Күннің көзі балаңызға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан біз сізге жаз айларында ыстықтан қорғанудың жолдары туралы кеңес бермекшіміз.
Ыстықтан алған соққы — бұл ағзаның қызып кетуінен, көбінесе, басынан күн өтіп кеткеннен (күн шуағының тікелей басқа түсуі, есінен танып, құлап қалуы мүмкін), ыстықтан әлсіреу (ыстықтан алған соққының жеңіл түрі, бірақ есінен танып құламайды), ыстықтан тырысу (дененің бір уақытта құрғап кетуінен және қызып кетуінен, бұлшықеттердің шамадан тыс физикалық жүктемесінен болған тырысулар) болады.
Себебі: жоғары температура, ағзаның құрғап кетуі, белсенді түрдегі физикалық жұмыс, артық салмақ, орталық жүйке жүйесінің ауыруы, бала ағзасының жылуды реттей алмауы (неғұрлым бала кіші болса, соғұрлым ол жоғары температураға қатты сезімтал).
Белгілері: есінен танып құлау, бетінің бозаруы, терісінің ыстық, құрғақ болып кетуі. Тыныс алу жолдарының бұзылуы, қан қысымының төмендеуі, тырысулар (судорога) байқалуы мүмкін. Ал балалар ыстықтан соққы алғанда көбіне құсады не іші өтеді. Оған қоса, әлсіздігі, басының ауыруы, жүрегінің айнуы, дене температурасының көтерілуі, бетінің қызаруы байқалады.
Қандай көмек көрсету қажет? Зардап шеккен адамды көлеңкеге жатқызып, киімін шешіп, денесін салқындатуға тырысыңыз: қолыңыздағы затпен желдетіңіз немесе аздап жылы сумен (мұздай болмасын, әйтпесе бұлшықеттері жиырылып қалады) денесін сүртіңіз, әсіресе, мойын жағын, қолтығын. Басына суға малынған шүберек басыңыз. Бала есін жиған соң, салқын суды көп ішкізіп, дәрігерге міндетті түрде көрсетіңіз. Температурасы түспесе, қызуын түсіретін дәрі бермеңіз, себебі ол инфекциялы аурумен ауырып жатқан жоқ және бәрібір оның әсері болмайды. Аса ауыр жағдай болмаса, жеңіл түрінде тыныштықта демалғаны, жеңіл тамақтанғаны дұрыс.
Алдын-алуға бола ма? Ең бастысы, ағзаның қызып кетуінен және құрғап кетуінен сақтанғаныңыз жөн, бұл – балаларға да, үлкендерге де қатысты. Күн ыстықта табиғи маталардан тігілген (синтетика емес) жеңіл киім және міндетті түрде басқа бас киім киген дұрыс. Мүмкіндігінше, түскі уақытта далаға шықпауға немесе көлеңке жерлермен жүруге тырысыңыз.
Үйде де жағдайыңызға қарай, салқындатқыш (кондиционер) немесе желдеткіш (вентилятор) орнатып қойыңыз, күнде үйіңіздің еденін ылғалды шүберекпен сүртіп отырыңыз.
Ешқашан балаларды күн ыстықта есігін бекітіп, көлікте жалғыз қалдырмаңыз. Серуендеп жүргенде де балаңыздың қимыл белсенділігін төмендетуге тырысыңыз немесе салқындасын деп арагідік демалыңыздар. Жиі-жиі көп мөлшерде су ішкізіп тұрыңыз. Ағзаның құрғап кетуінен шөптен дайындалған жеңіл шай, шырын, су көмектеседі. . Оған құрамында теин мен кофеин бар шырындарды (қою қара шай, кофе, какао) бермеңіз. Майлы және ауыр тамақтың орнына көкөніс-жемістер беріңіз.
Күнге күю — терінің тек сыртқы қабатының термикалық күюі. Күннің астында қыздырынып жату пайдалы болғанымен қоса (қыста тұмаудан сақтайды), қауіпті де: бұл терінің уақытынан бұрын қартаюына, күн шуағына тітіркенуіне (аллергия; фотодерматит деген түрі), көздің көруін төмендетуге және тері ісігінің (рак кожи) дамуына әкеп соқтырады.
Себебі: қорғанышы жоқ теріге күн шуағының артық әсер етуі. Көбінесе, бұдан күнге қыздырынуды жақсы көретіндер, терісі сезімтал, ақшыл адамдар зардап шегеді.
Белгілері: терінің қызарып кетуі, қышуы және өртеніп бара жатқандай сезімде болуы, күлдіреу (волдырь) пайда болуы мүмкін. Соңғы белгісі келесі күні байқалады. Бірнеше күннен соң, күйген тері қабықтанып, түсе бастайды.
Қандай көмек көрсетуге болады? Балаңыздың терісі аздап қызара бастаса, көлеңкеге алып кетіңіз. Күю әлсіз болса, күйген жерлеріне майлы емес кремдер жағуға немесе 1 стакан суға 1 шай қасық сода араластырылған компресс басуға болады. Ал егер қатты күйіп, қыши бастаса, күйген адамды салқын, ылғалды сүлгімен ораңыз, үйде бірдей мөлшердегі су мен сіркесудан (уксус) дайындалған ерітіндіге мақта батырып, жайлап сүртіп шығыңыз. Күюге қарсы майды қолдансаңыз да артық болмайды. Жалбыз (мята) қайнатпасынан дайындалған ванна қышуын басады. Пайда болған күлдіреулерді теспеңіз және ешқашан термикалық күю кезінде спиртті ерітінді мен йодты қолданбаңыз.
Алдын-алуға бола ма? Баланың күннің көзінде жүру уақытын біртіндеп ұзартып отыру керек (15 минуттан бастап, 2 сағатқа дейін). Сағат 10.00-ге дейін және 15.00-ден кейін серуендеу. Осы екі аралықта күннің температурасы өте жоғары болады. Үйден шығарда күнге қарсы кремдер, ал пляжде демалғанда әрбір 2 сағатта және судан шыққанда жағыңыз. Иығыңыз бен арқаңызды жауып тұратын жеңіл киім, басыңызға мұрныңыз бен көзіңізді күннен қорғайтын күнқағары бар бас киім киіңіз. Ең бірінші, осы бөліктер зардап шегеді.
Жалғасы: Ағзаны құрғап кетуден сақтау
Нұрбану Омарова