Көпұрықты жүктілік туралы не білеміз?

Көпұрықты жүктілік, Жатырдағы егіздер

Көпұрықты жүктілік

Адам үшін шартты биологиялық норма бір баланы уақытына жеткізіп дүниеге әкелу болып табылады. Сондықтан көпұрықты жүктілік патология мен шартты норманың екі аралығындағы жағдай болып келеді. Бір уақытта екі не одан да көп ұрықты жүктілік әйел ағзасы үшін ауыр болады. Өйткені мұндай жүктілік кезінде энергия мөлшері мен басқа да қорек заттар көптеп қажет.

Егіздер қалай пайда болады?

Бір рет ұрықтанған аналық клетка (зигота) екі не одан да көп ұрыққа бөлінсе немесе екі я болмаса одан да көп аналық клетка ұрықтанса, онда көпұрықты жүктілік дамиды. Бірінші жағдайда бір жұмыртқалы (көп зиготалы) егіздер, ал екінші жағдайда – әртүрлі жұмытрқалы (дизиготалы) егіздер дүниеге келеді. Бір жұмыртқалы егіздер «судың екі тамшысындай» бір-біріне ұқсас, бірдей геннің (тұқым) жиынтығына ие. Ал әртүрлі жұмыртқалы егіздер жалпы геннің 40-тан 60%-на дейін ұқсас болып келеді, яғни кәдімгі ағалы-інілі, апалы-сіңлілі бауырлар сияқты. Олар бір-біріне мүлдем ұқсамауы мүмкін. Оған қоса, әртүрлі жұмыртқалы егіздердің ұрықтану уақытының аралығы кейде бірнеше күнді құрайды, сондықтан кейбірінің әкелері де басқа болуы мүмкін (егер әйел жалғызбасты болса).

Ұрықтануға дейін көпұрықты жүктіліктің дамуын алдын ала болжау мүмкін емес, себебі, ғылым әлі күнге дейін бұл сұрақтың жауабын тапқан жоқ. Алайда, егер болашақ анасының не әкесінің тұқымында егіздер туылса, онда егіздердің дүниеге келуін күтуге болады.

Көпұрықты жүктілік кезінде өзіңді қалай ұстау керек?

Жүктіліктің ерте мерзімінде-ақ ультрадыбыстық зерттеу жатырда қанша ұрық (эмбрион) бар екендігін анықтай алады. Бұл өте маңызды, себебі егіздерге жүкті әйелдің күн тәртібі мен тамақтануы басқаша болып келеді.

Тағам мөлшерін белгілерде ағзаға қажет ақуыз, кальций және микроэлементтердің мөлшері егіздер санына пропорциялы болу керектігін ескеру қажет. Барлығына да энергия жеткілікті болу үшін тәулігіне әрқайсысына қосымша 300 килокалория жинау керек.

Дене салмағының да мөлшері айтарлықтай артатынын естен шығармаңыз. Егер мұндай жағдай байқалмаса, онда дәрігер міндетті түрде емделушіні қосымша тексерілуден өтуге жібереді: мүмкін, бір қиындықтар туындаған шығар. Көпұрықты жүктілік кезінде дәрігерге қаралу жиілігі де көп болады.

Көп демалып тынығуыңыз қажет. Егер көңіл күйіңіз, жағдайыңыз нашар болса, жұмысыңыздан жүктілік бойынша демалысқа (декрет) ерте шығыңыз, сонымен бірге, үй шаруасындағы біраз шаруаларды жақын адамдарыңызға жүктеп қойыңыз.

Болашақ ана жатырда жатқан егіздердің қоректік заттардың, оттегінің, энергияның және кеңістіктің жетіспеушілігін сезінетінін білуі тиіс. Сондықтан олардың туылғанда салмағы өте аз болады немесе анасы уақытына жетпей босанып қалады. Бірақ бұдан қорықпаңыз: егер қосымша қауіп туындамаса, бірнеше айдан соң олардың жеткілікті салмақпен туылған өз құрбыларынан еш айырмашылығы болмайды.

фото: medprep.info
Яндекс.Метрика