Жерік асты жемесе не болады?

Жерік болу. Аяғы ауыр әйел көп уақыт өтпей әдеттегі тамаққа деген тәбетін жоғалтады. Құсу, лоқсу және бас айналу секілді жүктіліктің белгілері байқалады.  Басқа асқа тәбеті болмаған әйел бір ғана (немесе таңдаулы ғана) тағамды жегісі келіп тұрады. Бұл жағдайды «Жерік болу» дейді.

Жеріктік аяғы ауыр әйелдің ағзасында дәрумендер мен минералды заттарға деген қажеттілік қалыпты мөлшерден артқанда пайда болады.

Жерік асы. Жерік болған жүкті әйелдің қалауындағы асты тауып беру оның енесі мен абысын-ажындарының және жарының көңіл аударатын жағдайы. Жерік әйелдің жегісі келген асы «Жерік асы» деп аталады. Жерік асын тауып жемеген немесе құмарлана жеп, жеріктігін баса алмаған әйелдің көңілі орнына түсіп, жүктілігі жайлы болады деу қиын. Мысалы, жерігі қанбаған әйелдің балалары әлжуаз, аурушаң, кейде кемтар тууы да мүмкін екен.

Ит жерік — жерік болған әйелдің жерік асын тауып жей алмауы. Ит жерік болған әйелге ас батпай, ішкендерін құса беретін болады.

Жерік асты жемесе не болады?
Жерік асты жеу тек ананың емес, сондай-ақ құрсақта жатқан сәбидің де денсаулығы үшін өте пайдалы. Егер халық даналығына сенсек, сәбилердің ауыз суының ағып жүруі анасының жүкті кезінде жерігін қанып жемеуінен (ит жерік болуынан) болады екен.

Жеріктіктің де жөні бар
Жерік болатын әйелдер қаншама көп болса, олардың жерік болғандағы қызықтары да көбейе түседі. Қазақта «Түйенің етіне жерік болған әйел уақытынан асып босанады» деген сөз бар. Сондықтан жүкті әйелге түйенің етін жегізбеген.

Жүкті болған әйелдердің арасында ащы, қышқыл, сәбидің денсаулығына зиянды заттары бар асқа жерік болатын әйелдер кездесіп жатады. Ондай жеріктік те қиын жеріктікке жатады. Дәрігерлер бала денсаулығына зиянды тағамар мен зиянды қоспасы бар тағамдарды жеуге әрқашан тыйым салады.

Жеріктік деген қыз қой. Кейбір әйелдер жерік болғанда да қызық түрде жерік болады. Мысалы, өмірінде дәмін көріп, иісін сезбеген тағамдарға жерік болатын әйелдер де бар. Оларға сол тағамның суретін көру немесе сол тағам жайлы естіп-білудің өзі жетіп жатыр.

Яндекс.Метрика