Туберкулёз — туберкулездің микобактериялары (туберкулез таяқшасы) арқылы туындайтын инфекциялық ауру, әдетте өкпе қабынып, сонымен бірге сүйек пен буындарға, көз, тері, несеп мүшелеріне зиянын тигізеді. Оның ашық және жабық түрі болады. Ашық түрі қоршаған ортаға қоздырғыштар таяқшаларын бөледі, ал жабық түрінде қоздырғыштар бөлінбейді.
Ауру неден туындайды?
Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде бөлінетін қақырық тамшылары және тыныс алған кезде туберкулез қоздырғышының таяқшалары сау адамның ағзасына түседі. Сонымен бірге айлар бойы туберкулез бактериялары сақталып қалатын инфекциялы шаң-тозаңдардан да ауру туындайды; кейде аса сирек жағдайда — туберкулез маститімен ауырған сиырдың сүтін қолданғанда. Келесі жағдайлар көбіне иммунитеттің инфекцияға қарсы тұра алу мүмкіндіктеріне байланысты: ауру мүлдем болмауы мүмкін немесе жеңіл түрде, кейде қарқынды түрде дамып, ауыр кезеңге дейін асқынуы мүмкін. Иммунитет дұрыс тамақтанбағаннан, тұрмыс жағдайының төмен деңгейде болғанынан әлсізденеді. Кейбір аурулар да (қант диабеті, онкологиялық аурулар, созылмалы бүйрек ауруы, әсіресе, ВИЧ-инфекция), қарт адамдардың, глюкокортикоидті, цитостатиктерді ұзақ уақыт қабылдау, сонымен бірге ішімдік те иммунитеттің әлсізденуіне әкеледі. Орта есеппен алғанда, ағзасына қоздырғыш таяқшалары түскен әрбір 20 адамның 1-еуі туберкулезбен ауырады. Туберкулезбен ауыратын науқастың жанында ұзақ болған дені сау адамның қоздырғыштармен жиі байланыста болғандықтан, өзіне жұқтырып алу қаупі үлкен. Айтарлықтай мықты иммунитеттің әлсізденгенде бұрын ағзаға келіп түскен қоздырғыштардың белсенділігі артып, кейде ауру кештетіп те басталады.
Туберкулез қауіпті ме?
Туберкулез асқынып кеткен түрінде қауіпті. Сақтық шараларының басты міндеті — бұл аурудың алдын алу және асқынып кетуіне жол бермеу үшін ерте анықтау. Туберкулезбен ауыратындардың көбісі тұрғылықты мекен-жайы жоқтар мен қамаудағы адамдар екеніне қарамастан, кез келген дені сау адамға да сақтық шараларын ескермей өтуге болмайды. Тұрғылықты жеріндегі емханаларға барып, жылына бір рет тексерістен өтіп отыру қажет.
Туберкулез қалай басталады?
Алғашқы кезеңде туберкулездің белгілері анық байқалмауы мүмкін (әлсіздік, тез шаршағыштық, тәбетінің болмауы), әдеттегі жағдай деп ескермей жүре береміз, кейде тіпті білінбейді. Осыдан-ақ мүлдем елемеуге болмайтын алдын-ала сақтық диагностикалық шараларды жүргізудің маңызды екендігі айқын.
Жеңіл түрінің дамуы барысында жөтел (алдымен құрғақ, содан соң қақырықтың бөлінуі) пайда болады, ентігу (бұл өкпе мен төс қабырғаларының арасындағы кеңістікте сұйықтықтың пайда болуына немесе өкпенің көп бөлігінің зақымдануымен байланысты), дененің қатты қызуы (лихорадка), қатты терлеу, әлсіздік, дене салмағының азаюы, төс сүйегінің жиі ауыруы байқалады.
Өкпенің, жыныс мүшелерінің, омыртқаның, буындардың, сонымен бірге ми қабаттарының (менингит) туберкулездік зақымдануының дамуы мүмкін.
Туберкулезге нақтаманы қалай береді?
Нақтаманың (диагностика) негізгі әдісі — рентгенологиялық зерттеу жүргізу. Бұл зерттеулердің алуан түрінің арасындағы айырмашылықты түсіну маңызды. Флюорография жалпы тексеруден өту үшін қажет, яғни туберкулезге күдік тудыратын өкпедегі өзгерістерді анықтау. Нақты нәтижені төс сүйектері мүшелерін рентгенографиялық және қарапайым томографиялық шолу (оның ішінде компьютерлік томография) бере алады. Осылайша, кейде бір емделушіге рентгенологиялық зерттеудің 2–3 түрін жүргізуге тура келеді.
Қоздырғышты анықтау үшін қақырықтың да лабораториялық сараптамасы аса маңызды. Себебі бұдан науқастың айналасына қауіпті-қауіпті еместігі анықталады.
Туберкулинодиагностика әдісі маңызды рөл атқарады, оның ішінде Манту реакциясы. Тері астынан 2 ЕД туберкулинді енгізуге байланысты (туберкулез бактериясы клеткасы қабырғаларының тазартылған ақуызы) мм өлшемімен өлшенетін ісіну реакциясы пайда болады. Дені сау адамда реакцияның болмауы оның инфекциямен байланыста болмағандығын білдіреді; ал
ауру адамда реакцияның болмауы оның туберкулез микобактериясына қарсы иммундық жауабының бұзылуын көрсетеді (оған келесі тексерілуден өту қажет). Манту реакциясы кішкентай ісіктің 5 мм өлшемінде оң деп есептелінеді. Туберкулезбен ауырмайтын адамдардың сынамасы (проба) тәрізді (оның ішінде, туберкулезге қарсы екпеден кейін), науқас адамдардікі де оң болуы мүмкін. Нақты нәтиже алу үшін тағы да сынама, рентгенологиялық зерттеулер жүргізеді.
Аурудың өкпеден тыс түріне күмән болғанда, қосымша зерттеу жүргізу қажет.
Туберкулезді емдеудің және сақтық шараларының қандай әдістері бар?
Туберкулезді тек арнайы мамандандырылған туберкулезге қарсы диспансерлерде емдейді. Емделудің амбулаторлық немесе стационарлық түрі аурудың түріне және басқа да факторларға байланысты (оның ішінде емделушінің жағдайына, бацилла бөлінудің бар болуы немесе болмауына, т.б. байланысты). Өкпе туберкулезі алғаш анықталған сәттен бастап барлық науқастарды ауруханаға жатқызады. Емдеу әрқашан да бірнеше әдістермен (бір уақытта туберкулезге қарсы 2-4 препарат (дәрі-дәрмек) қолданылады) және ұзақ уақыт (кем дегенде 6 ай) жүргізіледі. Емделудің сәтті өтуі көбінесе дәрігердің берген нұсқаулықтарын ұқыпты орындауға байланысты. Препараттарды қабылдау мөлшері мен уақытын азайту емделуді тиімсіз етеді және қоздырғыштың тұрақты түрде дамуын қамтамасыз етеді.
Емдеудің басқа түрлері, оның ішінде халық медицинасы мен фитотерапия тек көмекші сипат береді, ешбір жағдайда олардың туберкулезге қарсы препараттардың орнын алмастыра алмайтынын ескерте кету керек.
Туберкулезден сақтану үшін қандай шаралар жүргізу қажет?
Спецификалық емес сақтық шараларының әдістері нақты. Біріншіден, жөтелетін адамдардан аулақ тұрған жөн. Бұл мүмкін болмаған жағдайда (мысалы, туберкулезбен ауыратын науқас сізбен бірге бір үйде тұрып жатса), бөлмені жиі желдетіп және тазалықты жиі жүргізіп отыру қажет. Өзіңізді нашар сезіне бастасаңыз, дереу дәрігерге қаралыңыз; тіпті өзіңізді үнемі жақсы сезініп жүрсеңіз де, жылына бір рет өтуіңіз тиіс флюорографияны естен шығармаңыз. Екіншіден, иммунитетіңізді үнемі көтеріп отыру маңызды: таза ауада жиі демалыңыз, денешынықтырумен айналысыңыз, толыққанды құнарлы тамақтаныңыз.
Біздің елімізде БЦЖ вакцинациясы сәби дүниеге келгеннен соң 3 күнен кейін салынады. Себебі қауіпті туберкулез бактерияларымен байланысқа ерте түсу мүмкіншілігі аса үлкен. Ешбір жағдайда вакцинациядан бас тартпаңыз: баланы туберкулезден қорғаудың басқа сенімді әдісі жоқ. Кейбір жағдайларда 3-12 ай көлемінде туберкулезге қарсы препараттарды профилактикалық қабылдау тағайындалады (әрине, тек туберкулезбен ауыратын науқастармен үнемі байланыста болатындарға және иммунтапшылығы бар адамдарға, оның ішінде ВИЧ-инфекция).
Барлық сақтық және туберкулезді емдеу үшін жүргізілетін шаралар біздің елімізде тегін өткізіледі.