Су әрқашан тірліктің көзі, саулықтың кепілі деп саналған. Ерте замандардағы халықтардың арасында өзен-теңіз суларын емдік мақсаттармен қатар босануға да пайдаланған.
Суда босану – баланың жылы суда дүниеге келуі. Қазіргі таңда тіршілік көзі саналатын суда босану әлемде күн санап танымалдыққа ие болып келеді.
Бұл әдістің теориясы былай түсіндіріледі: сәби анасының ішінде суда болады, ал оның дүниеге келуінің де осы сулы ортада болғаны сәби мен оның анасы үшін тиімді әрі жеңіл саналады. Анасының ішінде сулы ортада дамып жетілген сәби, дәстүрлі әдіспен дүниеге келгенде гравитациялық соққыдан шок алуы мүмкін деген көзқарас бар. Мамандардың көпшілігі суда болсану әдісінің салыстырмалы түрде қауіпсіз және дұрыс жағдайда өтетіндігіне қосылады. Босанудың бұл әдісі міндетті түрде дәрігердің қатысуымен өту керек!
Суда босанудың артықшылықтары неде?
Болашақ ана үшін су – жайлы әрі жағымды әсер етеді. Босанудың соңғы кезеңдерінде су шаршаған әйелдің әлденуіне, қосымша күштің пайда болуына септігін тигізеді. Суда тұрған әйелдің салмағы азайып, жалпы қозғалысы жеңілдейді. Сонымен қатар, қан айналымы жақсарып, құрсақ бұлшықеттері жақсы демалады және ананың жүйке жүйелерін тынышталдырып, көңіл күйінің жақсаруына әсер етеді. Ең бастысы, суда босанған кезде су толғақ кезінде ананың сезінетін жайсыздықтары мен ауруларын төмендетеді.
Көбінде толғақ кезінде болатын әбігерлік пен мазасыздық салдарынан болатын қан қысымының жоғарлап кетуіне жол бермейді. Суға түскен әйелде толғақ кезінде бөлінетін гормондар азайып, эндорфиндер бөлінеді. Осылай ауырсыну сезімі де басылады. Өйткені эндорфиндер адамның жүйке талшықтарынан бөлінетін, көңіл-күйді жақсартып, ауырсынуды жеңілдететін табиғи химиялық қосылыс.
Суда әйелдің қынабы серпімді әрі жұмсақ күйге түседі. Бұл босану кезінде орын алатын жыртылыстарды азайтып, мия қажеттілігін төмендетеді.
Су әйелді босану кезінде пайда болатын қорқыныштар мен қобалжулардан арылтып, бар ойы мен назарының босану процесіне жинақталуына көмектеседі.
Сәби үшін артықшылықтары. Сәби өзі тоғыз ай бойы дамыған ортасы – суда дүниеге келеді. Салыстырмалы түрде қарастырсақ, төменгі стресті жағадайда дүниеге келеді деуге негіз бар.
Ана мен балаға қандай қауіп төніп тұр?
Соңғы 30 жыл аралығында суда босанудың танымал болып, оны қалаушылардың көбеюіне байланысты осы әдіс арнайы зерттелді. Зерттеулер Еуропада жүргізіліп, суда және дәстүрлі әдіспен дүниеге келген сәбилердің өлім санының айырмашылығын анықтады.
Зерттеу қортындысы жарияланған мақалада босану кезінде су мен ана қанының араласуы нәтижесінде сулы эмболия қаупінің артатындығы, босану қиын өтіп немесе сәбидің кіндігі оралып не майысып қалған жағдайда, сәби судың ішінде дем алып, су жұтып қою қаупі бар екендігі туралы жазылды. Алайда мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Себебі сәби ауаға шықпайынша дем алмайды, ол кіндігі арқылы тыныстайды. Кіндігін кескен соң ауамен тыныстай бастайды.
Суда боснуға тыйым салынатын жағдайлар. Анасында генитальді герпес болған жағдайда, балаға қауіп төнуі мүмкін. Өйткені сулы ортада герпес жылдам тарайды. Бұдан бөлек тағы мынадай жағдайларда суда босануға болмайды:
- Сәби теріс келген жағдайда (аяғымен келсе) көп қан кетіп, сәби мен ананың қауіпті індеттерді жұқтыру қаупі бар;
- Сәби мерзімінен бұрын туылатын болса немесе егіз балалар туылатын болса, қиындықтар пайда болуы мүмкін;
- Сәбидің бас өлшемі мен ананың жамбас өлшемі сай келмейтін жағдайда (мыс.: әйелдің жамбасы тар болса);
- Қант диабетімен, жүрек-қантамырлары жүйелерінің аурулары бар әйелдерге суда босануға рұқсат берілмейді;
- Босанғаннан соң көп қан кету қаупі болғанда, суда босануға тыйым салынады.
Жатыр мойны дистониясы бар әйелдер сәбиде гипоксияны дамытпау үшін босанарда міндетті түрде судан шығуы керек. Сонымен қатар сәбиі ірі болған және мінезі ұшқалақ, психикасы тұрақсыз әрі әлсіз аналарға суда босануға болмайды.
Суда босанудың кемшіліктері
● Дәрігер үшін жұмысын суда жүргізу біраз қиындау болады. Тіпті, босанудың бұл түрі медициналық персонал үшін машақаты көп жұмыс болуы мүмкін. Мәселен, бірнеше әйелдер босанатын болса;
● Суда босану әрдайым ақылы болады, яғни босану үшін қосымша қаражат жұмсалады;
● Босану процесі ұзақ жалғасады. Әсіресе, бассейнді тым ерте қолданса, жатыр мойны 6–8 см ашылғанға дейін қолданса, босану уақыты біраз созылады;
● Жылы суда 3–4 сағаттан соң ішек тяқшалары пайда болады. Сол себепті суды әр 5 сағат сайын ауыстырып тұру керек;
● Босанғалы жатқан әйелге ыңғайлы болатындай орын мен тұрыс таңдау қажет. Бұл тұрыс қауіпсіз болуы тиіс. Аяғы тайып кетпейтін, күшенуге ыңғайлы және кеудесі суға батпай тұратын болу керек.
Суда босанудың тарихы
Босанудың біздің ел үшін ерекше түрі ежелгі Мысырда да болған екен. Ал ресми түрде 1803 жылы Францияда, 1805 жылы Германияда тіркелді. Кейін ғасырдан ұзақ уақыт бойына суда босану тәжірибесі тоқтап қалды. 1963 жылы КСРО-да суда малтуға баулыйтын Игорь Чарковский есімді мұғалім суда босануды қайта жандандырды.
Қазіргі таңда АҚШ-тың көптеген штаттарында, Еуропаның кейбір елдерінде, Канада, Аустралия және Жаңа Зеландияда суда босануды қалайтын әйелдерге барлық жағдай жасалған. Қазақстанда суда босануға мүмкіндік беретін перзентханалар мен емханалар жоқ.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында акушерлік істе Суда босану қолданбайды ғой.
Еки рет операциямен босангандар арада канша жыл өткенде ози босана алады?