Айлардың сұлтаны, Құран түскен Рамазан айы келгенде исі мұсылман жан әрбір тынысының сауабы мол екенін біліп қуанатыны белгілі. Тирмизи жеткізген хадис шәрифте пайғамбарымыз (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Себепсіз рамазанда бір күн ораза тұтпаған кісі оның орнына жыл бойы ораза тұтса, рамазандағы әлгі бір күндік сауапқа жете алмайды» – деген сөзінің мәнін ұққан қайсыбір жан Рамазан айының оразасын ұстауға құлшынып тұрады.
Иә, дегенмен осындай сауапты үміт етіп, бірақ ораза ұстауға шамасы келмейтін қарттар, кейбір ауру-сырқаттар сияқты кісіге қиыншылық тудыратын жағдайлар да жоқ емес. Сондай жәйттің бірі аяғы ауыр жүкті әйелдер мен босанғаннан кейінгі сәбилі ананың ораза ұстау мәселесі. Мұндай нәзік жанды аналар денсаулығы жараса оразаның сауабынан үміт етіп оразаларын ұстайды. Алайда өзіне не сәбиіне зиян келетін болса, сол уақытта ораза ұстамауына шариғат рұқсат еткен. Жалпы, қандай да бір аурумен сырқаттанғандар (кейіннен жазылған жағдайда), сапарда жүргендер (сапардан оралғанда), хайыз[1], нифас[2] секілді үзірлі жағдайдағы әйелдер (ораза біткеннен кейін), жүкті және бала емізетін әйелдер (емізулі кезеңнен шыққанда) оразаларының қазасын өтейді.
Құранда Аллаһ тағала:
أَيَّاماً مَعْدُودَاتٍ فَمَنْ كَانَ مِنْكُمْ مَرِيضاً أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِنْ أَيَّامٍ أُخَرَ وَعَلَى الَّذِينَ يُطِيقُونَهُ فِدْيَةٌ طَعَامُ مِسْكِينٍ فَمَنْ تَطَوَّعَ خَيْراً فَهُوَ خَيْرٌ لَهُ وَأَنْ تَصُومُوا خَيْرٌ لَكُمْ إِنْ كُنْتُمْ تَعْلَمُونَ
«Оразаның күні санаулы. Сендерден біреу ауру болып немесе жолаушы жүріп (ораза ұстамаса), кейін сол күннің орнын толтырсын. Ораза ұстауға дәрменсіздер (кәрілер, яки әлсіздер) күніне жоқшылықтағы бір адам тоятындай фидя[3] берсін. Кімде кім (көрсетілгеннен) артық берсе тіпті жақсы. Білсеңдер, сендер үшін (ауыз ашық жүруден, садақа беруден) ораза ұстағандарың әлдеқайда жақсы»[4] деген.
Бұл аятты ауру болғандар мен сапардағыларға жеңілдік беріп, оразасын кейін өтеулерін рұқсат етіп жатқан болса, Имам Бұхаридің кітабында «Әйиамән маъдудат» (Санаулы күндер) атты бабында:
الْمُرْضِعِ أَوْ الْحَامِلِ إِذَا خَافَتَا عَلَى أَنْفُسِهِمَا أَوْ وَلَدِهِمَا : تُفْطِرَانِ ثُمَّ تَقْضِيَانِ
«Емізуші немесе жүкті (әйел) өзіне не сәбиінен (зиян келеді деп) қорықса: Екеуіде аузын ашады сосын (уақыты келгенде қазасын) өтеп береді» – делінген.
Анас ибн Малик әл-Каъби жеткізген хадисте:
إنَّ اللَّهَ عز و جل وَضَعَ عَنْ الْمُسَافِر الصَّوْمَ وَ شَطْرَ الصَّلَاة، وَعَنْ الْحبلى وَالْمُرْضِعِ الصَّوم
«Расында Ұлық та Құдіретті Аллаһ жолаушыға ораза ұстауды, намаздың жартысын орындауды міндеттемеген. Және жүкті әйелдер мен емізуші әйелдерді де ораза ұстаудан босатқан»[5] деген.
Ұзаққа созбастан тағы бір Ханафи мазхабымыздың пікірін келтіре кетейік.
Әбу Бакр Жассас өзінің «Әхкәмул Қуран»ында Пайғамбарымыздың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) жоғарыда келтірген хадистің «жүкті әйелдер мен емізуші әйелдерді де» деген сөзіне былай дейді: «Екеуіне (жүкті және емізуші әйел) рұқсат етуі өзіне немесе сәбиіне зиян келетін болғандықтан екені мәлім»[6] – деп келтірген.
Денсаулығына немесе сәбиге зиян келетін-келмейтінін, немесе кімде-кімнің қандайда бір ауруы болса жақсы дәрігер арқылы анықтап алу қажет. Толық сенімді болуы үшін сенімді дәрігерден кеңес алса құба-құп екеніне ислам ғалымдары кеңес береді. Барлығы жақсы болса, онда ораза ұстағаны абзалырақ.
Аллаһ ұстағандардың оразаларын қабыл етіп, жұмақтың «Райян» атты тек ораза ұстағандар ғана кіретін қақпасынан кіруді нәсіп етсін, себептермен ұстай алмағандардың ниетін қабыл етіп, ұстауға деген ниеті үшін өз мейірімін жаудырсын! Әмин!
Жеңіс Әбибуллаұлы,
дінтанушы
ниет етіп ораза устадым балам 1 жастан асты бірак қазір емізіп журмін сутим жақсы келіп жатыр оразам бұзылмайма?
Салеметсизбе. Мен 14 кун ораза устадым. Енди жукти екенимди билдим. Ораза устаган балага зиянба?
Ассаламуалейкум. Мен емізулімін. Бирак ораза ұстадым. Енди бала емизсем болады ма ораза болсамда
Сәлеметсіздерме, мен ораза ұстап бастадым, бірақ күндіз баламды емізіп жүрмін, оразам бұзылмайма?