Әрбір жүкті әйел дәрігердің көмегіне мұқтаж. Болашақ баланың денсаулығының дұрыс қалыптасуы үшін ең маңызды кезең алғашқы 12 апта болып табылады. Себебі осы мерзімде сәбиіңіздің өміріне маңызды мүшелері мен жүйелері қалыптаса бастайды. Сондықтан жүктілік белгісі анықталған жағдайда дереу мамандандырылған медициналық мекемеге тіркелуіңіз қажет. Ең бірінші жүргізілген медициналық бақылаулар көптеген қауіптің алдын алуға көмектеседі.
Алғашқы қабылдау
Алғашқы кеңес кезінде дәрігер әйелдің жалпы денсаулығының қандай болғандығы туралы анықтайды, немен ауырды, қалай емделді, алдындағы жүктілік қалай өтті (егер болса). Емделушісін толық тексеріп шығады: артериальды қысымын, бойын, дене салмағын, жамбасының көлемін өлшейді. Содан соң гинекологиялық тексеру жүргізіледі.
Бұдан соң емделуші келесі сараптамаларға (анализ) жолдама алады:
- қынапты зерттеу;
- цитологиялық зерттеу (рак жасушаларына және гормональды қанықтығының деңгейі);
- жасырын инфекцияларды анықтау үшін жағынды (мазок) алу (хламидия, микоплазма, уреаплазма, т.б.);
- зәрдің жалпы сараптамасы;
- қанның клиникалық талдауы;
- қан талдаулары – мерезге (сифилис), RW (Вассерман реакциясы), АИТВ (ВИЧ), гепатитке;
- қан тобын және резус-факторын анықтау үшін сараптама;
- қанның биохимиялық талдауы;
- жатырішілік инфекцияларды (қызылша (краснуха), ұшық (герпес), цитомегалия, токсоплазмоз) анықтау үшін қан талдауы – көрсеткіштер бойынша.
Сондай-ақ ұрықтың жағдайын анықтау үшін жамбас мүшелерінің УДЗ (УЗИ), терапевтің, стоматологтың, окулистің, эндокринологтың кеңесі белгіленеді.
Келесі бақылаулар
Келесі қабылдаулар шамамен бір жүйеде жүргізіліп отырады:
- кеңес; дәрігер емделушінің шағымдары болса, тыңдайды.
- сараптамалардың нәтижесімен танысу;
- қаралу: артериальдық қысымын, салмағын, ішін және жатыр түбінің биіктігін өлшеу.
Егер ауытқулар туындаса немесе қандай да бір аурулармен ауырып жүрсе (қант диабеті, гипертония (қан қысымының артуы), ишемия (қанның бір жерде азаюы) ауруы, бүйрек аурулары, т.б.), қосымша тексерулер тағайындалады.
Жүкті әйелдің дәрігермен қарым-қатынасы
- Өзіңіздің денсаулығыңыз туралы мәліметті толықтай дәрігерге жеткізіңіз: асқынған аурулар, жасалған операциялар, қабылдап жүрген дәрі-дәрмектер туралы, зиянды әдеттер (темекі шегу, алкогольды ішімдіктерді, есірткі заттарды қабылдау), жұмыс жағдайы туралы да айтыңыз.
Есте сақтаңыз! Өтірік немесе толық емес айтылған мәліметіңіз сіздің және болашақ сәбиіңіздің денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін.
- Дәрігердің барлық кеңестерін мұқият тыңдау қажет, егер бірдеңені түсінбей қалсаңыз, еш қысылмастан қайтадан сұрап алыңыз.
- Дәрігердің айтқандарын орындау қажет. Егер қандай да бір емдік шараның орындалу қажеттігі немесе қандай да бір дәрі-дәрмектерді қабылдау жөнінен күмәніңіз болса, дәрігерден ол туралы анықтап алыңыз (орындамаса қандай жағдай болатыны туралы). Егер күмәніңіз сонда да сейілмесе, басқа дәрігерден кеңес алуға болады, бірақ міндетті түрде ол туралы қаралып жүрген дәрігеріңізге ескертіңіз.
- Маңызды себеп болмаса да дәрігерден сұрауға ұялмаңыз.
- Өзіңіздің жағдайыңыз туралы нақты, толық айту қажет. Ананың денсаулығы мен сәбидің дамуын анықтау үшін кез келген ұсақ-түйек дәрігер үшін маңызды.
- Егер әрбір қабылдаудан соң бойыңызды босанар алдындағы үрей, ауытқулары бар бала туып қалам ба деген үрей билесе, күмән болса, бұл – сіздің дәрігеріңізге сенімсіздігіңіздің немесе оның өз мамандығын жеткілікті білмейді деген ойыңыздың белгісі. Онда басқа дәрігер таңдаған дұрыс немесе кәсіби психолог маманға, психотерапевтке қаралыңыз.
Ультрадыбыстық зерттеу
Ультрадыбыстық зерттеу (сканерлеу) (УДЗ) ұрықтың жағдайын жатыр кеңістігіне күшпен енбей анықтауға мүмкіндік береді. Жүкті әйелдің ішінің үстіңгі жағына жоғары жиіліктегі ультрадыбыстық толқындар жіберетін арнайы құрылғы бекітіледі. Ұрыққа жеткен соң бұл толқындар оған сәуле түсіреді, қарама-қарсы бағытта қозғалып, құрылғымен анықталады. Компьютердің көмегі арқылы мониторға ұрықтың кескіні түседі – сонограмма.
Кейде арнайы құрылғы әйелдің қынабына да енгізілетін жағдайлар кездеседі. УДЗ-ның мұндай түрі жүктіліктің ерте мерзімінде, әсіресе жатырдан тыс жүктіліктің қаупі анықталса немесе қынаптың ультрадыбыстық зерттеуінің басқа көрсеткіштері үшін тағайындалады.
Жүкті әйелге УДЗ әдетте 3 рет жүргізіледі: 10-14 аптада, 20-24 аптада және 30-34 аптада.
Алғашқы УДЗ дәрігерге жүктілік мерзімін нақты анықтауға, бекітуге, бірұрықты не көпұрықты екендігін білуге, ұрықтың дамуында қандай да бір ауытқушылықтардың бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді. Келесі зерттеулер ұрықтың дамуын, жолдасының (плацента) күйін, қағанақ суын (околоплодные воды), босанарға дейін баланың жынысын айқындайды.
Егер ауытқулар туындаса (ұрықтың дамуында ауытқулар анықталса немесе түсік тастау қаупі төнсе), акушер-гинеколог қажетті емдік және диагностикалық шаралар тағайындайды.
УДЗ-ның ұрыққа зиянды әсері бар ма? Мүлдем зиян келтірмейтін диагностикалық емделу шаралары болмайды. Алайда, УДЗ-ның ұрықтың ағзасына әсерінің зияндығы туралы ақпараттар өте аз. Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау Ұйымы жүктілік кезінде төрт еселік ультрадыбыстық зерттеу қауіпсіз деп бекітті.