Жаз маусымының алғашқы күні, яғни 1 маусым — Халықаралық балалар күні. Қазақстанда »Балаларды қорғау күні» деген атпен белгілі.
Балалар күнінің тарихы қандай?
Бұл күннің тарихы Түркия елімен байланысты. Алғаш рет 1920 жылы 13 сәуірде Түркияда балалар күні аталып өтіледі. Одан соң 1925 жылы Швейцарияның Женева қаласында өткен Балалардың денсаулығы мен бейбіт өмір сүруі туралы әлемдік конференцияда атаулы күннің негізі қаланды десе де болады. Неге басқа емес, дәл 1 маусым күнінің таңдалғандығы жайында нақты дерек жоқ. Бір теория бойынша 1925 жылы 1 маусым күні Қытайдың АҚШ-тағы бас консулы Сан-Франциско қаласында »Айдаһар-қайық фестивалін» тойлау үшін жетім балаларды жинаған екен. Және де, жоғарыда айтылған Женевада өткен конференция да 1 маусым күні өтіпті.
Балалар күні алғаш рет 1955 жылдың қазан айында Женевадағы »Балалардың әл-ауқаты Халықаралық Бірлігі» ұйымының ықпалымен дүние жүзі бойынша аталып өтті. 1954 жылы 20 қарашада БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында балалар күнін атап өту бастамасы көтерілді. Бұл бастама Бас Ассамблея қолдауымен БҰҰ-ға мүше елдерге ұсыныс ретінде айтылады. Бес жылдан соң, 20 қараша күні »Балалар құқы жөніндегі декларация» қабылданды. Ал 1989 жылы 20 қарашада »Балалар құқы жөніндегі конвенцияға» қол қойылды.
Қазіргі таңда, әр жылдың бірінші маусымы күні әлем бойынша аталып өтетін балалар күні балалардың құқы, балаларды қорғау, балалардың қатысуымен өтетін мерекелік шаралар, балалардың әл-ауқатын жақсарту сынды тіркесті сөздермен мәндес келеді.
Әлемнің көптеген елдері 1 маусымды Халықаралық Балалар Күні деп атап өтетіндігіне қарамастан, кейбір елдерде басқа күндері аталып өтеді екен. »Халықаралық Балалар күні» Малайзияда қазан айының соңғы сенбісі күні, Оңтүстік Кореяда және Жапонияда 5 мамыр күні, Сингапурда 1 қазан күні, Түркияда 23 сәуір күні тойланады. Біраз елде бастапқы кездегідей қазан айының ішінде тойланады.
Қызық екен ….
Австралияда »Балалар күні» арнайы тіркеуден өткен сауда маркасы саналады.
20 қараша күні McDonald’s-тың ресторандарында аты әлемге әйгілі өнер адамдары мен танымал спортшылар қызмет көрсетеді екен.
Кей ата-аналар балаларын бөтен адамдардың қоқанлоқысы мен күш көрсетуінен қорғағанымен, өздерінің кесірлері мен теріс әрекеттерінен қорғамайды, яғни өз кемшіліктерін білмейді. Басты қауіп — сол. Балалар ата-анасының мейірімімен өседі. Оларды мейірім мен жұмсақтықтан құр қалдырмау керек.