Жүкті әйелдің психологиясы

Қоршаған ортада өзіңді қалай ұстау керек?

Әйелдің эмоционалды көңіл күйі жүктілік ағымының қалыпты, ешбір асқынусыз, ауыртпалықсыз өтуіне және болашақта босануына да тікелей әсер етеді. Кейде ауыр жағдайда өткен босану мен сәбидің дамуындағы кейбір ауытқушылықтар ананың жүкті болған кезіндегі көңіл күйіне байланысты (жақындарына ренжу, біреумен ұрысу, бала үшін уайымдау, т.б.) дейді дәрігер мамандар.

Жүктілік кезінде көңіл күйіңді қалыпты, жақсы, көтеріңкі ұстау үшін және өз-өзіңе сенімді болу үшін не істеу керек? Ең алдымен, бойыңыздағы мазасыздықты тудыратын себепті анықтап алу қажет.

Көптеген әйелдерге жүктіліктің ең қиын кезеңі бірінші триместр болуы мүмкін. Бұл – ағзаның гормоналды ауысуы кезіндегі әйелдің әсершілдігіне байланысты. Кейде себепсізден-себепсіз бойын ашу қысуы мүмкін. Алғашқы токсикоз да біраз әуреге салады. Сол себептен кейде үйде, жұмыста, қоғамдық көліктерде ұрыс-керіс туындап жатады. Мұндайда не істеу керек? Әрине, жүкті екендігіңізді жақындарыңыздан (бір үйде, бір шаңырақта тұратын адамдарыңыздан) жасырмасаңыз, оларды көңіл күйіңіздің болмай тұрғанына сендіре аласыз. Көп жағдайда, әйелдің жүкті екенін білгеннен соң-ақ туыстық қатынаста болмаса да айналасындағы адамдар оған қамқорлық таныта бастайды.

Қоғамдық орындарда, әсіресе көліктерде қандай да бір келеңсіз оқиғалардан сақ болу үшін өзіңізді сабырлы ұстауға тырысуыңыз қажет. Көбіне ыңғайсыз жағдайға бойында «осындай болып қала ма екен» деген үрейі бар әйелдер тап болады. Көптеген психологтар мен психотерапевттердің пікірінше, үрей немесе қорқыныш сезімі – қоршаған ортаға қатысты агрессияның бейтарап түрі. Егер адам айналасындағылардан қорықса, бұл – оның олар туралы жағымсыз пікірде екендігі, олардан ешбір жақсылық күтпейтіндігі деген сөз. Өз кезегінде, ұғынбаса да айналадағы адамдар бұны сезінеді және оған да солай жауап береді. Сондықтан ұрыс-керістен аулақ болу үшін әлемге жаңа көзқараспен (сүйіспеншілікпен, махаббатпен) қараған жөн. Кейде бұл рухани күш-жігерді талап етеді. Сол себепті аутотренингке (жаттығулар) жүгінуге болады.

Қазіргі күнде жамандықтан гөрі, өмірде жақсылықтың көп екендігіне сену өте қиын. Сондықтан барлық ойыңызды тек болашақта ана болатыныңызды, сәбиіңізді жақын арада жылы құшағыңызға қысып, құмарыңыз қанғанша иіскеп-сүйетініңізді көз алдыңызға елестетсеңіз, көңіл күйіңіз лезде жадырап шыға келеді.

Жаныңызға жайлы әуендерді де тыңдауға болады. Анасының құрсағында жатып-ақ сәби сіз тыңдаған әуенді сезінеді. Немесе махаббатқа, сүйіспеншілікке толы қызықты кітаптар оқыңыз.

Қоғамдық көліктерде «орын берші» деп жаныңызға бір қарт адам келсе, бірден жақтырмай қарап, дөрекі жауап беруге тырыспаңыз. Мәдениетті түрде, жымиып, орныңызды беріңіз, айналадағы байқаған адамдар-ақ сізге осындай ілтипат көрсетеді.

Кез келген жағдайда «Сабыр түбі – сары алтын» дегендей, сабырлы болуға тырысыңыз. Өзіңіздің денсаулығыңыз бен сәбиіңзді ғана ойлаңыз.

Есіңізде болсын!!!

Жүктілік – ауру емес, ерекше физиологиялық күй, бірнеше айдан соң-ақ көптеген әйелдер сіздің өсіп қалған ішіңізге қызығушылықпен қарайтын болады, ал токсикозға байланысты туындайтын сезімдер – уақытша нәрсе ғана.

Әрдайым жүзіңізден күлкі кетпесін, болашақ АНА!!!

Яндекс.Метрика