Францияда емшектерін үлкейткен әйелдер арасында сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққандар саны жиырмаға жеткен. Бар мәселе франциялық Poly Implant Prothese компаниясының әйелдердің емшектерін үлкейтуге арналған протезін жасауға пайдаланған материалдың әйел өміріне төндірген қатерінде болып тұр. Аталған компанияның протез дайындау барысында клиникалық тексеруден өтпеген өндірістік заттарды пайдаланғандығы жайлы хабар тарады.
2011 жылдың 30 желтоқсанында Франция үкіметі емшектерін жасанды жолмен үлкейткен франциялық 20 әйелдің сүт безі қатерлі ісігіне (емшек рагы) шалдыққандығы туралы мәлімдеді. Agence France Presse (AFP) ақпарат агенттігінің дерегіне сүйенсек, Poly Implant Prothese компаниясының сапасыз протездерін Еуропа мен Латын Америкасының 300-400 мыңға жуық әйелі пайдаланған екен. Қазірге дейін олардың 30 мыңға жуығы түрлі деңгейде зардап шеккен. 2011 жылы қараша айында Францияда бір әйел лимфома ауруынан (лимфа жүйесінің қатерлі ісігі) көз жұмды.
Британиялық денсаулық сақтау қызметінің (NHS (National Health Service)) хабарлауынша, ол елде 40 мың әйел сапасыз емшек протезін салдырған. Олардың әрбіріне тағы да ота жасап, қауіпті протезді алып тастау жұмысы өте зор әрі қымбат болмақ. NHS қажет жағдайда ота жасайтындықтарын айтты. Егер 40 мың әйелдің бәріне ота жасалса, ел бюджетіне 120 миллион фунт стерлинг шығын келмек.