1.Адамның уақыты – оның өмірі. Пенденің мәңгілік Жәннаттағы рахат өмірі де, Тозақ құшағындағы азапты кезеңі де – уақытын қалай өткізендігінің жемісі. Өмір – егін егу аймағы болса, жемісті жинау мекені – Ақырет. Негізгі капиталды пайдасыз нәрсеге жұмсау – қасірет.
Уақытты ақшамен салыстыруға болады. Екеуі де өздеріне қожайындық жасау үшін табандылықты талап етеді және жұмсауда да үнемшілдік маңызды рөл атқарады. Айырмашылығы сол, уақытты ақша секілді сақтай да, жинай да алмайсың, тіпті, көбейте де алмайсың. Кемесіне мініп кеткен уақыт дүниенің бар байлығын берсең де кері қайтпайды. Міне, осы жерден уақыттың қаншалықты маңызды екендігі көрініс тауып отыр. Ал кез келген игілік қадірі білінгенде ғана қызғыштай қорылады.
2.Таң атқан сайын: «Уа, Адам баласы! Мен сенің жаңа күніңмін, Қиямет күні сенің куәгерің боламын, менен қалағаныңша ал, себебі, мен ешқашан қайта келмеймін ғой» дейді екен. Тіпті, бір ғұлама «ең алыс нәрсе – ол жаңа ғана өткен бір сағат» деген болатын. Себебі, ол сағатпен енді кездесе алмайсың. Ибн Масғұд: «Мен ешқашан да жоғалтқан затыма (ақша т.б) өкінген емеспін. Мен тек күн ұясына батқанда, күннің құр босқа өткендігін сезгенде, амалдарыма амал қоса алмағаныма өкінемін», «Не дүниеге, не Ақыретке пайдалы ісі жоқ адамды көргім келмейді» деген. Ал бір ғұламаға: «Қане, отырып біраз шүйіркелесіп әңгіме айта тұрайықшы» делінгенде: «Күнді тоқтата алсаң, тоқтат, мен сенімен сонда ғана шүйіркелесе аламын» деп жауап береді. «Алламен ант етейін, тамақ жеген уақыттарымда ғылыммен айналыса алмағаныма қатты өкінемін. Өйткені, уақыт қашан да қымбат қой». (Фахраддин). «Мен тамақ уақыттарын қысқарту үшін барынша қолымнан келгенді жасаймын. Тіпті, көп шайналатын тамақтан гөрі тез жұтылатынын таңдаймын. Неге десеңіз, шайнауға уақыт кетіп қалады. Содан барып жазуға, оқуға көп уақыт таба аламын». («Әл-имам Әбул-уәфа Али ибн Ақил). Мұның бәрі де – уақыттың қадірін түсінген адамның сөзі мен ісі.
3.Уақыт – Алла Тағаланың Өзі ант еткен жаратылысы: «Асрмен ант етемін» (Алла Тағала уақытпен ант етті. Ибн Касир). Анығында, адам баласы сөзсіз, зиянда, тек иманға келген әрі ізгі амал жасаған және бір-біріне ақиқатты насихат етіп, өсиеттеген әрі бір-біріне сабырды насихат етіп, өсиеттегендерден басқалары» («Аср» сүресі). Ал, Алла ант еткен нәрседе сөзсіз бір маңыздылық бар. Уақыт – иманды үшін сауап жинайтын, теріс бұрылушы үшін бақытсыздық батпағына бата беретін мүмкіндік. Уақытының әрбір сәтін келтірілген «Аср» сүресіндегі төрт амалға: иман келтіру, ізгі амал жасау, өзгелерді шақыру және осы жолда кездескен қиындықтарға сабыр сақтауға арнаған адам – жеңіске жетуші.
4.Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: қартаймай тұрып, жастық шақтың; ауырмай тұрып денсаулықтың; кедейліктен бұрын байлықтың; қысылтаяңнан бұрын бос уақыттың; өлмей тұрып өмірдің» (Хаким). Мұндағы жастық шақ та, бос уақыт та, өмір де уақытқа тәуелді болып тұр. Яғни, сен өз уақытыңды дұрыс жұмсаудың жолын тапсаң, уақытыңның әр секундын аялай білсең жоғарыдағы 5 нәрсенің де қадіріне жете алмақсың.
5.Құл Қиямет күні өмірін қалай өткізгендігіне, білімін неге жұмсағандығына, ақшасын қалай жаратқандығына, тәнін қалай пайдаланғандығына жауап бермейінше орнынан жылжымайды. Сенің, 10, 20 немесе 30 жыл өмір сүргенің емес, қалай өмір сүргенің маңызды. «Қанша?» және «Қалай?» деген сауалды ажырата білу керек. Кейде, сырттан көз жүгіртсең, өмірге ішіп-жеу, демалу, нәпсіні қандыру, ойнау, көңіл көтеру, үй соғып, бала-шаға бағу үшін келгендей көрінеміз. Хайуандардың тіршілігіне көз жүгіртсең де тура осы күйге куә боласың. Бірақ, мына сауалды, адам емес, Алла қояды: «Сонда сендер Біз өздеріңді бостан бос, (ермек етіп) жаратты әрі Бізге қайтарылмаймыз деп ойладыңдар ма?» («Му’минун» сүресі ,115-аят).
6. Уақытқа ұқыпты қарым-қатынас жасау үшін оны қалай және неге жұмсау керектігін жақсы білу керекпіз ғой?!
Сен әр ісіңде уақытқа тәуелдісің. Өміріңді жоспарлағанда күндер мен сағаттарға бағынасың. Ал бұл уақыттың билігі қолында болған Аллаға бойсұну керектігін білдіретін белгі. Жұмсалған уақыттың ең жақсысы – Аллаға бойсұнуға, Аллаға ұмтылуға кеткен уақыт. Қанша жұмсасаң да, ешқашан өкінбейсің, ұтылмайсың. Хасан әл-Басри: «Алланың пендеден теріс бұрылып кеткендігінің белгісі – ол өзіне қатысы жоқ (пайдасыз) нәрселермен айналыса бастайды» деген.
7.Өмірдің бірқалыпты ағысына түсіп алғанымыз соншалықты, жан-жаққа қарайлауға уақыт жоқ. Бара жатқан бағыт та ұмыт қалған, мақсат – көштен қалып кетпеу. «Көппен бірге көреміз» дейтін ұранымыз да бар. Ал енді біріміз «ертең жасаймын» десек, үшіншіміз «өмірді көру керек» дейміз. Осылайша, өлімге кездесіп қалып жатқандар қаншама?! Бүгін имандылыққа қадам жасап үлгермесең, саған екінші мүмкіндік берілмейді. Ал біз адам ретінде өмірдегі басты мақсатымыздан айырылуымыз мүмкін. Мақсат – бізді осыншама игілікке жеткізген, тіпті, бізге жан беріп, ертең оны қайта алатын Жаратушы Иеміздің кім екенін тану және Оның алдындағы міндеттерімізді түсіну, орындау: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етуден басқа нәрсе үшін жаратпадым» («Зәрият» сүресі, 56-аят). Күн көкжиектен көтерілген сәттен-ақ, сен Аллаға құлшылық жасап, өміріңді жақсы жағына өзгерте аласың.
8. «Бір күні екінші күніне ұқсап өтіп жатқан мұсылман ұтылып» жатыр деген екен ғалымдар. Яғни, кешегі күнімізге жаңа білім, жаңа амал қоса алмасақ, бұл біздің бір орында қалып қойғанымызды білдіреді. Әрине, бұл зиянға ұшырау Ал ең үлкен жеңіліс – бүгінгі күннің кешегі күннен нашар өтуі. Ертеңгі күні есебі бар амалы жоқ өмірге барған адамның өкініп тұрып, жалына айтатын сөзі мынау болады екен: «Раббым! Мені артқа қайтар! Мүмкін, кезінде қалдырған ізгі амалдарды істермін» («Му’минун» сүресі, 99-100-аяттар). Расымен де, ол кезде біз үшін ешкім намаз оқымайды, ешбір жан ораза тұтпайды… Ендеше, өзің үшін тырыс!