Сәби жарық дүниеге келгеннен соң оның қорегі анасының омырауынан шыққан ана сүті болады. Тойып емген сәби мен сәбиін емізуі оңай болған ана — сәтті емізудің көрінісі. Сүтті ему мен сәбиді емізу әрқашан оңай іске аса бермейді. Қиындықтар туып, жаңадан босанған әйелдердің қиыналып қалатындары бар. Емшек ұшына жара шығу, бала емізгенде жайсыз сезіну, сүттің тиісті мөлшерде шықпай қалуы немесе, керсінше, сүттің сәбиге қажетті мөлшерден көп бөлінуі…. тағысын тағылар. Міне, осылардың барлығы нәрестені емізу барысында туындайтын қиындықтар деп саналады. Осы мақалада сәбиді емізу кезінде жиі кездесетін қиындықтар туралы айтылмақ.
Емшек ұшындағы ауырсынулар
Сәбиін емізгенде сәбиінің еріндерін тек емшек ұшына ғана тигізетін әйелдерде қиындық пайда болуы мүмкін. Мұндайды болдырмас үшін емшек еметін сәбидің еріндері анасының емшегінің ареоласын (емшек ұшының айналасындағы дөңгелек аймақ) да жабу керек.
Емшек ұшына салмақ түсінмей емізу үшін емшектің ұшын сәбидің аузына апарып тигізіңіз. Бұлай жасау арқылы оның бойында емшекті іздеу рефлексін тудырасыз. Кейін анасын емер кезде сәбидің өзі емшекті іздеп тұрады, аузын оңай ашады. Емшек ұшына салмақ түсінмей емізудің тағы бір әдісі: сәбиге кішкентай кезінен бастап «Аузыңды аша ғой, балапаным» деп айтыңыз немесе «Аааа» дейміз» деп өзіңіз аузыңызды ашып көрсетіңіз. Уақыт өте келе сәбиіңіз сіздің әрекетіңізді қайталап үйренеді. Емізер сәтте аузын ашқан сәбиге емшекті сорғызу қиындық тудырмайды.
Сәби соруын сорды. Ендігі мәселе сәби тойғаннан кейін оны емшектен ажырату болмақ. Сәбилер тойғанын білмей сора берулері мүмкін.
Емшек ұшында пайда болатын ауырсынулар мен жаралар баланы емшектен ұқыпсыз алған кезде пайда болып жатады. Олай болмас үшін сәбиді ешқашан емшектен жұлып алғандай бірден ажыратпаңыз. Еміп жатқан кезде кішкентай саусағыңыздың бірімен езуіне жаймен басыңыз. Сол кезде ол еріндерін емшектен ажыратады.
Сәбиіңізді емізгенде бірнеше қалыпты (поза) таңдаңыз. Егер үнемі бір қалыпта емізетін болсаңыз, емшек ұшы тез жараланады.
Емшек ұшына күтім жасау үшін емшектен аздап сүт сығып алып, ұшына жағыңыз. Күтім жасаумақсатында арнайы кремдер мен майларды пайдалануға болады. Мысалы, құрамында ланолині бар майлар (мазь).
Кеңес: сәби туығаннан соң алғашқы уақыттарда емшекпен емізу емшек ұшына ауырсынулар тудырады. Бұл аса қауіпті жағдай емес. Мұндай уақытта қатты қиналмас үшін жүктіліктің соңғы апталарында емшек ұшын сүлгімен аздап мыжғылап қоюға болады.
Сүттің аз болуы
Емшектегі сүттің аз немесе көп болуы емшектің үлкен-кішілігіне тәуелді емес. Босанғаннан соң емшектен аз сүт шықса, ол үлкен қауіпті жағдайдың белгісін білдірмейді. Шығатын сүттің мөлшері қалыпты болса, сәбидің тоятыны анық. Бірақ көп сүтті қажет етпейтін де сәбилер болады.
Дүние есігін жаңадан ашқан сәби өмірінің алғашқы аптасында туылғандағы салмағының 6-8 пайызын жоғалтады. Оныншы күні қалыпқа келе бастайды. Мұндайды білмеген аналар «Сәбиім сүт аз болғандықтан салмақ жоғалтты» деп ойлап қалады.
Сәбидің өмірінің алғашқы айында сүтке тойғандығын күн сайын қанша рет жаялығын сулайтындығынан (кіші дәрет) көруге болады. Бір күнде 4-6 рет жаялық ауыстырсаңыз, сәбиіңіз сүтке тойып жүр деуге болады. Осы кезеңде күн сайын 3-4 рет үлкен дәретке отырады.
Сүттің аздығын сәбидің тиісті мөлшерде зәр мен нәжіс бөлмеуінен, емшекте ұзақ уақыт «жабысып» қалуынан, тынышсызданып, мазасы кетуінен, салмағының тұрақты түрде артпауынан да білуге болады.
Сәби еметін сүттің аз болуына емізу кезіндегі қалып пен сәбидің ему әрекеті де өз әсерін тигізеді. Бұлардан басқа, сүт безінде сүттің өндірілу мөлшері де маңызды фактор болып саналады. Босанғаннан кейінгі 3-4 күнде емшекте сүт бездері сүт түзу (өндіру) процесінде болады. Осы уақытта сәбиді жиі емізіп тұру керек. Өйткені бұл әрекет сүт бездерінің сүтті жылдам өндірулеріне себеп болады. Сүтке деген сұраныс жиі түсіп тұрса, сүт бездерінің беретін сүті де көбее түседі.
Сүттің көп болуы
Сүттің аз болуы ғана сәби емізу барысында қиындық тудырмайды. Сонымен қатар, сүт өте көп мөлшерде бөліген жағдайда да біршама қиындық туындайды. Сүттің көп болуы анасына да сәбиіне де ыңғайсыздық тудыруы мүмкін: емшектерді созылуға итермелейтін қысым пайда болады, емшек еметін сәби сүттің көптігінен жиі шашалып қалады.
Ескеретін жайт: емшектегі сүттің көптігінен сәби барлық сүтті еміп тауыса алмайды. Ал ең қуатты, қорегі мол сүт емшек емудің соңына қарай шығады. Алайда, сүттің көп болуынан ол сүт шыққанша сәби құнарлылығы төмен сүтке тойып қалады. Осындай жағдайдан соң сәбидің нәжісі жасылдау түсті болады.
Кеңес: сүт көп бөлінгенде артық сүтті сауып (қолмен шығару) тастамаңыз, шыдаңыз. Өйткені сүт сыртқа неғұрлым көп шықша, сүт бездерінен соғұрлым көп сүт бөліне береді. Сүт бездерінен өнім көп бөлінген жағдайда сәбиіңізді 3-4 сағат аралығында бір емшегіңізбен емізіңіз, келесі 3-4 сағатта келесі емшегіңізбен емізіңіз. Осылай еткенде ғана сүт түзілу процесі реттеледі, сәбиіңіз құнарлы сүтпен қоректенеді.
Егер сүттің көп мөлшерде өндірілуі ұзақ уақытқа созылса, дәрігерге қаралыңыз.
Сүттің жиналып қалуы
Сүттің бір орынға жиналып (тоқтап) қалуы емшек ареоласының сүттен толықтай босамауынан болады. Сүт жиналып қалған кезде емшектің ареоласы тұсында қызарған және қатты орындар пайда болады. Олар ауырсыну мен қысымға сезімтал болып келеді. Сүт жиналып қалғанда әйелдің дене қызуының аздап көтерілуі мүмкін.
Сүттің жиналып қалуының негізгі себептері — тым тар, қысып тұратын емшекқап (лифчик), балаларды салып, асылып жүруге арналған дорба (слинг), емізу ритмінің өзгеруі немесе стресс.
Сүт жиналып қалған жағдайда:
- сәбиіңізді емізуді ары қарай жалғастыра беріңіз;
- емізерден бес минут алдын жылы сумен ылғалданған матаны емшегіңізге ораңыз;
- алдымен сүт жиналудан көбірек ауырсынған емшегіңізбен емізіңіз;
- кішкентайыңыздың төменгі жақ сүйегі пайда болған қатты орындарға қарай бағытталсын;
- емізіп болғаннан кейін емшегіңізді салқындату үшін салқын компресс жасауыңызға болады.
Сүт жиналып қалғанда ертерек әрекет етіңіз. Осындай жағдайда пайда болатын ауырсыну 3 күнге дейін қайтпайды. Асқынып кетсе, дәрігерге қаралыңыз. Ол не болғанын, не істеу керек екенін айтады. Егер сүттің жиналуын уақытылы емдемей, асқындырып алсаңыз, соңы маститке немесе іріңді жараға айналуы мүмкін.
Мастит — сүт безінің қабынуы
Сүттің жиналып қалуы уақытылы емделмегенде, емшек ұшындағы жаралардың салдарынан емшекке зиянды бактериялар түскен кезде емшектің қабынуы орын алады. Бұл ауруды ғылыми тілде «Мастит» деп атайды. Мастит пайда болғанда емшекте қызыл және қызуы жоғары дақтар шыға келеді. Мұндайда әйелдің бойынан тұмау кезіндегідей ауру белгілерін байқауға болады: әйел тоңып қалтырайды, дене қызуы жоғарлайды (>38,5°C), өте аурушаң сезінеді.
Мастит кезінде де, сүт жиналып қалғандағыдай, сәбиді емізу ары қарай жалғасады, емізер алдын емшек жылы суға малынған матамен оралып, емізіп болған соң оған салқын компресс жасалады.
Емшек қабынып ауырған кезде төсекте жатып күтініңіз. Дене қызуыңыз 38°C-ден түспесе, бір тәуліктің ішінде оңала қоймасаңыз, дәрігерге барыңыз. Ол емшекті ультра-дыбыстық тексеруден өткізіп, қажетті дәрі-дәрмек жазып беру керек. Дәрі қабылдағаннан кейін де ауру бірнеше күнге созылады.
Мастит ауруы туралы толығырақ