ҚР Статистикалық агенттігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда 2010 жылы елімізде 144 357 отбасы заңды түрде үйленсе, оның 40 982-ң некесі бұзылған. Бұл әрбір тіркелген төртінші некенің соңы ажырасумен аяқталады деген сөз. Әсіресе, менталитеті батыстанып бара жатқан Солтүстік өңірлерде әрбір үшінші неке бұзылса, оңтүстіктегі ахуал да оңып тұрған жоқ. Ондағы әрбір алтыншы некеге тұрғандар айырылысып тынады екен. Әрбірінің себептері бар. Бірі – тұрмыстық жағдайды алға тартса, енді бірі мінездерінің сәйкес келмейтіндіктерін айтқан. Не десек те, ажырасудың аты – ажырасу. Одан қоғамға да, адамға да келіп жатқан пайда шамалы. Басқасын айтпағанда, екі ортада шырылдап бала қалады. Оған ата-анасының екі жаққа бөлініп кеткендігі оңайға тимесі анық. Ажырасу баланың психикасына салмақ салады.Әр бала мінезіне сай екі жаққа бөлінуін түрліше қабылдауы мүмкін. Кейбірі қасақана теріс жолға түседі, қылмысқа ұрынуы да ғажап емес. Бұл балаңыздың «кек алудағы» бір тәсілі десек те болар. Керісінше, сирек болса да күнделікті кикілжің мен ұрыс-керістен шаршағандықтан бұл амалдың дұрыстығын құптайтын балалар да табылады. Ол, айтып өткеніміздей, баланың мінезі мен айналада болып жатқан өзгерістерді қабылдауына байланысты.
Сүйеушісі, асыраушысы болған ерінің тастап кетуі де әйелге психологиялық тұрғыдан оңайға тимейді. Күйеуіне деген реніші әке мен баланың ортасын ажыратуға итермелейді. Өйткені, «бірге тұрғанда әке болып жарытпаған ол кейін де балаға дұрыс тәрбие беріп қырқ қылмасы анық» деп есептейді. Сөйтіп, өзіндік тәкаппарлық пен жалған намыс отбасын ойрандап қана қоймайды, ұл-қызының ішкі дүниесімен есептесуге мүмкіндік бермейді. Бірақ, қандай жағдай болмасын (мейлі, ішкіш болсын, мейлі, тасжүрек болсын) әкенің аты – ӘКЕ, ананың аты – АНА. Әке де, шеше де өз еркімен бас тартпаған жағдайда балаларымен кездесіп тұруға заң жүзінде рұқсат берілген.
Отбасылық ахуал тұйыққа тіреліп, ажырасудан басқа амал қалмаған жағдайда ортада бала болса, мынаны жадыңыздан шығармаңыз:
- «Ол әлі кішкентай, түсіне бермейді» демеңіз. Ересек адамдарша сөйлесіп, мән-жайды ұғындырыңыз. Ата-анасын бірдей жақсы көретіндіктен оған таңдау қиынға түседі.
- Бүлдіршін ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрыс-керістің куәгері болған жағдайда оның көзінше ауыр сөздер айтпаңыздар! Бір-біріңізді жазғырып, кінәламаңыздар! Сіз үшін екінші жартыңыз болған адам жер бетіндегі ең оңбаған болып көрінгенімен бала үшін одан артық адам жоқ. Сондықтан, сүйікті адамы туралы жағымсыз пікірлерді естіртудің қажеті шамалы.
- Ажырасқаннан кейін әкесінің немесе шешесінің заттарын лақтырып, өртеп, көзін құртуға тырыспаңыз. Керісінше, бірге түскен суреттерін қабырғаға іліп қойыңыз. Одан сіздің алыстамағаныңызды, керісінше қай уақытта да қасында болатыныңызға сенімді болады.
- Кеткен әкесінің немесе шешесінің кішкентай баласын өте қатты жақсы көретіндігін жиі-жиі еске салып отырыңыз.
Ең соңында айтарымыз, ажырасуға дейін бармай-ақ қойыңыздар. Осындай ауыр сатыдан өтуге тура келетін балаңыз үшін қаншама ауыр болса да екінші жартыңызды кешіре біліңіз. Өзіңіз де көп кешікпей-ақ, асыққан шайтанның ісі екендігіне көз жеткізесіз.