Емшек сүті қайдан және қалай пайда болады?

Әйел босанғаннан кейін сүт емшек бездерінде қан арқылы келген қоректік заттардан түзіледі. Алдымен уыз пайда болып, ол бірте-бірте сұйылып сүтке айналады. Ішкен тамақтың түрлеріне байланысты сүтте әртүрлі витаминдер мен баланы жұқпалы аурулардан қорғайтын заттар болады. Сонымен сүттің құрамы: ананың ішіп-жеген тамағына байланысты. Сондықтан бала емізіп жүрген әйел жеміс-жидектерді көбірек жеуі керек, өйткені оларда баланың жақсы өсіп, жетілуіне қажетті витаминдер мол. Ана сонымен бірге сұйық тағамдарды — сүт, айран, сүт қатқан шәй, шырындарды көп ішуі керек. Ал май мен жұмыртқаны аз жеуі керек (олар организмдегі зат алмасу процесін бұзуы мүмкін). Емшекте баласы бар ананың арақ-шарап ішуіне болмайды. Себебі, арақ ана организміне ғана зиянын тигізіп қана қоймай, сонымен қатар емшек сүті арқылы сәби организмін де бұзады.

Ана перзентханадан шыққаннан кейін біртіндеп үй шаруасын істей беруіне болады. Бірақ ауыр жұмыс істеуге, әсіресе ауыр зат көтеруге болмайды ауыр жұмыстан жатырдың төмен түсіп кетуі мүмкін. Босанған әйел бастапқы кезде тез шаршай береді. Сондықтан жас босанған ана күніне кем дегенде 8 сағат ұйықтап, күн сайын нәрестесімен екі сағат таза ауада серуендеуі тиіс. Сондай-ақ дене шынықтырудың да пайдасы зор, барлық ағзалар мен жүйелер жұмысының жақсаруына мүмкіндік болады, организмді тезірек қалпына келтіреді. Бала емізіп жүрген ананың дұрыс тамақтануының маңызы зор. Тәбетінің тартуына қарай белогы, майы, көмірсу, минералды тұздары мен витаминдері мол әр алуан тамақтар ішуге тиіс.

Яндекс.Метрика