бағанасын мөлшерлік бағдар ретінде қодануға болады. Әйтпесе, нәрестенің шартты түрде бөлінген – 3 ай, 6 ай, 10 ай, 1 жас, 1 жас 6 ай – деп, физиологиялық заңдылықтарға бағындырылған кезеңдердің өзі де, тәуліктік тыныс мүшелерін реттеуге аса мол ыңғайлылық жасағанмен, бәрібір жеке дара индивидтік айырмашылықтарын ескермеуге тіпті де болмайды. Индивидтік айырмашылықтар әрбір жеке нәрестелердің – тамағынд да, ұйқысында да , сергектік сәттерінде де, көңіл-күйлерінде де, тіпті жаңадан қалыптасып келе жатқан психикасында да – осынау физиологиялық кезеңдерінің шартты алынған мөлшерлерінің алмасуына байланысты, аз кем өзгешеліктері болғанымен негізгі принциптері сақталатынын ескергеніңіз. Олай болса, ұсынылып отырған кестеде жаңағы айтылған негіздердің бәрі дерлік сақталатындығынан батыл түрде осының мөлшерлерін тікелей басшылыққа алуға әбден болады. Ендеше, төменде сол кесте келтірілген.
Нәрестенің жасы |
Ұйқысының ұзақтығы |
Күндізгі ұйқысы |
Түнгі ұйқысы |
Ояу (сергек) уақыты |
Емізу аралығы, саны |
2-айға дейін | 18-20 сағ. | 3 сағ, 7 рет | |||
2-3 айлығы | 17-18 сағ. | 7-8 сағ. | 10-11 сағ. | 1-1,5 сағ. | 3-3,5 сағ, 5-7 рет |
3-6 айлығы | 16-16,5 сағ. | — | — | — | — |
6-10 айлығы | 15 сағ. | 5 сағ. | 10 сағ. | 2,5 сағ. | 4 сағ, 5 рет |
10 ай – 1 жас | 14-15 сағ. | 5-6 сағ. | 9 сағ. | 3 сағ. | 4 рет |
1-1,5 жас | 13-14 сағ. | 4-5 сағ. | 10 сағ. | 3 сағ. | 4 рет |
1,5-2 жас | 12-13 сағ. | 3 сағ. | 9-10 сағ. | 4 сағ. | — |
Бұл кесте нәрестелердің жас ерекшеліктеріне қарай әр түрлі режимдерді ұстану керектігін, оның сақталуының нәресте дамуында маңызды рөлге ие екендігін кеөрсетеді.
Нәрестенің ұйқысы. Ұйқының адам өмірінде алатын орнын тіршіліктің темірқазығына баласақ та болады. Ал баланың нәресте кезеңіндегі ұйқысының маңызын, тіпті ештеңемен салыстыруға болмайды. Өйткені оның күнделікті өмірінің басым бөлігі ұйқымен өтеді. Бұл шақтағы ұйқының ұзақтығына қоса, оның тереңдігі де өте маңызды. Өйткені, нәрестенің сыртқы ортаға біртіндеп бейімделуі де қалыпты жағдайдағы ұйқының дұрстығымен (уақытылы ұйықтауы, ұйқысының тыныш болуы) реттеледі. Туылғаннан 2 жасқа дейінгі уақыт аралығындағы нәрестенің ұйқысының ұзақтығы, жас ерекшеліктеріне қарай, жоғарыдағы кестеде көрсетілген.
Сылып-сипау. Нәресте тәуліктің көп ұйқыда өткізетіндіктен, оның жан дүниесі мен тән құрылыстарының дұрыс жетілуіне сылап-сипау ауадай қажет нәрсе. Жыл мезгілдерін ескере отырып, оны тұзды сумен жуындырумен қоса, өсімдік майларын пайдаланып, нәрестенің денесін сылау мен сипаудың мәні зор. Қол-аяқтарын созып, жауырын ортасына, ішіне, саусақ-салаларына, үлкенді-кішілі буындарына массаж жасауды үзіліссіз үнемі орындау керек. Белгілі уақытта тұрақты жасалынатын сылап-сипауға және бой жазуға үйренген бала да, саналы түрде қажеттілік екенін білетін ана да – осынау сәтті асыға күтіп, аса үлкен ләззатты жетістіктермен жүргізеді. Сәбиіне деген ананың сезімі, көкірегінің жыр, көмейінен әуен болып ағытылуымен қоса, аялы алақанынан тараған жылу толқындары, бала ағзасындағы биоритмдерді реттеу арқылы соншама мол жағымды қуаттарға кенелтеді. Ана мен бала арасындағы байланыстың күштілігі арта түседі. Сондықтан да, нәрестенің дұрыс өсіп жетілуіне сылау мен сипаудың берер пайдасын ештеңемен салыстыруға келмейді. Оны өз бетінше қозғала алмайтын нәрестенің күнделікті қозғалысы мен дене жаттығуы деп қабылдауға болады. Осындай құбылыстың құдіретін терең түсінген данагөй халқымыз, «Баланы – сылау, қарды – қалау өсіреді» дегенді бекер айтпаса керек.
Технологияның дамыған заманында балалардың күтімін оңтайландыруға арналған түрлі косметикалық заттарды пайдаланып та, тәніне жайлылық сыйлауға болады. Масалы, массаж жасағанда пайдаланылатын майлар, керемдер, терісін сергітетін косметикалық заттар жиынтығы.
Емізуді бастау мен мөлшері. Іңгәлап өмірге келген нәрестенің кіндіген кесіп, анасын жайлы орынға жатқызғаннан кейін-ақ, оны омырауға салуды жасанды кедергілермен кідіртудің қажеті жоқ. Себебі, нәресте үшін, анасының алғашқы уызын ему, тек қорек үшін ғана емес, нәрестенің табиғи иммундық-биолгиялық жүйесін қалыптастыруына да қажет. Бала алғашқы айларында ұзақ ұйықтайтындықтан, анасы әрбір үш сағат сайын бесікте жатқан нәрестені қозғамай-ақ, омырауын аузына салса жетіп жатыр. Асты құрғақ бала өзіне қажет қоректі емеді де қайта ұйықтап қалады. Омыраудың иісін түйсігімен сезінетін ол, ұйқылы-ояу емгеніне еш қиналмайды. Бастысы, қарны тоқ. Қарны тоқ сәбидің көңілі де оңай жайлы болмақ. Мұндай сәттерде анасы омырауын тек 15-20 минуттан артық бермегені жөн, яғни емізу уақыты 20 минуттан аспау керек. Өйткені, бала осы уақыт аралығында өзіне қажет сүттің көлемін алып та үлгереді. Егер анасы нәрестесін өзінің сүтімен жарытатын болса, 6-7 айлығына дейін еш қоспасыз емшек сүтімен қоректендіргені жөн. Одан кейінгі айларда қосымшы тамақ беру міндетті түрде ескерілуі тиіс. Нәресте 1 жастан асқан соң дастарқан басына да үйреніп, бірте-бірте омыраудан шығып кетеді.
Тазалық тағылымы. Жастан асқан бала көргендерін де, естігені мен ұққандарын да, қайталауға құмар-ақ. Енді ол бәрін өзі істеп үйренуге ұмтылады. Ол өзі істемек болған талабынан оның жаңа мінездері бой көрсетіп, кейде қарама-қарсы қылықтары да байқала бастайды. Міне, ата-ананың тәрбиеге икемдігі мен төзімділіктері де осындай сәттерде қажет екенін ерекше айтқан жөн. Барлығын бұйрықпен жасатам деуден гөрі, қозғалмалы икемі мол тәрбие әдістерін пайдаланудың берері мол (ойнау, қимылдау, қозғалу, ойыншықтармен ойнау әрекеттеріне баулу). Себебі, бұл жастағы баланың талпынып жасамақшы болған істерінің бәрі де жылдам да, тез, ойдағыдай бола бермейтіндігі де белгілі. Оның үстіне нәрестенің күнделікті киінуі, жуынуы, суға түсуі, қол-аяғының тырнағын алу, танауы мен құлағының ішін тазалау тәрізді гигиеналық әрекеттер үнемі баланың қажеті мен қажеттілігіне айналуын қадағалау керек. Себебі, тазалық — саулық кепілі. Дені сау сәби — ата-анасының қуанышы.
Нәрестені суға түсіру, әжептәуір күрделі жұмыс. Оны оңайлатудың төте тәсілін сол суға шомылдыруға нәрестенің өзін құмарландыру арқылы шешкен жөн. Ол үшін ең әуелі шомылатын ыдыстың ыңғайлылығы және судың мөлшері мен жылылығы да оны рахатқа бөлеп, жанына жайлы жақсы сезімдерге кенелтуі шарт. Әсіресе, сабынды пайдаланған кезде аса шебер ұқыптылықпен көзіне тигізіп алмай шомылдырса, оның суға деген ынтасы арта бермек. Кішкентайлардың суға түсуден қорқулары судың температурасына, түсіне байланысты емес, жуындыратын кездегі сабынның көздеріне түсуіне байланысты.
Нәрсте өзінің алғашқы айларында тіпті киіндіру мен шешіндіруді де онша жақтырмайды. Себебі, оның ішке тартар бұлшық еттерінің қуаты әлі де еркін жазылуына ыңғай бермейтіндіктен, қол-аяқтарын созып-жазғанда аз-кем ауырсынулар пайда болады. Бірақ бұл — уақытша ғана құбылыс. Құрсақта жатқан ыңғайынан қалған бұл әдетте, әсіресе анаса нәрестесін суға түсірген соң, оның балбырай бусаған денесін созып-тартып, бар ықыласымен сылап-сипау арқылы жылдам жойып жібере алады. Нәрестенің әрбір өсу кезеңдері; шалқысынан жатып немесе етпетінен жатуы, қаз тұрып тәй-тәй басуы, ақырында оның жүре бастауы, міне, осының барлығы да тәрбие-тәсілдерін қозғалмалы күймен жетілдіріп отыруды талап ететін сәттер. Халық даналығы айтатын, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – дейтін ұғымның мәні осы сәттердегі тәрбиені меңзесе керек.
фото: mamanet.com.ua, felia.ru