Сақина денсаулыққа пайдалы

Ертеде халқымыз ас адал болуы үшін әйелдің қолында міндетті түрде сақина я жүзік болуы керек деп санаған. Қазақ арасындағы «Сақинаны сәнге салмайды, ол – тазалыққа таразы», «Сақина сәнге жатпас, айқай әнге жатпас» дегендей тіркесті ұғымдар сақинаның тек сәндік қана емес, гигиеналық қызмет те атқаратынын дәлелдейді.

Мұның өзі халықтың сақина соғылатын күміс не алтынның таттануға ұшырамайтынын, судың, тамақтың тез бұзылмауына септігін тигізіп, денсаулыққа жағымды әсер ететінін ертеден-ақ аңғарғанын көрсетсе керек. Күні бүгінге дейін ауылдық жерлерде жас келіншек нәрестесін шомылдырар алдында оған сол үйдің үлкендері (енесі не абысыны) «Қолыңа сақина салып ал, тазалыққа тән болады» деп ескертіп отырады. Олай болса, нәрестені қырқынан шығарғанда оны шомылдыратын суға алтын не күміс сақина немесе білезік салу дәстүрі оларды соған қатыстырып отырған әйелдерге сыйлық ретінде үлестіру үшін ғана емес, осында асыл бұйымдарды қасиетті санаудан, тазалыққа мән беруден де шыққан сияқты.

Бүгінде ел ішінде «сақинасы ұстап отыр», «сау басқа сақина салды» деген тұрақты сөз тіркестері «өзіне-өзі істеді, азап ауру тілеп алды» деген мағынада жұмсалады. Ал «сақинасы сынық» фразалық сөз орамы қыз емес, әйел деген мағынада қолданылады. «Сақинасын сындырған» деген тіркес тұрмысқа шығуға байланысты айтылады.

Жалпы сақина салмаққа қатысты қазақтың жөн-жоралғысы, ырым-тыйымы көп-ақ. Бірақ оның бәрін түгел орындай беру жарамас. Өйткені ата дінімізге қайшылау келетін тұстары болса, әрине, оны басыбүтін тоқтату ләзім. Белгіленген бір шеңберден шығу, көп ағаттықа апарары сөзсіз. Сондықтан, сақина салмақта ниеттің өзі әлгі тазалық мағынасымен астасып жатса, құба-құп болар.

Медициналық тұрғыдағы сақина салудың пайдалары жетерлік. Мәселен, саусаққа тағылған сақина – бүйрек, бауыр, өт, жүрек, жүйкеге тікелей байланысты жүйке нүктелерін дөп басып, бүкіл қан-тамыр жүйелеріне оң әсер етеді екен. Керісінше, сақинаны ұдайы кіші саусағына тағып жүрген адам артесклероз және гипертония кеселдеріне ұшырайды. Осы орайда ғылыми зерттеулерінің нәтижесінен тоқтамды қорытындыға келген М.И.Анисимовтың тұжырымдарын айтуға болады. Тіпті, ол аз десеңіз, бүгінгі медицина (оның ішінде Шығыс медицинасы) сақинаның бәрін де түнде шешіп жатуды, һәм оны жылына 1 (бір) ай кәдімгідей тақпай жүруді қуаттайды, немесе ақыл-кеңес ретінде ұсынады.

Яндекс.Метрика