Он айлық сәбидің тек емшек емгені дұрыс па?

Менің қызым 10 айлық, әлі күнге дейін бір емшегімді ғана емеді, басқа қосымша тамақты тіпті қажет етпейді. Көбісінің балалары бұл кезде барлығын да таңдамай жей береді, ал менің қызым қасықты итеріп жібереді, аузына бірдеңе салсаң, тілін қолымен сүртіп тастайды. Емшегімдегі сүттің де азая бастағанын байқадым. Алғашқы қосымша тамақты дәрігердің айтуымен жоспар бойынша бере бастадық. Ал кейін аяқ астынан ештеңе жемей қойды. Бір шай қасық ботқа мен сорпаны жалынып жүріп әзер ішкіземіз. Мүмкін бұл сүтімнің оған жеткілікті болғандығынан шығар. Күнделікті тамағын жегізіп, емшекті тек арасында ғана емізуге үйрету үшін не істерімді білмеймін. Әлде бұл қалыпты жағдай ма? 9 айлығында қызымның салмағы 10,5 кг. болды.

10 айлық баланың тек емшек емгені дұрыс емес. Қажет уақытында балаға қосымша тамақты беру баланың ағзасын қоректі заттармен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге сәбиді ересектердің тамағын жеуге үйрету үшін маңызды болып табылады. 3-4 айға дейін бала рефлексті түрде қасықты итереді, ал содан кейін оның өзіне де жаңа, бейтаныс нәрселердің дәмін тату қызықты. Баланың жаңа тамақтарға енжарлық танытуы қалыпты жағдай. Алдымен жаңа дәм мен оның құрамындағы нәрселерге үйренісуі керек. Кейде бірнеше рет ұсынуға тура келеді, бұнда ешқандай қорқыныш жоқ. Сізге қосымша тамақты міндетті түрде енгізу қажет. Сіз балаңыздың туылған кездегі салмағын жазбадыңыз, егер 3-4 кг. болса, онда қазіргі салмағы жақсы. Балаңызға көкөніс езбесін (кәдіден (кабачки), орамжапырақтан) беріп көріңіз. Кейін ірімшікті де енгізуге болады (себебі бала ағзасына кальций өте қажет), содан соң түрлі ботқалар мен етке де үйретіңіз. Баланы өздеріңізбен бірге үстелге отырғызыңыз, оған ересек адамдарша сізбен бірге тамақтанатынын айтыңыз. Сүйікті ертегілерін оқып беріңіз, сүйікті ойыншықтарын беріңіз.

Яндекс.Метрика