Жүктілікті анықтау тесті

Қазіргі таңда кез – келген әйел өзінің жүктілігін қарапайым тест арқылы анықтай алады. Тестте екі жолақ (сызықша) арқылы жүктіліктің бар екенін анықтауға болады. Медицина тарихында алғашқы тест 1971 жылы шыққан. Алайда бұл тесттің жауабы тек екі сағаттан соң белгілі болатын. Осылай жылдар бойы тесттердің дәлдігі, сенімділігі мен жылдамдық көрсеткіштері жақсара түсті. 1988 жылы алғаш рет анағұрлым жылдам тесттер пайда болды. Бұл жолақ – тесттер болатын. Жұмыс принципі: арнайы ыдысқа азанғы зәр жиналып, тест жолағының арнайы реактив сіңдірілген бөлігі сол зәрдің шішіне біршама уақытқа салынатын. Алайда бұл тесттің жауап беру жылдамдығы 5-15 минут және дәлдігі мен сенімділігі төмен болатын. Ол кезде реактив қағаз бетке сіңдірілетін, қағазда бөлшектердің қозғалысы өте баяу әрі сызықшалар тиянақсыз және бұлыңғыр болып көрінетін. 1996 жылы ол қағаз беттер латекске алмастырылып, жүктілікті анықтау уақыты бір минутты құрайтын болды. Сонымен қатар сенімділігі мен дәлдік көрсеткіштері де жоғарылады. Қазіргі заманғы тесттермен жүктілікті анықтау үшін міндетті түрде азанғы зәрді емес, кез-келген уақыттағы зәрдің көмегімен анықтауға болады. Бұл тесттердің дәлдігі шамамен 97% құрайды.

Тесттердің жұмыс істеу принципі

Барлық тесттердің жұмыс істеу принципі бірдей. Бұл әйел зәріндегі ерекше ақуызды, немесе басқа сөзбен айтқанда – жүктілік гормонын анықтау. Жүктілік гормоны деп отырғанымыз — адамның хриондық гонадотропині, қысқарған түрі – АХГ. АХГ алдымен қанда пайда болады, кейін бірнеше тәуліктен соң зәрде пайда болады. Бұл гормонды қаннан да анықтауға болады. Бірақ мұндай сараптаманы кез-келген зертханада жасай бермейді. Сол себепті жүктілікті тест арқылы анықтау әлдеқайда ыңғайлы әрі жылдам.

Тестті қай уақытта тексеруге болады және оның нәтижесі неге тәуелді?

Барлық тесттердің сыртынан (қорабында) етеккір кідірісінің бірінші күнінен бастап қолданған дұрыс деген кеңесті көруге болады. Дәл осы уақыт аралығында әйел зәріндегі АХГ мөлшері тест анықтай алатын мөлшерге жетеді. Алайда, жүктілікті тест арқылы бұдан ерте анықтау ықтималдығы бар. Бұл тесттің сезімталдық дәрежесіне байланысты. Бірақ жүктілік мерзімі екі аптадан кем болмауы тиіс. Жыныстық қатынастың ертеңіне ешқандай тест жүктіліктің болу ықтималдығын анықтай алмайды. Тіпті сізде овуляция кезеңі болған күнде де. Әдетте жыныстық қатынастан соң, АХГ зәрден 10-14 күндері анықталады. Негізі жүкті әйел зәріндегі АХГ көрсеткішінің мөлшері жүктіліктің 6-7 апталарында ең жоғарғы шекке жетеді. Кейін бұл көрсеткіш біртіндеп төмендейді. Етеккір кідірісінен кейінгі алғашқы күндері АХГ гормонының мөлшері күн санап екі еселене көбейеді. Сол себепті тест көрсеткіші бір рет жүктіліктің жоқ екендігін көрсетсе, міндетті түрде бірнеше күннен соң қайта тексеру керек. Себебі бүгін жүктіліктің жоқ екенін көрсеткен тест, ертең жүкті екеніңізді анықтауы мүмкін.

Жүктілікті анықтайтын тесттердің түрлері. Қайсысы жақсы?
● Стрип-тест – ең қарапайым түрі. Жалпы жолақтық тест түрі;
● Планшетті тест – әдетте сол спирит тестің өзі, бірақ пластикті планшеттің ішіне салынған. Жолаққа арнайы тамызғыш көмегімен зәр тамшыларын тамызу арқылы тексеріледі. Сапасы спирит тестпен бірдей, тек бағасы қымбат және көрінісі әдемі. Естелік ретінде сақтап қоюға болады;
● Ағынды тест – зәр ағысының астында міршама уақыт ұстап тұру арқылы тексеріледі. Пайдалануға ыңғайлы, қосымша ыдысты немесе тамызғышты талап етпейді;
● Электронды тест – үйреншікті жолақтардың орнына жазу шығады – pregnancy немесе no pregnancy деген. Бағасы қымбат.
Ал сапасына келер болсақ, бұл жерде «баға – сапа» деген қатынас жоқ. Мәселен, спирит тест пен планшетті тесттің сапасы бірдей, бірақ бағаларында айтарлықтай айырмашылығы бар. Тесттің сапасы бағасына емес, өндіруші фирманың түріне байланысты.

Жүктілікті тест арқылы анықтар алдында зәрді қалай жинау керек? Бұл овуляция кезеңіне байланысты. Әдете АХГ гормонымен ең жақсы байытылған болып – таңғы зәр саналады. Тестті таңғы зәрмен тексерген дұрыс. Алайда егер қолданып жатқан тестіңіздің сезімталдығы жоғары болса, кіші дәретке 4 сағат бойы бармай тексерілген тесттің де берер жауабы дәл шығады. Бірақ тест жасардан алдын көп су ішуге болмайды. Бұл зәр құрамындағы АХГ гормонының мөлшерін азайтып жіберуі мүмкін. Егер де бір себептермен зәр жиналған уақытта тестті тексеру мүмкін болмаса, зәріңізді тоңазытқышта 48 сағат бойы немесе мұздатқышта екі апта бойы сақтауға болады.

Сараптаманы қалай жасау керек?

Қорабында жазылған нұсқаулық бойынша жүргізген дұрыс. Зәр ағынының астында ұстап тексеретін тесттерді спирит тесттер секілді қолдануға болды. Алайда, спирит тесттерді зәр ағынының астына қойып тексеруге болмайды. Зәрді таза шыны, пластик немесе парафинделген ыдысқа жинап, тест жолағын көрсетілген жеріне дейін батыру керек. Егер тест немесе зәр тоңазытқышта сақталған болса, сараптама алдында оларды бөлме темпертурасына дейін жылыту керек. Ал мұздатқышта тұрғандарын толық ерітіп, жақсылап араластыру керек. Жылыту үшін микротолқынды жылытқыш немесе пеш қолдануға болмайды. Сараптаманы істемес бұрын тесттің реакция жүретін жеріне қол тигізуге болмайды. Сонымен қатар ол жерге ешқандай сұйықтық немесе кір тимеуі керек. Тестті сақтау мерзімі аяқталған соң қолдануға болмайды. Сараптама үшін алынған зәрге бөтен заттар қосылмауы керек. Бұл заңдылықтарды бұзу салдары – қате жауап алуыңызға себеп болады.

Тесттегі екінші сызық (жолақ) қай жерде орналасуы керек?

Оның түсінің қанықтығы маңызды ма? Әдетте тесттерде жоғарғы сызық бақылау сызығы, ал төменісі АХГ гормонының бар жоқтығын анықтайды. Одан бөлек бақылау сызығы «–» белгісін көрсетсе, АХГ көрсететін сызық бақылау сызыының үстінен түсіп «+» белгісін көрсететін түрлері де бар. Кей бірінде екі сызық үшін арнайы терезе тәріздес орын белгіленген. Ал төменгі сызықтың түсіне келер болсақ, оның ашық және айқын болуы мақсат емес. Бастысы шектері анық сызық шықса болды. Бірінші кезде оның түсінің қанық болмауының себебі, ағзада АХГ гормондары тым аз болғандықтан. Олар күн санап көбейеді, сіз тестті ерте істегендіктен де болуы мүмкін.

Уақыт өтісімен тесттің жауабы өзгеруі мүмкін бе?

Жүктіліктің бар екенін көрсеткен тест жауабы өзгермейді. Ал жүктілік жоқ деп көрсеткен тест біршама уақыттан соң ( 10 мин., 1сағ. ) , ылғалдың булануы салдарынан анық емес екінші сызықты көрсетуі мүмкін. Бұл жүктілік емес, тесттің сапасыздығына жатады. Тесттің қорабында көрсетілген уақыт аралығында ( 3 – 5 мин ) жүктілікті дәлелдейтін екі сызық шықпаса, кейін шыққан сызық нақты жауап емес.

Алкоголь немесе дәрілік заттар тесттің жауабына әсер ете ме? Алкоголь, дәрілік заттар ( тіпті ұрықтануға қарсы дәрілер ) тесттің жауабына әсер етпейді. Тек құрамында АХГ бар ( прегнил, профази және т.б. ) дәрілер тест жауабын өзгертуі мүмкін. Бұл дәрілік заттарды қабылдаған әйел тестті 10 – 14 күннен соң тексере алады. Себебі оған дейін зәрдің құрамында АХГ көп болып, тест жалған жүктілікті көрсетеді.

Тесттердің қателесу ықтималдығы қандай? Бұл неге байланысты?

Ия тест қателесуі мүмкін. Жүктілік бола тұра, тест жүктілікті көрсетпейді: жүктілік мерзімі тым аз (2 аптадан кем), тесттің сапасы нашар (сақтау мерзімі өтіп кеткен немесе қолайлы температуралық жағдайда сақталмаған), түсік тастау қаупі бар (АХГ мөлшері төмендеуде), тест жасау үшін таңғы зәр қолданылмаған, желбуаздылық (жатырдан тыс жүктілік).

Тесттің жалған жүктілікті көрсету себептері: желбуаз жүктілікпен түсік тастағанда (түсік тастағаннан кейін тым аз уақыт өтсе 2-4 апта), тесттің сапасы нашар болса, қанның құрамындағы АХГ мөлшерін көбейтетін кейбір аурулар мен ағзаның патологиялық жағдайларында (хорионэпителиома немесе көпіршекті күртік аурулары), құрамында АХГ гормондары бар дәрілік заттар қабылданғанда.
80 қатар

Яндекс.Метрика