Баланың өтірігінің алдын алуға бола ма?

Мақаланың басы: Бала неге өтірік айтады?

Баланың өтірігінің алдын алуға бола ма?

Отбасында өтірік айтудың қажеті жоқ жағдайларды қалыптастырыңыз. Егер бала ата-анасына өзінің құпияларын сеніп айта алатынын білсе, оның әрекеттері талқыланып, дұрыс деп қарастырылса, ал жазалану тәрбиелеу әдісі ретінде қолданылмаса, онда өтірік айтудың себебі ешқашан туындамауы мүмкін.

Өтірігінің бетін ашып, жазаламас бұрын ең алдымен балаңызды өтірік айтуға қандай себеп итермелегенін анықтап алыңыз. Бала жасаған әрекеті өзін жаман адам етіп көрсететінін сезінбеуі керек. Жаман әрекет болады, бірақ жаман адам болмайды!

children-and-lying, Баланың өтірік айтуы

Ешқашан «жақсы көремін – жақсы көрмеймін» деген сөздерді әдейі қолдануға болмайды.

«Кет ары, мен сені осындай қылығың үшін жақсы көрмеймін!». Әрине, келесі жолы балаңыз өзін сіздің алдыңызда жақсы көрсету үшін одан ары өтірікті әсірелеп айтатын болады.

Кей балалар өтірікті өзін мақтау үшін айтады: «Мен жақсымын». Күнделігін жоғалтқан оқушы ата-анасының, мұғалімінің қаһарынан ғана емес, сонымен бірге, ештеңеге жарамсыздығынан қорқады. «Мен сенің жасыңда үздік оқушы болғанмын!» — деп айқайлайды әкесі. Ал бала өзінің кінәсін сезінеді. Бұл жағдайда өтірік психологиялық қорғаныш қызметін атқарады.

Көптеген балалар сәтсіздік алдындағы үрейден өтірікті көп айтады. Балаңызға өзіңіздің қиындықтар мен сәтсіздіктерді қалай жеңетіндігіңіз туралы айтып беріңіз, ол да сізден үлгі алып үйренсін. Өзінің қателіктерін мойындау және оны түзетудің жақсы әрекет екендігін балаңызға ұғындырыңыз.

Балаңыздың өтірік айтқанын қаламайсыз ба? Онда өзіңіз де өтірік айтпаңыз! Әр сөзіңізге, әрекетіңізге абай болыңыз!

Егер ата-аналар балаларын адалдыққа үйретеміз десе:

  • Айтқан сөзінде тұру керек. Қандай да бір жағдайда уәдеңізді орындай алмасаңыз, балаңызға не себепті орындай алмағаныңызды түсіндіріп, кешірім сұраңыз.
  • Егер балаңызға өзіңіз өтірік айтып қойған болсаңыз, мойындап, не себепті өтірік айтқаныңызды түсіндіріңіз.
  • Бала шындығын айтқанда қолпаштап отырыңыз, әсіресе айтуына қиын болған сәттерде.
  • Балаңызға көп талап қоймаңыз және одан қабілетінен тыс көп нәрселерді күтпеңіз. Есіңізде сақтаңыз: талап көп және қатаң болған сайын, бала жазаланудан қашу үшін өтірікті қорғану әдісі ретінде көп қолданады.
  • Өтірік айтса да балаңызды жақсы көретініңізді, оның жаман бала еместігін үнемі жиі айтып отырыңыз.

Егер балаңыздың сізге өтірік айтқанын біліп қойсаңыз, бірден айқай-шу шығарып, ұрыспаңыз. Мұндай жағдайда сабырлылық танытып, дауысыңызды көтермей, жай сөйлеп, балаңызбен оңаша ересектерше әңгімелесіңіз. Егер бірден айқайға бассаңыз, онда ол сіздің қаһарыңыздан өзін қорғау үшін одан ары өтірік айтуын жалғастыра береді. Өтірік айтқанын біліп тұрсаңыз, сенген кейіп танытпаңыз, керісінше, балаңыздың ойдан шығарып жатқанын сол мезетте айтыңыз.

Баланың қиялы өтірік болып есептелмейді. Өйткені олар өмірге келгенде ақ парақтай таза, пәк күйінде туылады. Ал ақ парақ бетіне дақтың, шимайдың не әріптің қисық жазылуы сізге байланысты. Егер сіз балаңыздың өзінің игілігі үшін (пайдакүнемдік мақсатпен) өтірікті қолдана бастағанын байқасаңыз, ойлануыңыз қажет, яғни бұл балаңызбен арадағы қатынаста бір олқылықтар бар екендігін көрсетеді.

Жағдайды талдаңыз, өтіріктің туылу себебін анықтауға тырысыңыз. Бекерден-бекер бала сізге өтірік айтпайды, мұндай әрекетке баруға оны жан-жағында болып жатқан жағдай итермелейді. Ата-анасы балаға түсіністікпен қараса, бұл оң нәтиже берері сөзсіз.

Өтірікті түбімен жою, құрту мүмкін емес. Тек жай ғана балаға «жақсы деген немене, жаман деген немене» екенін түсіндіру қажет. Мұндай жағдайда ата-ананың өз өмірінен келтірген мысалдары маңызды. Сондықтан, біреу хабарласқанда телефоннан балаға «мамам үйде жоқ» деп айта салшы демес бұрын, соңы қалай болатынын ойлаңыз.

Бұл тақырыпта балаңызбен жиі әңгімелесіңіз. Өзіңіз туралы, ата-анаңыз туралы қызықты әңгімелерді көп айтып беріңіз, арасында сұрақтар қойып отырыңыз. Ұқсас жағдайларда қандай әрекет жасайтыны баланың берген жауабынан аңғарылады. Сонымен қоса, балаңызға «сыпайы өтірікті» айтатын кезді де түсіндіріңіз. Мысалы, сіздің балаңызға біреу сыйлық сыйлады. Оған сыйлық ұнамай қалды да ол: «мен мұндай ойыншықты ұнатпаймын» деп, сыйлық берген адамның көңіліне тиюі мүмкін. Мұндай жағдайда рақмет айту керектігін түсіндіріп беріңіз.

Не істеу керек?

Өтіріктің себебін түсініп, оны талдау қажет. Мәселені шешу үшін жағдайды қалай өзгертуге болатынын және өзіңіздің бойыңызда нені өзгерту керектігін ойлаңыз.
фото: goodenoughmother.com

Ұқсас мақалалар

Бала тәрбиесі жатырда басталады

Тсс! Жаман сөз айтпа…

Балаңыз өтірік айта бастаса…

Балаңыздың алдында айтылмайтын әңгімелер

Баланы неге ұруға болмайды?

ХХI ғасырдағы бала тәрбиесі

Яндекс.Метрика