Сіздің балаңыз сыныпта үштік баға алып келді немесе бір нәрсеге қобалжулы болсын делік. Сіздің балаға деген реакцияңыз қандай болады? Балаңызға: «ештеңе етпейді, қобалжыма, онда тұрған ештеңе жоқ, несіне майда-шүйдаға бола ренжисің, бәрі жақсы болады»,- деп айтамыз. Осыдан кейін балаңыз екінші рет сізге өз шағымын айтып келмейді. Неге? Бұл жердегі ата-ананың басты қателігі – баланың сезімін түсінбеу, оны қабылдамау (обесценивание), блоктау.
Ойланыңызшы, сізде де қиын жағдай орын алғанда, сіздің жаныңызды біреудің түсінгенін қалайсыз, ішіңіздегі улы жыланды сыртқа шығарғыңыз келеді. Міне осы процесс – «эмпатия «деп аталады.
Эмпатия – бұл баланың ішкі әлемімен байланыс орнатуға көмектесетін мықты әдіс. Яғни, балаға ұсақ-түйекке мән берілме деудің орнына, оның жағдайын түсінетіндей күй кешу, оған жанашырлық білдіріп, оның сезімін бірге бөлісу. «Мен сені түсініп тұрмын, саған қазір қандай қиын,»-деген сөздерді айту. Ғалымдар, егер баланың ішкі эмоциясын дұрыс шығаруды үйрете білсек, өсе келе бала да стресске төзімді болады деген.Балаға эмпатияны дұрыс жеткізудің бірнеше әдісі бар:
•Иә,»ммм»,»сенің жағдайыңды түсініп тұрмын» – деген сөздерді қолданып,баланы шын тыңдап тұрғаныңызды білдіруіңіз керек.
•Баланың эмоциясы мен сезімін өзіне жеткізу. Сенің қобалжып тұрғаныңды көріп тұрмын,сен ренжіп тұрсың деген сөздермен білдіру, оны балаға айту. Өзінің қандай күйде тұрғанын сезінген бала өз күйін түсінуді үйренеді.
• Балаға ашулануға,жылап алуға мүмкіндік беру. Бұл процесс балаға ішкі күйзелісін сыртқа шығарып, босаңсып, жеңілдеп қалуына көмектеседі.
• Баланы ыдыс жуып отырып немесе газет оқып отырып тыңдамау. Баланы көзбе-көз әңгіме айту, мейлі ыдыс жуылмай қалар, үй жиналмай қалар, бірақ баланың әрқашан тыңдаушысы болуы керек.